ЖАСЫЛ ТҮСКЕ НЕГЕ ҚҰМАРТТЫҚ?
Күн ұясына енді еніп жатқан кез. Алаңсыз ойын қуалап жүргенде алыстан анамның «бақшадағы көк жуаны үзіп әкелші» дегенін ести сала баққа қарай жүгірдім. Айнала жап-жасыл. Көк жуаны таппай әлекпін. Сөйтсем көгі «жасыл» дегені екен. Иә, бұл екі түстің ара жігін ажырата алмай талай миға салмақ түскен-ді. Себебі, ақ бұзауды – көк бұзау, қаймағынан айырылған сүтті – көк, одан қалды көк шайы бар. Ал оның түсі болса – жасыл. Бұл сауал жалғыз мені емес, көпшілікті де қызықтырған сыңайлы. Себебі жақында ғана Вконтакте мен Инстаграм әлеуметтік желісінен сауалнама жүргіздік. Сұрақ қызық: жасыл шөпті – көк шөп дейді де, жасыл допты көк доп деп атамайды, не үшін? Бұл жазба бір күннің ішінде екі мыңнан аса қаралым мен 500-ге жуық пікір жинады. Бірі – көк Тәңірі ұғымына баласа, бірі – түс ажырата алмау дейді. Ал енді біреуі – дінмен байланыстырады. Мұның негізі қайда жатыр?
Жалпы соңғы кездері жасыл түске көп құмартып кеткендейміз. Алдыңғы жылдары жасыл балауыз жағып, байып кететін «күшті» техника шыққан-ды. Бұл да біраз талқыға түсті. Артынша тынышталды. Алайда жасыл шұлықтың жыры біте қоймады. Одан қалды үйдің қоршауын жасыл түске бояу «хитке» айналды. Тележурналист Жанар Байсемізова инстаграм парақшасына мынадай жазба қалдырыпты. «Қабылдай алсаңыздар айтайын жасылнәски туралы. Жалпы, жасыл түстің долларға пайдаланылуы тегін емес. Эзотерика іліміне сәйкес, қарыздан құтылғыңыз келсе, жасыл нәски киіп жүріңіз. Жұмысқа тұра алмасаңыз да гардеробта жасыл түсті көбейтіңіз. Омыртқа ауырса, белге жасыл жіп байлауға болады екен. Мұны әлі жасап көрмедім. Сонымен жасылданайық халқым!». Жазбаның астына автор оқырманына сынамай жасап көруін жазады. Егер ешнәрсе болмаса «менің түк қатысым жоқ» дейді ол. Жазба астындағы пікірде оны даттап та, жақтап та жазғандар жетерлік. Бір қызығы соңғы ақшасына болса да жасыл шұлық алуға бекінгендері бар. Жалпы бизнесін жандандыру үшін бүгінгі мотиваторлар аузынан Алласын тастамайды. «Асыл дініміздің түсі – жасыл» дейді. Негізінен солай ма?
– Жасыл түсті Исламның түсі дегені жайлы нақты дәлелдер жоқ. Тек Алла елшісінің үстінде жасыл шапаны болғаны айтылады. Бұл түске құрметпен қарауға тағы бір себеп бар. «Инсан» сүресінің 21-аятында «Олардың киімдері жұқа, қалың жасыл жібек, күміс білезіктермен безенген болады» делінген. Бір риуаяттарда Пайғамбарымыздың жасыл сәлдесі жайлы айтылған. Ол сәлде бүгінде Стамбұлдағы Топкапы мұражайында сақтаулы. Негізінде сүннет бойынша ақ түсті қиінген абзалырақ, – дейді Ораз ахун мешітінің имамы Нұрболат Рахметуллаев.
Әрине, жасыл түсті киімді сүннет ретінде киюге болады. Алайда сол арқылы табысқа кенелемін деген – қате пікір. Жасылға қатысты дінде біршама аяттар мен Пайғамбардың хадистерінде айтылады. Алла Тағала Құранның «Кәһф» сүресінде «Міне, олар үшін астарынан өзендер ағатын Ғадын жәннаты бар. Олар онда алтын білезіктермен безенеді. Олар жұқалы-қалыңды жасыл жібектен киімдер киеді де, онда кереуетке сүйенеді. Нендей жақсы сауап, нендей әлбет жастанатын орын» делінген.
– Барлық жақсылық та, жамандық та бір Алладан. Жасыл түсті киім кию арқылы байып кетемін, кимесем кеміп қаламын деп ойлау – қате ұғым. Алла байлықты да, басқасын да пендесіне сынақ үшін береді, – дейді имам.
Әлгінде айтқан «көк» сөзін жасылға балау туралы біршама жауап хат келді. Екіойлы болған оқырмандар жан-жақты үлкен-кішісінен сұрастырыпты. Ару есімді бойжеткенге әжесі былай түсіндіріпті. «Аспан, шөп, бұзау – көк. Ал жасыл көзді адамға – көккөз деп айтады. Тәңірден, аспаннан келген – жасыл, ақ және көк заттың бәрі де «көк» деп аталады. Ол – Алладан, Көктен түскен дегенге саяды. Көк түс – қазақтың бағзы заманынан, дінінен, тілінен қалған қазына. Ал жаңа айтқан жасыл добың, ол – жасыл. Себебі ол Көк Тәңірінен емес, адамның қолынан боялған дүние». Ал Ұрқия есімді желі қолданушысы мүлдем басқаша айтады.
– Бұрындары қазіргідей түрлі-түстілер болмаған. Белгілі бір 5-6 ғана түсті біледі. Ыңғайы келсе сонымен сәйкестендіріп атаған. Мәселен, жасыл түске – көк жақын, ал қызғылтты» – қызыл деген секілді, – дейді ол.
Ал зерттеушілердің пайымынша, жасыл түстің түбірі «жас» деп таниды. Мұнда о бастан-ақ заттық не сындық, сипаттық мағына болған. Жас сөзінің бастапқы шыққан мағынасы «жаңа шыққан көк, өсімдік» деген мағынада. «Жас» сөзінің жаңадан көгеріп шыққан өсімдікті білдіретін мағынасы өсіп келе жатқан балаға, одан кісінің өмір сүру жыл санына ауысқан.
– Күнделікті өмірде біз мән бермейтін «түстердің» адам психологиясына айтарлықтай ықпалы бар. Сіздің таңдаған түсіңіз айналаңыздағыларға сіз туралы көп мәліметті беріп тұрады. Мәселен, жасыңызды, мәдениет деңгейіңізді, біліміңізді, ерекшеліктеріңізді, мінезіңізді сіз жиі қолданатын түске қарап-ақ байқауға болады. Жасыл түс – еркіндікке деген жігерліктің, табандылықтың, мақсаткерліктің нышаны, – дейді психолог Ақтолқын Нұрмағанбетова.
Маманның айтуынша, жасыл түс зат алмасу процесін бәсеңдетіп, тыныштандырады. Егер адам шаршаса табиғат аясында серуендеп, жасыл желекті жерге барса бойы тыншиды.
– Бұл түстің емі де бар. Яки адамның шектен тыс ашуға бой алдырмауына септігін тигізеді. Дегенмен, түс арқылы емдеуге болса да, ол арқылы пайда табу – санаға қонымсыз. Себебі адам өзі еңбектенуі керек. Мәселен, жасыл түсті жейде киіп үйде жатсаңыз, осы кезге дейін барлығы дерлік байыр еді ғой. Сол үшін бұл түс бізге тек мәліметтерді қабылдауға ғана көмектеседі. Эмоцияға әсер береді, – дейді ол.
Түйін.
Дінде құрметті, халық санасында «көк» болып жаңғырған түс – Шрек түстес киімді шырттай боп киінуге тірелмейді. Тегін ірімшік – тышқан аулайтын қақпанда ғана. Ал аспаннан ақша жаумайтынын ескерсек, жасыл түспен баю – бос сөз.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».