» » ЕҢБЕКТІҢ ЕБІН ТАПҚАН ТАБЫСТЫ БОЛАДЫ

ЕҢБЕКТІҢ ЕБІН ТАПҚАН ТАБЫСТЫ БОЛАДЫ

«ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА», «ҚЫС АРБАҢДЫ, ЖАЗ ШАНАҢДЫ САЙЛА» ДЕЙДІ ҚАЗАҚ. КӨКТЕМ КЕЛІП, ЖАЗ ШЫҒАР МАУСЫМ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫН БАСТАУҒА ҚОЛАЙЛЫ КЕЗЕҢ. ОСЫНДАЙДА ҮЙ САЛЫП, КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗЕТІНДЕРГЕ ТЕРЕЗЕ МЕН ЕСІКТІ ДҰРЫС ТАҢДАУ МАҢЫЗДЫ. ӨЙТКЕНІ ОНЫҢ ПАЙДАЛАНУ МЕРЗІМІ 35-40 ЖЫЛҒА ДЕЙІН СОЗЫЛУЫ МҮМКІН. ЖОҒАРЫ САПАДАҒЫ АҒАШ ТЕРЕЗЕ ОРНАТУҒА КӨПШІЛІКТІҢ ҚОЛЫ ЖЕТЕ БЕРМЕЙДІ. БАҒАСЫ ДА БІРНЕШЕ ЕСЕ ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ. СОНДЫҚТАН ҚАЗІР ЕҢ ТИІМДІСІ – ПЛАСТИК ТЕРЕЗЕ ОРНАТУ. ОЛ ҮЙДЕГІ ЖЫЛУДЫ САҚТАП, СЫРТТАҒЫ ШУ МЕН КҮН СӘУЛЕСІНЕН ҚОРҒАЙДЫ.
Осыдан оншақты жыл бұрын металло-пластикалық есік-терезені ауданға алғаш болып әкелгендердің бірі – Әбдірахмановтар. Әнуарбек ағаның тұңғышы Мейрамбек жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мамандығына сай жұмыс таппады. Арман қуып Алматыға аттанды. Сонда пластикалық есік-терезе жасайтын цехқа жұмысқа орналасып, біздің өңірге әлі келіп үлгермеген кәсіптің түрін еркін меңгерді. Жұмыс істей жүріп, жиған жалақысына құрылғылар сатып алды. Ісін мұнан әрі Қызылорда қаласында жалғастыруды жөн санады. Алғашында шағын бір бөлме жалға алып, тапсырыс қабылдап, кәсібін бастаған Мейрамбекке әкесі көп қолдау білдірген. Бұрын-соңды ешкімнің үйіне орнатылмаған есік-терезеге ауданнан да тапсырыс қабылдады. Ұлының бастамасын кент ішінде жарнамалаған әке жұмысы нәтижесіз болмады.
– Ең бірінші 2 үй 2-3 терезеге тапсырыс бергенде қуандық. Оны дереу өлшеп алып, Қызылорда қаласынан жасап әкеп, орнатып жүрдік. Бертін келе тапсырыс саны артты. Қалаға барып жүргенде уақыт жоғалтатын болдық. Сондықтан үй алдына көлеңкелейтін сәкі салып, құрылғыларды сонда орналастырып, жұмысты жалғастыруға тура келді. Екінші ұлым Айдос сол жылдары 11-сыныпты бітірген. Кө­мек­ші болып жүрген ол барлығын тез-ақ меңгеріп алды. Нә­тижесін көр­гендіктен болар кәсіппен ай­на­лысам деп бел буды. Мейрамбек отбасын құрып, қалаға кеткеннен соң Айдос кә­сіпті өзі жалғастырып әкетті. Қазір Мейрамбектің Қызылорда қаласында үл­кен цехы бар. Онда 4-5 адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Тұрмысы да жақсы, – дейді кәсібінің жемісін көрген ұлына разы әке.
Ал Айдос 2012 жылы кәсіпті кеңейтпек оймен қосымша жалюз перделерін жасауға кіріскен. Алматы қаласына барып, арнайы жалюз перделерін жасайтын цехтан оқып, үйреніп, құрылғыларын алып келеді. Жалюздің тканді, тігінен, көлденең, күндіз-түн, фото, пластикті, альюминді барлық түрін жасайды. Маталардың да бірнеше түрі бар. Бағалары сапасына қарай әр алуан. Ешқандай мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алмаған, бәрін өзінің тірнектеп жиған тиынынан жасап, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбеккерлерінің де жалақысы жоғары, тапсырыстың көлеміне қарай төленеді.
– Біз алғаш пластик терезе жасау ар­қылы ауданда тұралап қалған шағын кә­сіпке дем бердік. Алғашында сұраныс өте жоғары болатын, қазір де жаман емес. Де­генмен пластикалық терезе жасайтын кә­сіп иелері күн санап артып келеді. Жалюз перделеріне күз бен қыс мезгілінде тапсырыс жоғары. Қазір мекемелер мен мектептер, балабақшалар жалпы көпшілігі ыңғайлы әрі сәнді жалюз перделерін ұстайды, – дейді кәсіп иесі.
Расымен пластикалық есік-терезеге деген талғам артқан сайын шеберлер шаруасын ширата түсті. Бәсекелестік қалыптасқан ортада қашан да сапалы қызмет жүреді. Қазір жалюз перделеріне тапсырыс қабылдаушылар да көп. Бірақ әр кәсіпкердің өз несібесі бар. Халықтың көзі ашық, тыныс-тіршілігі кеңіді. Өзіне тиімді, көңілге қонымды етіп, тез әрі сапалы жасайтынына тапсырыс береді.
Қандай істі қолға алсаң да бірінші талап пен білім керек. Білімің ешкім сенен тартып ала алмайтын ең мықты қаруың. Адам кәсіп аша алады, бірақ білімсіз бәрібір оны дамыта алмайды. Бүгінін емес, ертеңін терең ойлайтын, білімі мен жігеріне сенер кәсіпкер көбейе берсін. Себебі кәсіп көзін тапқанға табыс әкеледі.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
16 сәуір 2019 ж. 1 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930