» » Нұрсұлтан Назарбаев: Бірлесе білген ел бәрін жеңеді

Нұрсұлтан Назарбаев: Бірлесе білген ел бәрін жеңеді


ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған қазақстандықтарға арнаған үндеуінің толық мәтінін ұсынамыз.
Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отан­дас­та­рыммен бірге бүкпесіз, ашық талқы­ға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлі­сіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазір­гі сәтте де баршаны сабырға, байсалды­лыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын.
Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің же­тістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұ­мыл­дырып, ынтымақтаса әрекет етуде.
Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақы­ланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол бе­ріл­мей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн.
Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндері­нен бастап мен ұлы Абай атамыз­дың «Кімге достығың болса, дос­тық дос­тық шақырады» деген дана қағи­­да­сын басшылыққа алып, әлемнің бар­лық мем­­лекетімен арадағы келісім мен дос­тық­қа, өзара сенім мен ықпал­дастыққа не­гізделген саясат ұстандым. Еге­мен­дік­­тің бастапқы жылдарында іргелес ел­­дер­­дің бәрімен тату қарым-қаты­нас ор­на­­тып, шекара мәселесін түбе­гейлі шеш­­кен­нен кейін түрлі деңгей­дегі ынты­­­мақ­тастық ұйымдарын құруға бас­тамашы болғанымның басты себебі де сол еді.
Еуразия экономикалық одағын, Шан­хай ынтымақтастық ұйымын, Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім ша­ра­лары жөніндегі кеңесті құрып, Еу­ро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Астана экономикалық форумы мен бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесін өткізу шараларының бәрі – Қазақстан мен дүние жүзі мемлекеттері арасындағы өзара достық пен сенімге негізделген байланысты, экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін жасалды. Өмірдің өзі, дәл бүгінгі қа­лып­тасқан жағдай біз ұстанған бірі­гу мен бірлесуге негізделген саясаттың бір­ден-бір дұрыс жол екендігіне көзі­мізді жеткізіп отыр.
Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа эко­но­микалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіп­орындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұ­найдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр.
Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қазақстан-2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорын аштық. Соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді. Бұл еліміздің үшінші технологиялық жаңғыруына жол ашты.
Ел аумағында бұрын-соңды бол­ма­ған теміржол, автокөлік жолдары са­лынды.
Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды.
Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді.
Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи аурухана мен емхана салдық. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткіздік және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық. Осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда.
Әрине қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ.
Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезде ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал.
Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәр­тіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды.
Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жыл­дарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақ­талған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті.
Енді Үкімет пен жергілікті атқа­ру­шы органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиын­дықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan пар­тиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс.
Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.
Дәл осы тұста бәрімізге халқы­мыз­дың әрдайым үлкенге құрмет көрсе­тіп, кішіге қамқор болатын абзал қа­сиет­тері септігін тигізеді деп сенемін.
Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуы­мыз керек. Халқымыздың бойын­дағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді.
Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-соңды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек», деген екен. Кеше ғана бір-бірін аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы.
Әлем тарихында ондаған жылға, тіпті жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар мен кикілжіңдер орын алған. Миллиондаған адамды баудай түсірген індеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек.
Кезінде Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек. Осыларды ойлаған – қоймас түбі сүйінбей», деген екен. Қандай керемет айтылған сөз! Дәл қазір бізге бүкіл адамзат өркениетін сүріндіретін емес, барша әлем халқын сүйіндіретін жаңашыл саясат керек. Кез келген қиындық адамды тығы­рықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалып­тасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режіміне көшті. Осының бәрі бір кезде алдын ала жоспарланып, кеңінен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып отыр.
Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек.
«Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ», деген екен әйгілі данышпан Төле би. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Біз үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан – халқымыз тату-тәтті және ке­лі­сімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңы­рағымыз. Алуандығымыз – бәсекелі және жаһандық әлемдегі біздің баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын.
Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді.
Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар.
Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді.
Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін.
Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақстандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек.
Маған небір қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген, қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық, бауырмал халыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазіргідей алабұртпа көңіл жағдайында дана да дарқан халқыма – баршаңызға зор ризашылыққа толы осы сөздерімді жолдадым.
Біз тәуелсіздік жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өт­кер­дік. Соның бәрінде мен анық жағдайды, түйткілді проблемаларды ашық түрде алдарыңызға жайып салып отырдым. Сіз­дер маған үнемі сенім арттыңыздар, мен туған халқымның сол сенімінен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшін сіз­дер­­ге тағы мың да бір алғысымды білді­ре­мін.
Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіп­сіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мем­лекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қал­майды.
Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін.
Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлі­гімізден айрылмайық. Сонда ғана ­біз қас­тер­лі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақ­стан­ды Мәңгілік ел болуға лайықты ете аламыз.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы
08 сәуір 2020 ж. 1 576 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 130

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930