Аудан әкімдігінде сот жүйесіндегі жаңашылдықтың тиімділігін түсіндіру мақсатында кездесу өтті
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Мөлдір Асанова Қармақшы аудан әкімдігінде Тұңғыш Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының сот жүйесін одан әрі жетілдіру бөлігін орындау бағытын талқылау мақсатында көшпелі кездесу өткізді.
Іс-шараға аудандық сот судьясы, облыстық Соттар әкімшісінің ақпараттық технологияларды және ақпараттық ресустарды қорғау бөлімінің басшысы, «Бітім» медиация орталығының директоры, аудандық прокуратура, полиция бөлімі, әділет, кірістер басқармасы басшылары мен өкілдері, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры мен мамандары, аудандық билер кеңесінің мүшелері, медиаторлар, аудан бойынша ауыл әкімдері, аудан әкімі аппаратының бөлім басшылары мен мамандары қатысты.
Шараның мақсаты - сот жүйесіндегі цифрландыру мен жаңашылдықтардың негізгі бағыттары, ақпараттық технологияларды дамыту мәселесі мен қолданыстағы замануи технологиялардың пайдалану тәртібін түсіндіру, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы бойынша құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Кездесуде әдеп жөніндегі уәкіл Мөлдір Асанова аталмыш Жолдаудағы сот жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесіне тоқталып, сот жүйесі жұмысына енгізілген заманауи технологиялар туралы айтып өтіп, «Сот төрелігінің жеті түйіні» пилоттық жобалары аясындағы соттардағы жаңашылдықтарды таныстырды. Ол өз сөзінде «Өткен жылы Қызылорда облысы соттарында татуластыру орталықтары, фронт офистер, медиация кабиенттері ашылып, «Түнгі сот», «Виртуалды сот», «Судья көмекшілері» пилоттық жобалары аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Ауданда Билер кеңесі құрылып, оларға татуласу орталығынан қызметтік бөлме ашылып жатыр. Ол жерде білікті заңгерлер халыққа тегін қызмет көрсетеді», - деді.
Облыстық Соттар әкімшісінің ақпараттық технологияларды және ақпараттық ресустарды қорғау бөлімінің басшысы Шыңғыс Аманқұлов «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шеңберінде соттарда іске қосылған «TrueConf» мобильді қосымшасы арқылы сот процестеріне қатысу, «QR code» арқылы сот қызметтеріне қол жеткізуге бағытталған арнайы базалық топтаманы және Digital Agent қосымшаларына сот органдарының жұмысын бағалау енгізілгенін айтып, слайд арқылы пайдалану тәртібін көрсетті.
Одан кейін мінберге шыққан судья Л.Алибекова өз баяндамасын оқып, ағымдағы жылдың 21 қаңтарында Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, аталған Заң 2019 жылдың 3 ақпанында күшіне енгенін, аталған Заң аясында 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 Кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономика саласындағы қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті.
Шара соңында қатысушылар бас қосудан сот жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңа технологиялар жайлы пайдалы ақпарат алғанын жеткізіп, сот тарапынан жүргізіліп жатқан жаңашылдыққа ризашылдықтарын білдірді.
Қайнар:
Қармақшы аудандық сотының баспасөз қызметі