ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІНІҢ АУДАН ХАЛҚЫНА ҮНДЕУІ
Құрметті Қармақшы ауданының тұрғындары!
Біз, аудан жұртшылығы, ұрпағымыздың өсіп өркендеген және экономикасы дамыған, болашағы жарқын елде өсіп-өнгенін қалаймыз.
Дегенмен, ауданымызда жастар арасында құқық бұзушылық оқиғаларының, оның ішінде топтық төбелестің орын алып отырғандығы жасырын емес. Біз бұл қалыптасып отырған ахуалға немқұрайлы қарай алмаймыз. Сондықтан, осындай себептермен адам өлімі орын алып отырған жағдайда ұрпағымыздың қыршынынан қиылғандығына жүрегіміз сыздайды. Бүкіл аудан тұрғындарының да талап-тілегі осы.
Ел бірлігінің сақталып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта қоғам болып қолға алуға керекті, уақыт күттірмейтін мәселелер бар. Атап айтқанда:
- әрбір ата-ана өз балаларының жүріс-тұрысы мен тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарауы керек;
- қоғамдық тәртіптің сақталуына әрбір аудан тұрғыны атсалысып, құқықбұзушылық әрекеттерге қарсы тұруда азаматтық көзқарас танытуы тиіс;
- құқық бұзушылық пен қылмыстық әрекеттердің көбінесе спирттік өнімдер салдарынан орын алып отырғандығын ескере отырып, тойханалар мен кафе-дәмханалдардың, ойын-сауық орындарының жұмыс жасау уақытын сағат 24.00-ге дейін белгілеп, аталған нысан егелерінің бұл ұсынысқа түсіністікпен қарауға шақырамыз және спирттік ішімдіктер сатудың уақытын қабылданған заңнамалық нормаларға сәйкес қатаң сақталуын қамтамасыз ету керек;
Біз кәсіпкерлікті қолдаймыз! Дегенмен, адамның өмірі, ұрпақтың тәрбиесі бәрінен қымбат!
Құқық қорғау органдарынан, басқа да құзырлы орындардан ауданымыздағы қоғамдық тәртіптің сақталуы мен құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимылды түбегейлі қалыптастыруды талап етеміз!
Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге дер кезінде жедел әрекет етуге барлық қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды, ел ағаларын, зиялы қауымды жұмылуға шақырамыз.
Үндеу Қармақшы аудандық Қоғамдық кеңестің 2019 жығы 12 сәуір күні өткен отырысында қабылданды.