» » ҰЛТ АЙБЫНЫ АСҚАҚТАСЫН ӘРДАЙЫМ

ҰЛТ АЙБЫНЫ АСҚАҚТАСЫН ӘРДАЙЫМ

«Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қа­дірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қа­за­қ­­­­с­танның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қа­сиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы»,  – деген еді Елбасы. Бұл сөзді қазақстандық барша азамат жүрек түкпірінде сақтаса игі. Себебі рәміздер – ұлтымыз үшін аса қастерлі құндылықтар.
Осыдан тура 27 жыл бұрын егемендігіміздің белгісі Ту, Елтаңба және Әнұран бекітілген-ді. Мемлекеттік рәміздер қазақ жұртының рухын асқақтатып, ұлттық бітім-болмысын айшық­тады. Ортасында шұғылалы күні, қалықтап ұшқан қыраны бар көк Туымыз биікте желбіреді. Көгілдір түс аясында өрнектелген шаңырақ, қос қапталында қанат жайған пырақ – Елтаңба, «Менің Қазақстаным» әні – тәуелсіздіктің теңдессіз нышаны. Осы үш нышанды қалай қастерлесек те жарасады. Түрлі сайыста орындалған әнұран әрбір қазақтың құлағынан кіріп, бойын алары сөзсіз. Тек белгілі бір мерекеде емес, оқу ошақтарында сабақ басталмай оқушылар бо­йын тіктеп, қолын жүрегіне қойып әуелете таңын атырады. Тіпті кей мектепте үзіліс қоңырауының орнына әнұранның дауысы сың­ғыр­лайды. Қандай керемет?! Қазір ауыл болсын, қала болсын туымыз түстес мектеп формасын арнайы тіктіреді. Қазақы оюын да жейдесінің бір бөлігіне жабыстырады. Соңғы үлгіде шыққан «фэшн» киімдерге қарап тағы қол соғамыз. Қуантатыны ұлттық болмысымызды айқындайтын – қазақы көйлектер. Қай жерде болмасын ұлттық нақышымызды көргенде бойдағы қанымыз еріксіз тулайтыны жасырын емес. Мақтаныш, қуаныш, сүйіспеншілік сезімі Отанға деген құрметті одан әрі тасытатындай. Қай кезде болмасын қазекемнің менталитеті шекарадан аспаған. Жерден нанды жолай көтермей кетпейтін қазақ жоқ. Сол секілді туымыз да жерде жатпайды, әнұран да ескі таспада қалмайды. Отанын қалай сүйсе, құндылығын да солай дәріптейтін Ұлы даланың халқымыз. «Ел» дегенде ең алдымен рәміздер көз алдымызға оралатыны да осыдан.
2007 жыл, 4 маусым. Нұр-Сұлтан қаласы. Дәл осы күні рәміздердің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық жас­тар форумы өтті. Осы күннен бас­тап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданып, еліміздегі Мемлекеттік мерекелер саны тағы да көбейген-ді. Бұл күн – Ұлы даланың тарих беттерінде өзіндік орны қалған күн. Ал мерекелік датаны атап өту жыл сайын дәстүрлі үрдіске айналды. Биыл да еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіміздің темірқазығы са­налатын Мемлекеттік Рәміздер күні бүкіл қазақ даласында тойланды. Соның бірі ретінде – аудан жұртшылығы да ауқымды атап өтті. Рәміздерді ұлықтауға арналған іс-шара вело және автошерумен ашылды. Шеру Жосалы кенті орталығындағы «Қо­быз» ескерткішінен бастау алып Е.Көшербаев пен Қорқыт ата көшелерінің бойымен орталық алаңға аяңдады. Мұнда біз «Тұ­ғырлы Ту, асқақ Әнұран, еңселі Елтаңба!» атты салтанатты ша­раның куәсі болдық. Жиында сөз алған аудан басшысы  бұл мерекенің маңыздылығына тоқ­талды.  
– «Тәуелсіздік» дегенде мар­қаятын күнді армандадық емес пе? Ата Заңымызды қа­был­дап, ұлттығымыздың айбыны­на айналған рәмізімізді қа­был­дадық. Рәміздер – ұлт тұ­тастығының ерекше бедел-бедері, тәуелсіздігіміздің басты құжаты. Еліміздің өз алдына дербес мемлекет екенін айғақтайтын, қазақ халқының дарқандығы мен кеңдігін бейнелейтін төл нышандарды құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, жоғары азаматтығымыздың көрінісі, – деді аудан әкімі Сұлтан Мақашов.
Егемен еліміздің бірлігі мен берекесін нығайтуда игі істері мен еселі еңбек еткен бірқатар сала маманы аудан әкімінің алғыс   хатымен марапатталды.  Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, ұлттық рух, Отанға деген сүйіспеншілік әні шырқалды.
Тұғыры биік туы, айдары жел ескен Елтаңбасы, құлақ құрышын қандырар Әнұраны бар Тәуелсіз елдің бірлігі жарасқан халқымыз. Тек мұны бақыт пен шаттықтың нышаны деп ұғынса екен бар қазақ.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
10 маусым 2019 ж. 996 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 092

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031