» » ҮМІТ ҚАНАТТЫ ӘНШІ

ҮМІТ ҚАНАТТЫ ӘНШІ

Адамды тереңге тербейтін, өмірге ұмтылдырып, қанатын кеңге жаюға итермелейтін тылсым күш ол – құштарлық. Ал құштарлықтың отын лаулататын – арман. Осы екі дүниемен қанаттанған жерлесіміз ІІІ Интернацио­нал ауылының тұрғыны Назым Әбілқасымқызы жақында балаларды қорғау күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында өткен XIV Халықаралық «Жұлдызай» ерекше қажеттіліктері бар  балалар шығармашылығы фестивалінің жеңімпазы болып оралды.
Редакцияға Назымның жеңісін қуана хабарлаған оқырманның әңгімесінен соң достығы жарасқан ІІІ Интернационал ауылына жолға шықтық. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен талабы мен өмірге құштарлығы ерекше жанның же­ңім­паз болуы бізді сол ауылға қарай сүйреді.
Назымның үйіне ене кірдік. Аядай екі бөлме демесеңіз, үй іші мұнтаздай таза. Бізді Назымның кеңпейіл әкесі мен ақжарқын анасы жылы шыраймен күтіп алды.
Әу бастан өнерге құштар Назым – ата-анасының сүйеніші. 3 қызды өсіріп жетілдіру үшін әке тынбай еңбек етеді. Әке-шешесінің бұл  еңбегін әнші қыз да біледі. Жігерлі жас бізбен әңгімесінде өзінің асқақ армандарымен бөлісті.
– Бала күнімнен айнаға қарап ән шырқайтынмын. Өнер­ге деген махаббатым ерекше. Бар арманым – аяғыма тұру. Қатарластарыма ілескім келеді. Ата-анамның үмітін ақтап, оларды Меккеге апарсам деймін. Әрине, әнші де болғым келеді.
Иә, Назымның жасындағы жандар, сірә мұны ойлай қоймас. Ал Назым болса ата-анасын қасиетті мекен саналатын Меккеге апаруды ойлайды. Періште ғой, арманының орындалуына біз де тілекшіміз.
Назымнан ән шашу сұра­ғанымызда көп кідірместен «Туған жер» әнін шырқап берді. Алпыс екі тамыр иіліп, бой шымырлап сала берді. Ән – құдірет. Сол құдіретті нақышында орындау қасиеті Назымға дарыпты. Болашағы бары көрініп-ақ тұр. Жанып тұрған жанарынан оны аңғармау тіпті мүмкін емес. Қаршадай қыздың қоңыр да­уысы жүректі шымырлатты.
– Халық сыншы деген рас қой. Байқау соңында жүлделі 2, 3 орындарды хабарлап болған соң «бірінші орынға кім лайықты?» деген жүргізуші сауалына көрермендер бірауыздан "Назым" деп қол шапалақтағанда көзіме еріксіз жас келді. Әрине, халыққа үлкен ризашылығымды білдіремін. Ауыл әкімі мен жомарт кәсіпкерлердің демеушілігімен үлкен байқауларға қатысып жү­рміз, – дейді Назымның анасы.
Талабы таудай жігерлі жанның әлі талай белестерді бағын­ды­ратынына сенім сол. Аяққа тұрып асқақ армандарына қол жеткізеріне біз де тілекшіміз.
Айтпақшы, өнерлі арудың шаңырағы жақында еңселі үйге енбек. Ауыл тұрғындары, елді мекендегі шаруашылық, ауыл әкімінің мұрындық болуымен үл­кен үйдің іргесі қаланыпты. Есік алдында құрылыс материалдары үюлі тұр. Жуырда құрылысы басталады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы». 
10 маусым 2019 ж. 1 420 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 157

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930