» » АДАЛ ДОСТЫҚ ИЕСІ

АДАЛ ДОСТЫҚ ИЕСІ

Уақыт шіркін, сынаптай сырғып өтуде. Десе де, түсінген жанға бұл өмір мәңгілік емес. Жастайымыздан бірге өскен дос жайлы өткен шақта айту қандай қиын?! Ойлаған ойымыз бен тілеген тілегіміз кейде орындала бермейді екен. Сұм ажалға ешкім араша тұра алмайтынын өмір дәлелдеп отыр. Бірбірімізбен туған бауырдай араластық. Достықтың жылы шарапатын көрдік. Бүгінде көз алдымызда сағыныштың елесіндей боп тұрады.
Кенішкүл Бисенбаева мектепті он жыл бірге оқыған досымыз еді. Жосалы кенті орталығындағы М.Калинин атындағы №105 орта мектепте білім алдық. Білім ұясы қабырғасындағы балалық шақтың керемет көріністері әлі күнге дейін есімізде сол қалпында тұр. Бір сыныпта 20 қыз бірге оқыдық, ер балалар аз болды. Мектепке бірге баратынбыз. №105 мектеп пен үйіміздің ортасында көл болатын. Қыстың күні мұздың үстінде бірге ойнап қайтатынбыз. Кенішкүлдің жымиып күліп, әдемі қалжыңымен бәрімізді күлдіретіні, ақпейіл де алғаусыз, таза көңілі сол кездердегі әр жүрекке жылу сыйлайтын бейнесін қалай айтпаймыз. Жоғары сыныптарда егін кезінде ауылға, шаруашылыққа көмекке баратынбыз. Ол жерде де адамгершілігі мол, жаны жайсаң досымыз көңілімізді көтеріп жүретін. Ол болған жерде уақыттың қалай өткенін білмей қалатын едік.
Кім-кімді де жатсынбайтын, мінезі сабырлы болатын. Ата-аналарымыз ол кезде бізді бір үйдің баласындай көретін. Кенішкүл үйге келіп, анаммен отырып әңгімесін айтып үлкенмен де, кішімен де тіл табысатын ерекше қасиетке ие еді. Студенттік шақта ауылға каникулға келгенде оны көргенше асығамыз, ерекше жақсы көретінбіз. Қазір оның бейнесі ғана көз алдымызда. Рухы жер бесігінде, күлкісі көңілімізде, жақсылығы жадымызда.
Кенішкүл өнегелі, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасы адал еңбегімен ұл-қыздарын өсіріп ер жеткізді. Соның арқасында балалары жоғары білім алып, тәрбиелі, елге белгілі азаматтар болды. Бүгінде әрқайсысы үлкен әулеттен тараған мерейлі отбасы болып отыр.
К.Сатанқызы 1974-1975 жылдары алғашқы еңбек жолын ауданымыздағы астық қабылдау бекетінен бастады. Одан соң Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алды. Әуеліде Қуаңдария ауылындағы №186 мектепте мұғалім болса, кейіннен кент орталығындағы Оқушылар үйінде үйірме жетекшісі болып қызмет етті. Мұнан соң №105 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып шәкірттерін білім нәрімен сусындатты. Оның балаға деген ақ пейілі мен сүйіспеншілігі білім саласына әкелген-ді. Өкініштісі сол, ол бар болғаны жиырма жеті жыл ғана өмір сүрді. Арамыздан ерте кетті. Аз өмір сүрсе де, біздің жүрегімізге өзінің адами болмысын, мейірімділігін еге білді.
Гүлжауһар РАЕВА,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
29 мамыр 2026 ж. 107 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (10508)

29 мамыр 2026 ж.

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 195
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 757

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031