» » Бірлескен істе береке бар

Бірлескен істе береке бар

Жексенбіде аудан жұртшылығы «Қармақшы ата» мешітінде қайырым мерекесі – Құрбан айтты қарсы алды. Мешітте жиналған жамағат айтулы мерекені уағыз тыңдаумен бас­тап, айт намазына тұрды. Имандылық шарасы одан әрі аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың өңір тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтауына ұласты.
– Мереке барлығыңызға құтты болсын. Құрбандық шалып, мұқтаж отбасына жәрдемдесіп қайырлы іс жасап жатқан кісілер болса ол ниет те қабыл болғай. Айтулы күнге жылда өздеріңізбен бірге аманшылықта, ауызбірлікте жеткенге не жетсін. Еліміздегі осындай мамыражай тыныштықтың арқасында бүгін міне бас қосып, жиналып отырмыз. Лайым мемлекетімізде ынтымақ пен ырыстың төл бесігі тербеліп, Алла әрбір отбасының бақ-берекесін берсін. Құрбан айтқа бәріміз дін аман, жақсылық жағдайда жетуді нәсіп етсін, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң бір қауым елді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Бұл – ренжіскеннің татуласатын, аға­йынның бір-бірімен көрісетін мерекесі. Бұл күнді бүкіл қазақ жұрты ел болып тойлауда. Келген қадамдарыңызға сауаптан жазсын. Алланың рақымы,Пайғамбардың шапағаты болсын. Әр жанұяға Жаратушы иеміз тілеген тілегін қабыл етсін. Еліміз аман, халқымыз тыныштықта өмір сүріп, айтқа жете берейік. Мешіттің төрі жүрегіне иман нұры ұялаған жамағатпен толығып, жақсылық істеуде жарыса білейік, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Адам жүрегіне иман бекімей, ел бақытты болмақ емес. Бұл ретте Қазақстан Діни басқармасы төрт бағытта жұмыс істесе, соның әуелгісі – уағыз-насихат. Ол күнделікті мешітте апта сайын жұма уағызы, халықпен тығыз байланыс белгілі бір деңгейде өзінің шама-шарқынша жүруде. Одан кейінгісі – оқу-ағарту. Бұл тұрғыда екі мешітте ұстаз бекітіліп, дәріс жүреді. Мұнда жас шәкірттермен қатар, үлкендер де сабақ алады. Үшіншісі – жат ағыммен жұмыс. Дін саласының білікті мамандары жергілікті тұрғындармен жат ағымның кері әсерін түсіндіріп, тұшымды ақпаратпен қамтамасыз етуде. Қоғамда ең өткір әрі өзекті болып табылатын төртінші бағыт – бұл қайырымдылық. Аталған бағыт бойынша көптеген шаруа қолға алынып, өткен жылы халықтың қолдауымен Томанов көшесі, №48 үйде асыраушысынан айырылған сегіз балалы анаға үй салып берген болатын. Міне сондай қайырымдылық шарасы биыл да жалғасып, ораза айтта жетпіс отбасына ірі көлемде азық-түлік таратылған еді. Шара барысында қаңтардан бастап республикада қолға алынған «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы жайында кеңінен мәлімет беріліп, тұсауы кесілді. Еске сала кетсек, жобаның ерекшелігі – аудандағы белсенді, жанашыр халықтың қосқан үлесі – жергілікті жердің мұқтаж адамының баспаналы болуына жұмсалмақ. Мұндай өнегесі мол іске аудан әкімі өзі бастап жол көрсетіп, отбасы атынан жүз мың теңге қаражат салған-ды.
Айттағы айтулы жаңалықтың бірі де осы қайырымдылық шарасына қатысты. Көпшіліктен қызу қолдау тапқан «Ел үлесі – пәтерге» атты жоба аясында Жосалы кентінің екі бірдей тұрғыны Зухра Мадиярова мен Айдана Тоқашоваға баспана кілті тапсырылды. Бұл еліміздегі осындай үлкен қуанышқа ие болған №110, 111 тұрғын болып отыр.
– Мешіттің қайырымдылық шарасы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Одан әрі де жалғасын таппақ. Сондықтан мұқтаж жандарды пәтерлі ететін бірегей жобаға атсалысқан және үлесін қосқан барлық иманжүзді азаматқа алғыс білдіреміз, – деді «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы.
Намаз оқылған соң құрбан шалуға рұқсат берілсе, айтқа жиналған жұрт­шылық Кете әулетінің арнайы жайған дастарқанынан дәм татты. Онда аруақтарға Құран бағышталып, бата берілді.
Сондай-ақ мерекеде аудан жастары ұлттық спорт түрінен сайысқа түсті. Салмағы елу бес келі болатын қошқарды жүз үш мәрте көтерген Әсет Әбдіреев өзі көтерген қошқарды қанжығасына байласа, одан небәрі екі ұпай кем түскен Спандияр Алмаханов тұсақты еншіледі. Арқан тартыста «Жамағат-2» командасы І орынды ұтса, «Спорт мектебінің жігіттер» командасы ІІ, сол секілді «Жамағат-1» командасы ІІІ орынға тұрақтады. Ал қол күресінде бұл жолы намысты қолдан бермеген жас спортшы Спандияр Алмаханов бас жүлдені олжаласа, ІІ орын Мейірбек Орынғалиевқа, ІІІ орын Данабек Исаевқа бұйырды. Ұлттық спорт сайысына сынға түсіп, жүлдегер атанғандар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің марапатына ие болды.
«Біткен істің кемі жоқ» деген. Бірақ аудан орталығындағы айт мерекесінің жоғары деңгейде өткеніне барған адамның бәрі куә. Әсіресе спорттық шараның қызықты болғаны соншалық, ардагер ағаларымыздың өзі жарысты тапжылмай тамашалады. Кафе, бардың саудасын жүргізіп, лықа толтыратын біздің жастарымыздың жүретін орны еді ғой деген ой келеді осындайда. Аллаға құлшылық ету, қайырымды болу – адамның имани деңгейінің көрінісі екенін олар әркез ұмытпаса екен.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

15 тамыз 2019 ж. 937 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031