» » Аймақ басшысы ауданда болды

Аймақ басшысы ауданда болды

Жақында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен ауданға келді. Ауыл-аймақтарды аралаған аймақ басшысы алдымен кәсіпкерліктің дамуына, өндіріске ден қойды. Әрі шаруашылықтың жұмыс процесімен танысып, өнім жинау сәтін, әлеуметтік нысандардың қазіргі жұмысын көрді.

МАКАРОН ЦЕХЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Тұрмағамбетте тындырымды тірлік бар. Мұндағы «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылшаруашылық саласымен қатар өндірісті де қолға алған. Кейінгі жылдары жаңа технологияларды қолданысқа енгізіп, сүт өңдеу цехын іске қосса, қазір қоршауға арналған тор сымдар мен макарон өнімдерін шығаруда. Облыс әкімі жақында ғана іске қосылған жаңа цехтың жұмысымен танысты.
Серіктестік күріштің біршама бөлігін жинап үлгерген. Орташа есеппен өнім гектарына 60 центнерден шығуда. Келер жылы мақсарыны мол егіп, май сығатын қондырғыны іске қосуды жоспарлауда. Әлгінде айтып өткен тор сымдармен серіктестіктің алқабын қоршауда. Алдағы уақытта бұл ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынылмақ. Ал макарон цехында «Береке» деп аталатын жаңа өнім шыға бастады. «Ауылдағы жаңа бастама елге берекелі болсын деп ырымдап «Береке» деп қойдық дейді серіктестік директоры Нұржан Пірмантаев сөз арасында.

Цехта макаронның бес түрі шығарылады. Бес адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бір ауысымда 700 келі өнім өндіретін цехқа облыс әкімі оң бағасын берді.
Мұнан соң сапар елді мекендегі «Сәлима ана» балабақшасында жалғасты. 88 орынға лайықталған бөбекжай өткен жылы бой көтерген. Бірақ, қазіргі ахуалға байланысты кезекші топ қана жұмыс істеуде. 29 бала тәрбиеленіп отырса, 13 маман бала тәрбиесіне жұмыс істейді.
– Қауіпті індеттің алдын алуда барлық қауіпсіздік шараларын сақтап отырмыз. Ережеге сай жұмыс істейміз. Балалар бес түрлі сақтық шараларын жасайды. Таңертең дене қызуынан бастап тексеріп қабылдап, белгілі бір уақыт аралығында бетперде мен қолғапты ауыстырып отырамыз, – дейді балабақша әдіскері Жанар Қаражанова.

АҚЖАРДЫҢ АСУЫ
Ауылға кіреберістен бұл мекеннің тазалыққа ден қойғанын аңғарасың. Қайнаған қызу тірлік. Мұндағы қос шаруашылық туған жердің өркендеуіне атсалысып келеді. Ал жақында ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бірнеше көше жөндеуден өтіп, жарықтандырылған. Ауылдағы кәсіпкерліктің де дамуы қарқынды. Биыл 5 азамат мемлекеттік бағдарламалар бойынша қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізсе, 10 адам «Бастау» бизнес мектебінде білімін жетілдірген.
– Ауылда 8 азамат 22 млн теңгеден астам жеңілдетілген несие алды. Ауыл келіншектерінің басын қосып, тігін цехын аштық. Қазір төсек жаймалары, қыз жасауы, перде секілді қолөнер бұйымдары тігілуде. Бірінші рет ауылдағы шаруашылық еңбеккерлеріне арнап жұмысшы киімін тіктік. Бағасы қалта көтереді. Әрі кондитерлік өнімдер шығарудамыз. Бос тұрған ғимаратты қолданысқа алып, келіншектер белсенділік танытты. Елде тың бастамалар қолға алынып, кәсіпкерлік жүйеге қойылған, – деді ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызы.
Ауылдық клуб үйінде көрме қойылған. Осыдан-ақ маңайдағы бірнеше ауылдан елге қажетті дүниелердің шығып жатқанын байқадық. Ендігі елдегілер шеге, қора қоршауға арналған тікен сым, тор сым, аулаға қажетті тас төсеніштер алу үшін қалаға қарай сабылмайды. Мұның барлығы да ауылдан шығып жатыр. Ал екі мың халқы бар Ақжар ауылындағы тігін цехының өзі халықаралық нарыққа шығып үлгерген.

ЖОСАЛЫДА ЖАЙ ҚАЛАЙ?
Одан соң аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова аудан орталығына аяңдады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеуден өткен №6 «Айсұлу» балабақшасының жұмысымен танысты. Мұнда 50 бала тәрбиеленуде. Жөндеуден өткен ғимараттың сәні одан әрі арта түскен. Балабақшаның жаңарған жайымен танысқан өңір басшысы мұнан соң 1200 орындық №250 мектеп-лицейіне барды. Мұнда оқушылар мен талантты мұғалімдердің қолынан шыққан туындылардың көрмесі тамашаланды. Аудандағы білім ошақтарының ішіндегі алдыңғы қатарлы нысанда карантин талаптары қатаң сақталған.
Жалпы аудан бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 43 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде әлеуметтік нысандар жөнделіп, көшелерді жарықтандыру жұмысы қыза түсті. Орташа жол жөндеу мен инфрақұрылым тарту да назардан тыс қалмады. Спорт алаңдары салынып, абаттандыру жұмысы қарқын алды.

Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Айдын Әнуардың айтуынша, бүгінде Төретам кентіндегі №22 қосалқы станса қайта жаңғыртылуда. Негізгісі де осы. Сондай-ақ екі стритбол алаңы салынуда. 10 көшеге орташа жөндеу жүргізілуде. Одан бөлек, орталықтағы Қорқыт ата көшесіне салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолы аяқталуға жақын.
Гүлшара Наушақызы аудан әкімі Мұса Оспанұлына карантин уақытынан кейін шағын және орта бизнесті одан әрі дамытып, жергілікті азаматтарға қолдау білдіру қажет екенін айтты. Онымен қоса, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік даму картасы аясында жұмыс жүргізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды. Ал екі өкпені қысқан пандемия кезінде босаңсымай, сақтық шараларын қатаң сақтау күн тәртібіндегі бірінші мәселе.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Байқоңыр қаласында жалғасын тапты.

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ


17 қазан 2020 ж. 908 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 119

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930