» » Мейірім мерекесі

Мейірім мерекесі

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Исламдағы басқа да маңызды оқиғалар сияқты Құрбан айт күні хижраның ай күнтізбесі бойынша есептеледі. Жалпы қазіргі қолданыстағы григориан күнтізбесі бо­йынша бір жылда 365 күн, 6 сағат болса, мұсылмандық хижра күнтізбесінде шамамен 354 тәулік 8 сағат бар. Сондықтан Құрбан айт мерекесі жыл сайын әр түрлі күндерде атап өтіледі. Биылғы жылы Құрбан айт мерекесі 11 тамызға сәйкес.
Жалпы айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу» деген. Бұл ретте айт намазын пайғамбарымыз бірде-бір рет қалдырмай оқыған. Құрбан айт намазы аудан бойынша мешіттерде таңғы 7-де оқылады.
Бабамыз Ибраһимнен бастау алған құрбан айт ұлы күн болып саналады. Ал кейбір ғұламалар осы дүниедегі ең қайырлы, тіпті арафа күнінен артық деген. Белгілі күндерді ұлықтау адам баласының тақуалығынан хабар береді.
Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Алла жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Қасиетті Құранда:
«Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым», – деп адамның жаратылуындағы мақсат – құлшылық, Аллаға бағыну, разылығына ұмтылу екенін баяндайды.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені Пайғамбарымыз: «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Шын мәнінде мұсылмандар бір-біріне бауыр», деген.
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді.
Қой, ешкі, сиыр және түйе малын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек құрбан ретінде сойылмайды.
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем, құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, емшегінің басы жұлынып қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған секілді кемшілігі бар мал құрбандыққа жарамсыз.
Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.
Айт барша мұсылмандардың мерекесі болғандықтан оны еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтау таратылып, арнайы дастарқан жайылады. «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай сыйлығын аямаған.
Айт намазы аяқталған соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін мерекемен құттықтайды, жақсы тілегін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні пайғамбарымыз адамдарға былай деп айтқан: «Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты кү­шейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіре­сіңдер», – деген.
Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ
14 тамыз 2019 ж. 721 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 68
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031