КӨБЕЛЕК НЕГЕ КӨБЕЙДІ?
Соңғы уақытта байқасаңыз, кент көшелерінде қоңыр түсті көбелек күрт көбейіп кетті. Гүлден-гүлге, ағаштан-ағашқа қонған бұл тіршілік иесін көруде бәрінен бұрын кішкентай бүлдіршіндер мәз. Бүгінде көшеге шығып серуен құрған әрбір жан көбелектің көбейгенін сөз етіп жүр. Бұрын сирек көретін көбелектің қаптап кетуіне не себеп?

Сіз бен біз көріп жүрген сарғыш, қоңырқай түсті көбелектің де өз атауы бар. Ғалымдардың айтуынша, бұл көбелек «репейница» немесе «чертополоховка» деп аталатын көрінеді.
Көбелектің басты тағамы – гүл шырыны. Оның құрамында қант болғандықтан, тез іздеп тауып алады. Қазірде жиде талы гүлдеп, өзінің хош иісін шығарып тұр. Ал көбелектер гүл шырынын жақсы көргендіктен жиде талына қонып, гүл шырынымен қоректеніп жүр.
Көбелектің өзіне тән ерекшелігі де бар. Ол гүлдегі шырынды байқаса, бірден ұзын бізтұмсығын салып, сұйықты сорып алады. Сондай-ақ көбелек түсті де жақсы ажырата алады. Керек десеңіз, адам көзі байқай алмайтын ультракүлгін сәулені де тез қабылдайды екен. Ал, Батыста үйлену тойында көгершіннің орнына көбелек ұшырып, жас жұбайларға бақыт пен адал махаббат тілейтіні бекер емес.
– Көбелектің көбейгеніне бір жетінің көлемі болды. Оны зиянды деп естімеппін. Далада жүрген матақаннан көз ашпаушы едік. Көбелек шыққалы олар да азайды. Жеміс ағашы да тозаңдандырып жатыр, – дейді кент тұрғыны Назгүл Ахметова.Иә, жауын-шашын көп болса жер ылғалданып, көк қаптап шығады. Ал көктен нәр алатын көбелектің көбеюі бізге еш қауіп тудырмайды. Табиғаттағы әсем тіршілік иесінің күрт көбеюінен қорықпаған жөн.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».