» » Стратегиялық серіктестікке соны серпін

Стратегиялық серіктестікке соны серпін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Ресей Федерациясына сапармен барды. Бұл – Қ.Тоқаевтың Қазақстан Президенті лауазымына кіріскеннен кейінгі шетелге алғашқы сапары.
Елбасының рөлі ерекше аталды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Прези­денті лауазымына кірісуіне байланысты құт­тықтағаны және жылы лебіз білдіргені үшін Владимир Путинге ризашылық білдіріп, өзінің алғашқы шетелдік сапарының Ресей Федерациясына жасалуының символдық мәнін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің қазіргі ықпалдастығы көпшілік үшін қарым-қатынас жасаудың жарқын үлгісі болып саналатынын айтты.
– Мемлекет басшысы ретінде мен Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының са­бақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты әрі белсенді дамыту ісін жалғастыра беретін боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті екі елдің эконо­микалық ынтымақтастығына, әсіресе энергетика, көлік, транзит, өнеркәсіп және ғарыш салалары мәселелеріне арнайы тоқталды.
– Ресей Қазақстанның сыртқы саудасындағы «нөмірі бірінші» әріптесі болып қала береді. Қазақстанның сауда айналымындағы оның мен­­шікті үлесі 19 процент. Инвестициялық ын­тымақтастық дәйекті дамуда. Елімізде Ресей капиталы қатысатын 9 мыңнан астам кәсіпорын өз жұмыстарын табысты атқаруда, – деді Мемлекет басшысы.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде Ресейге алғашқы сапарының символдық мәнін атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстардың жоғары деңгейде екенін айтты.
– Қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұған көп еңбек сіңірдіңіз, әрине Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Біздің жай әріптес қана емес, халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты байланыстар бойынша да жақын одақтас екеніміз сөзсіз.
Қарым-қатынасымыз өте тиімді дамуда. Нақты әрі айқын нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Бұл халықтарымыздың тыныс-тіршілігінен көрініс тауып отыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақтастық байланыстарымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Владимир Путин.
Кездесу барысында мемлекет басшылары мәдени-гуманитарлық саладағы мем­лекетаралық өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Байланыстар беки түседі
Журналистердің алдында сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде Ресей Федерациясына жасаған алғашқы са­парының маңызына тоқталып, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын атап өтті.
– Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путинге Мәскеуге ресми сапармен келуге шақырғаны үшін, сондай-ақ біздің ресейлік достарымызға жылы қонақжайлылығы мен қуанышты қабылдауы үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Сапар одақтастықты одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Ресей халықтарының достық байланыстарын нығайтуға өзара ұмтылысты бейнелейді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысының өкілеттігін доғару шешімі туралы айтып берді және ол саяси даналықтың, Қазақстанның болашағы үшін жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып табылатынын ерекше атап өтті.
– Еліміз үшін бұл тарихи қадам бүкіл әлемдік қауымдастықта үлкен құрметке ие болды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл Қазақстан халқының кең танымы мен қолдауына ие. Ол Елбасы мәртебесінде Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы және Nur Otan партиясының төрағасы лауазымында өзінің көп қырлы қызметін жал­ғастыратын болады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ оның Президент ретіндегі қызметі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының «алтын дәуірінде» бастал­ғанын атап өтіп, Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің жан-жақты диалогын нығайту және бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың сабақтастығын қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық бағытты жалғастыруға нақты ниет білдірді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, автомобиль және темір жол, машина жасау саласында 100-ге жуық бірлескен жобаны іске асыратын ресейлік капиталдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етіп жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті Ресей тарапымен келіссөздердің мәні болған екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне жеке тоқталды.
– Осы бағыттағы жұмысқа бүгін тараптар қол қойған Қазақстан-Ресей өндірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы жаңа серпін береді. Оны жүзеге асыру тракторлар, автобустар, автомобильдер мен басқа да көлік құралдарының өндірісін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ елімізде қосымша жұмыс орындарын ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев географиялық орналасу ерекшеліктерін айта келіп, екі елдің көліктік-транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланылуға тиіс маңызды бәсекелі артықшылық ретінде атап өтті.
Мұнан басқа, Мемлекет басшысы отын-энергетикалық сектордағы өзара іс-қимыл перспективаларына және екі елдің әскери-техникалық және ғарыш салаларындағы ынтымақтастығы, сондай-ақ Байқоңыр қаласын газдандыру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Қазақстан мен Ресейдің туристік саладағы ынтымақтастығы туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев осы саладағы өсудің үлкен әлеуетіне және туристік, көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту, сондай-ақ қазақстандық және ресейлік курорттарды танымал ету қажеттігіне тоқталды.
Қазақстан Президенті сондай-ақ қатысу­шылардың назарын екіжақты мәдени-гумани­тарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне аударды.
– Келіссөздер барысында Қазақстанда қолданбалы ғылымның бірлескен оқу орнын ашу мәселесі талқыланды, қазақстандық әртістерді Санкт-Петербург Музыка үйінде оқыту және Қазақстанның Ұлттық мұражайында Эрмитаж күндерін өткізу мүмкіндігі қарастырылды, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өткен келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанатынын және қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Ресейдің достыққа, сенімге, тату көршілік пен одақтастыққа негізделген ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Ресей Президенті Владимир Путин өзінің алғашқы шетелдік сапарын Ресей Федерациясына жасағаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

– Келіссөздер қазіргі Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірлескен жемісті жұмыс істеген жылдар ішінде қалыптасқан дәстүрлерге сәйкес толық сындарлы және іскерлік жағдайда өткенін атап өткім келеді, – деді Владимир Путин.
Ресей Президенті қабылданған бірлескен мәлімдемеде жан-жақты қамтитын Ресей-Қазақстан стратегиялық әріптестігін нығайтуға екіжақты көңіл бөлінгенін, сондай-ақ оны одан әрі дамыту бойынша маңызды және жауапты міндеттер қойылғанын атап өтті.
Айта кетейік, сапар қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бірлескен мәлімдемесі.
2. Ресей-Қазақстан өндірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау жөніндегі келісім.
4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы Кәсіпорындардың ғылыми-техникалық кооперациясы саласындағы екіжақты ынтымақтастық жоспары.

Президенттердің
бірлескен мәлімдемесі
Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қ.Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті В.Путин бірлескен мәлімдеме жасады.
Ашық, достық және сындарлы жағдайда өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастардың негізгі мәселелерін, Еуразиялық эконо­микалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі ынтымақтастықты, сон­дай-ақ өзара мүдделі өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларды мұқият талқылады.
Екі елдің саяси, сауда-экономикалық, қорғаныс және әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастығының тұрақты оң динамикасын қанағаттанушылықпен атап өтіп, 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартта, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияда және де 2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық шартында негізі қаланған принциптер мен міндеттемелерге бұлжымас бейілділігін растай отырып, Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті төмендегi туралы мәлімдейді:
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өзара сенім, стра­тегиялық серіктестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде теңқұқылы және егемен мемлекеттер ретінде одақ­тастық қатынастарды және инте­грациялық өзара ықпалдастықты дамыта отырып, бұл ретте мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, теңқұқылық және ішкі істерге араласпау, күш немесе күш қаупін қолданбау, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, шекара мызғымастығы, дауларды бейбіт жолмен шешу, халықаралық міндеттемелерді адал орындау, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау принциптерін басшылыққа алады.
Қазақстан-Ресей қатынастары біз­дің елдеріміз халықтарының терең тарихи және рухани байланыстарына негізделген. Олар екі мемлекеттің ұлттық мүдделеріне сай келеді, олардың азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру, тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму, инновациялық технологияларды кеңінен енгізу базасындағы ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, еңбек ресурстарын ұтымды пайдалану, адам әлеуетін мейлінше толық ашу міндеттерін шешуге жәрдемдеседі. Бұл Қазақстан мен Ресейге жаһандану жағдайында өз ұстанымдарын барынша күшейтуге, Еуразия кеңістігінде және бүкіл әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға жәрдемдесуге мүмкіндік береді.
Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамуы үшін нысаналы және ашық саяси диалогтың маңыздылығын мойындай отырып, президенттер жоғары, биік және басқа да деңгейлердегі сенімгерлік және сындарлы байланыстарды одан әрі кеңейтуді жақтайды.
Екі елдің өңіраралық және трансшекаралық ынтымақтастығының әлеуетін бағалай отырып, президенттер Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымдары мен Ресей Федерациясының субъектілері арасындағы көпқырлы экономикалық және гуманитарлық қатынастарды кеңейтуді, мүдделі шаруашылық жүр­гізуші субъектілердің тікелей байланыстарын дамыту мен нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауды жақтады.
Мемлекет басшыларының қаты­суымен өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынты­мақ­тастық жөніндегі жыл сайынғы форумдар және олардың екі елдің іскер топтарымен кездесулері екіжақты өзара ықпалдастықты жандандырудың пәрменді тетігі ретінде танылды. Кезекті XVI форумды 2019 жылдың соңында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан-Ресей өзара ықпал­дастығын нығайтуға биліктің заң шы­ғарушы және атқарушы орган­дарының арасындағы жүйе бойынша тұрақты іскерлік байланыстар жәрдемдеседі.
Тараптар «Байқоңыр» кешені жө­ніндегі Қазақстан-Ресей үкімета­ралық комиссиясының шеңберіндегі, соның ішінде «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салудың бірлескен жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастығын жалғастырады.
Тараптар ЕАЭО әлеуетін тиімді пайдалануға қол жеткізуге ұмтылысты сипаттайтын ынтымақтастықтың қа­­рышты дамуын атап өтеді, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі ережелері мен қағидаттарын іске асыру маңыздылығын растайды.
Біздің елдеріміз, бірлескен білім беру және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды қоса алғанда, білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуды көтермелеуге, ғылыми және педагог кадрлар даярлау саласында қолайлы жағдайлар жасауға, оқытушылар мен студенттермен алмасуды қарқынды түрде арттыруға ниетті.
Әрбір Тарап өз аумағында тұратын басқа Тараптың халықтарының этностық, тілдік, мәдени және діни ерекшеліктерін сақтау және дамыту үшін тығыз ынтымақтастықты нығайту, Тараптардың заңнамасына сәйкес олардың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді қатысуына жағдайлар жасау ниеттерін растады.
Қазақстан мен Ресей Тараптардың бірі мүше болып табылатын халықаралық ұйымдарға және режімдерге қатысу немесе қосылуға бір-біріне қолдау көрсете отырып, бейбітшілікті, халықаралық тұрақтылық пен өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісінде өзара іс-қимыл жасасады, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да ұйымдар мен институттар алаңдарында үйлесімді жұмыс атқарады.
Нұр-Сұлтан мен Мәскеу терроризм мен экстремизмге, діни төзбеушіліктің, ксенофобияның, ұлтшылдықтың және нео­нацизмнің зорлық көріністеріне, тран­с­шекаралық ұйымдасқан қылмысқа, қа­ру­-жарақ, есірткі және олардың пре­кур­сорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ басқа да жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес мәселелерінде ортақ ұстаныммен шығады.
Қазақстан мен Ресей біздің одақтастық қатынастарымыздың, ең маңызды негізі болып табылатын ортақ тарихымызды, ең алдымен, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау, қайта жазу және «қаралау» әрекеттерін қош көрмейді.
Саяси бағытта президенттер «Астана процесі» аясында халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары сөзсіз сақталуы жағдайында Сирия қақтығысын бейбіт реттеу жөніндегі күш-жігерлерді жалғастыруға шешім қабылдады.
Тараптар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы желісі бойынша ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен дағдарыстық жағдайларға ден қоюдың пәрменді жүйесін құруға бағытталған бірлескен шаралар қабылдайды.
Қазақстан мен Ресей президенттері екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету, олардың тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделін арттыруға жәрдемдесу мақсатында қол жеткізген уағдаластықтарды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету ниетін растайды.
Мемлекет басшылары жемісті ке­ліс­сөздер мен сапар барысында қол қой­ылған екіжақты құжаттар Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дәстүрлі достық, теңқұқылы қатынастардың, сондай-ақ екі ел халықтарының арасындағы бауырластық және тату көршілік байланыстардың қа­рышты дамуына жәрдемдесетінін атап көрсетті.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
09 сәуір 2019 ж. 2 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031