Құрбым үшін қуанамын
Таң атады, күн батады. Жалғасып жатқан қу тіршілік. Ал мен білетін Ажардың сүріп жатқан өмірі тіршілікпен еш байланысы жоқтай. Ол осы күнге дейін таңның атуын көрмеді десем, менен артық ешкім сенбес. Себебі, таңның атуы жақындағанда ол ұйқыға кететін. Иә, солай Ажардың уақыты ғаламтордың ішінде өтуде. Ажарды бұл әлемнен алып шығуға өзім кірісемін деп шештім.
Бірде ол мені күтпеген жерден үйіне қонаққа шақырды. Әрине, бұл қалыпты жағдай болмағандықтан оның шақыртуына қатты қуандым. Сондықтан бірден келістім. Үйіне барудағы басты мақсатым – Ажарды қалыпты өмірге қайта алып келу.
Кешкі уақыт. Ажардың үйіне қарай жол тарттым. Барар жолда оның өмірге деген қызығушылығын қалай оятсам болады, деген оймен болдым. Үй жағына жақындай бергенде жақсы бір ойға келдім.
Арада біршама уақыт өтті. Құрбымның үйіне келгендегі мақсатымды орындайтын кез де келді. Білуім керек сұрақтарымды қоя бастадым.
– Ажар, осы сенің бір күнің қалай өтеді?
– Сол күнделікті интернетпен байланыс, әлеуметтік желідегі достарыммен хат-хабар алмасып отырамын. Аса қызығатын ешнәрсе жоқ.
– Ендеше, мен саған өзің қызығатын ғаламтордан пайдалы не нәрсе жасауға болатынын ұсынсам, – деп өз ойымды айттым. Ол еш қарсылықсыз ұсынысыма келісім берді.
Ғаламтордағы көптің жасайтыны алып-сату жұмысын көрсеттім. Тағы да басқа жұмыстарды ұсынып едім, тек алып-сатуға қызығушылығы ашылғанын айтты. Ойлаған мақсатымның алғашқы қадамы басталғанын сездім.
Келесі күні екеуміз сұранысы көп заттарды дүкендерден алып, өзім ашқан интернет-дүкенге салдық. Бірте-бірте ісіміз жүре бастады. Ажар енді өзінің интернет-дүкенін ашып, өз жұмысын бастады. Өмірге деген қызығушылығы оянғанын сырттай тамашалап тұрған мен қуанышты күйге ендім. Менен бетер бұл істі әрі қарай жүргізіп алып кеткен қатарым ендігі кезекте интернет-дүкеннің қыр-сырын маған үйрете бастады.
Ол ғаламтордың зиянын ғана емес, пайдасын да көрді. Осылайша сыртқы тіршілік қиын әрі қызықты болатынын білді. Айналасындағы адамдармен де араласып, іскерлік тәжірибелер алмасып отырды. Ажардың өмірі түбегейлі өзгерді десем, артық айтпаймын. Ол қазіргі уақытта өзінің өмірін басқаларға тәжірибе ретінде айтып отырады.
Бұл оқиғадан түйетін нәрсе, әр заттың зиянымен қатар пайдасы жүреді. Дәл сондай ғаламтордың да зиянымен қатар пайдасы да бар. Қазіргі уақытта құрбымның өміріне ұқсас жағдай көптеп кездеседі. Әлеуметтік желіге толық кіріп кетпей тұрғанда, пайдасымен ғана айналысып, зияны тиетіндерін тастасақ, ол өзіміз үшін ұтымды болады.
Маржан ҚЫЛЫШБЕК,
No107 мектептің оқушысы