ҰШҚЫШСЫЗ ҰШАТЫН АППАРАТ ӨНДІРІСІНЕ КӨМЕК КЕРЕК - СЕНАТОР
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін сенатор Төлеубек Мұқашев ұшқышсыз ұшатын аппараттар өндірісін қолға алу керектігін айтып, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.
«Биылғы 15 сәуірде Минск қаласында ҚР Парламенті Сенаты мен Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Республика Кеңесі арасында инновациялық саладағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кіші комиссияның алғашқы отырысы өтті. Екі жақты кіші комиссияның отырысында Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының өзекті мәселелері талқыланды. Осындай сауалдардың бірі біздің мемлекеттік органдар тарапынан толық пысықтауды қажеті ететін Қазақстандағы ұшқышсыз ұшатын аппараттарды бірлесе отырып өндіру туралы мәселе көтерілді. Атап айтқанда, екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы «Жол картасына» қарамастан, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ базасында ұшқышсыз ұшатын аппараттарды сатып алу және оларды өндіруді ұйымдастыру мәселесі бір жарым жыл бойы шешімін тапқан жоқ», - деді Мұқашев Сенат отырысында.Депутаттың айтуынша, одан басқа, Беларусь әріптестеріміздің ақпараты бойынша осы мәселеге қызығушылықты кезекпен Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Қарағанды облысының әкімдігі білдіріп отыр.
«Мұндай жағдай мәселенің шешілуін қиындатады. Біздің тарапымыздан аталған мәселе бойынша бірыңғай пікірдің болмауы және бейқамдық орын алып отыр. Осы жобаны іске асырудың болашаққа бағыттылығын және басымдығын, сондай-ақ Беларусь тарапының ынтымақтастыққа әзірліктерін ескере отырып, орын алған жағдайдың басын ашып, қажет болғанда жобаны іске асыруда тиісті көмек көрсетуді сұраймыз», - деп түйіндеді Төлеубек Мұқашев.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөз
BAQ.KZ