СУ ҚОСЫЛҒАН СҮТ
Бір күні жолым түсіп ауылға бардым. Келген соң базар аралап шығайын деп базарға кіріп кеттім. Бірде көкөніс қарап, бірде жемісжидекке көз салып жүрсем, өзіміздің Жанар апамыз сүт сатып отыр екен.
– Әй, қарағым амансың ба? – деп апам мені көріп қуанып қалды. Жөн сұрасып хал жағдай білген соң, апам екі сиырынан артылған сүтін базарға әкеліп сатып отырғанын айтты.
Сол кезде бір әйел келіп:
– Апа, сүтіңіздің бағасы қанша? – деп сұрады.
Жанар апам алдындағы екі құтыны көрсетіп:
– Мынауы –300 теңге, ал анауы – 500 теңге деді.
Әйел таңырқап:
– Екеуі де сүт қой, неге бағасы екі түрлі? – деді.
Сонда апам еш қысылмастан:
– Қызым, ана қызыл жіп байланған сүтке су қосылған. Толмай қалып еді, аздап су құйдым. Ауысып кетпесін деп қызыл жіп байлап қойдым, – деді.
Әйел күліп жіберді:
– Апа-ай, неге су қостыңыз? Осы бағаменақ алар едім ғой, – деді.
Жанар апам маңдайын бір соғып:
– Ойбу, сол менің басыма келмепті ғой! – деп өзі де күліп жіберді.
Базарда тұрғандардың бәрі ду күлді. Біреуі:
– Жанар апай сізден асқан адал сатушы жоқ шығар, – деді.
Екіншісі:
– Басқалар су қосқанын жасырады, ал сіз қызыл жіп байлап қойыпсыз ғой, – деп қағытты.
Апам болса:
– Е, қарақтарым, біреуді алдап пайда тапқанша, аз тапсам да адалынан тапқан жақсы емес пе деп қойды.
Кешке үйге келіп, осы оқиғаны дастарқан басында айтып бердім. Бәріміз ішегіміз қатып күлдік.
Сонда Жанар апам ренжігендей болып:
– Әй, қойыңдаршы енді, жұрт не десе о десін, мен Құдай алдында ақпын. Су қосқанымды жасырмай айттым ғой, – деп ақталды.
Содан кейін үйдегілердің күлкісі тіпті күшейіп кетті.
Сол күні мен бір нәрсені түсіндім. Адалдықтың да шегі болады екен. Ал Жанар апамның адалдығы сонша, тіпті су қосылған сүттің өзін жіп байлап белгілеп қоятын адам екен.
Роза МОЛДАШҚЫЗЫ














