Әмбебап жекпе-жектен әлем жүлдегері
Әмбебап жекпе-жек дегенді естуіңіз бар ма? Бұл спорттың аты таныс болғанымен «онымен айналысып жүрген кім?» деуіңіз мүмкін. Төретам кентінде осы спорт түрінен әлем чемпионы атанған жас спортшы бар. Ол – Әліби Қыдырбекұлы. Кейіпкерімізбен әңгімелеспес бұрын әкесі Қыдырбек ағамыздан бірауыз баласы жайында сұраған едік.
– Өзім спортқа жақын өскесін ұлымның да спортта шыныққанын қаладым. Сөйтіп 4 сыныпта оқып жүргенде №83 мектепте ашылған кикбокс үйірмесіне бердім. Әрі қарай өзінің алғырлығымен көріне бастады. Кейін Байқоңыр қаласында өткен жарыста Олжас Әкімов деген облыс деңейіндегі жаттықтырушы ұлымның жекпе-жегін көріп, өзіне шәкірт болуға шақырды. Содан кейін Әліби сол кісінің қолында жаттықты, – дейді ағамыз.
Байқоңыр қаласында өткен біріншілікте кейіпкеріміз чемпион атанып, жасөспірімдер арасында Тараз қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады. Ол жақтан да үшінші орынға ие болады. Кейін кикбокстан әмбебап жекпе-жегіне ауысып, әлем елдерінде бақ сынайды.
– Жарысқа алғаш қатысқанымда қорқыныш болды. Жан-жақтан спортшылар келгеннен кейін олар әртүрлі психологиялық шабуылдар көрсетіп жатты. Бірақ жаттықтырушым Олжас ағайдың қолдауының арқасында қорқынышымды жеңетінмін. Ол кісі сондай қатал, шәкірттерін қатты ұстайды. Темірдей тәртіпті талап ететін. Талабын бірден орындамасаң жазаланасың. Сосын ол кісінің бір ерекшелігі, сенің жеңген, жеңілгенің оны қатты қызықтырмайтын. Тек жекпе-жекте орындаған әдістәсіліңді бағалайтын. Кейде мен жеңіп тұрсам да ол кісінің көңілінен шықпай қалатынмын. Ал жеңіліп қалсам кері сінше қолдау көрсетіп «жарайсың, сен ең бастысы өнер көрсете білдің» деп ризашылығын білдіріп, арқамнан қағатын. Міне осындай тәртіптің арқасында жақсы жетістіктерге жеттім, – дейді жас спортшы.
Әліби Қыдырбекұлы кикбокстан Қазақстан чемпионатының екі дүркін чемпионы атанса, осы спорттан әлем кубогінің күміс жүлдесіне ие болады. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Австрия, Венгрия елдерінде өнер көрсеткен. Әмбебап жекпе-жектен әуесқойлар арасында екі дүркін Азия чемпионы болса, әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.
Кейіпкеріміз үш жылдан бері облыс тағы №6 балалар спорт мек тебінде Муай тай спорт түрінен жаттықтырушы. Бүгінде қарамағында 41 оқушы тәлім алуда. Шәкірттерінің алды жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатының күміс, қола жүлдегері. Ол болашақта әлем елдерінде өтетін жарыстарға қатысуға ниетті.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ