» » Шөптің бәрі орайын тапса дәрі

Шөптің бәрі орайын тапса дәрі


Бірде сырттан қонақ келіп, Қорқыт ата кешеніне жол тарттық. Ал ондағы жайқалған сарғалдақты көргенде есіміз ауысқандай бірінен соң бірін жұла бастадық. Бірі – селфилетті, бірі – үйіне әкетті. Ал қалғаны аяқ астында тапталып, жерде қалды. Алыстан үлкен кісінің сөккен дауысы естілді. «Әлі тұқым шашпаған сарғалдақты жұлғандарың не, келер жылға сиреп кететін болды ғой», – деп айқайлап жатыр екен. Бұл сол жерде жұмыс істейтін Мағауия ағай еді. Қамыққанына қарап біз де біраз абдырап қалдық. Кірерге тесік таппай, қайран гүлдің жанын түсінгендей күй кештік.
Міне, тағы да көктем келді. Таби­ғаттың таңғажайып құбылысы – өсімдік атаулы көктей бастады. Бір-бірімен жарыса өскен шөптің құлақшасына қарап мәзбіз. Бірақ оның қандай шөп екенін білмейміз. Рас қой? Сыр өңірінің өзінде 800-ден аса өсімдіктің түрі өседі екен. Оның 54-і шипалы өсімдік. Атауын жіпке тізгендей тізбектесек бір мақалаға сыя қоймас. Сол үшін өзімізде өсетін, қадірін біле бермейтін, кейде тіпті аяқ астында тапталатын шөптерге тоқталғанды жөн көрдік. Ендеше әсем табиғаттың өсімдіктер әлеміне бірге саяхат жасалық.
Бақшада, көше арықтарында сап-сары гүлі бар бақ-бақтың өсіп тұрғанын көрмейтін адам кемде-кем шығар. Бала күнімізде де гүлін сабағынан жұлып алып, жинайтынбыз. Жасыратыны жоқ, көбі оны арам шөпке балайды. Жол бо­­­йынан көрсе мән де бермейді. Негізінен бақ-бақты халық еміне пайдаланған. Оны қыркүйек, қазан айында теріп алып, күн көзі түспейтін жерге кептіреді. Өзегінен аққан сөлді Орта Азия халқы сүйел кетіруге қолданса, гректер мен римдіктер тері ауруларына жақпа май ретінде жаққан екен. Тұнбасы тәбет ашуға, астың қорытылуына ем. Бақ-бақтың жапырағынан алынатын сөл – қан аздығына таптырмас шипа. Бір қызығы бақ-бақ семіздіктен арылтып, сымбатыңызды сымдай етеді. Мұны диета ұстағанда қосымша гүлінің қайнатпасын ішеді. «Жұпар иісті шөп қандай?» деген сауал қойылса, «жусан» деп жауап бермейтін адам жоқ шығар, сірә?! Жусан иісі – туған ауылыңның сағынышын, мауқымын бір басатын қадірлі шөп. Ал пайдасы қандай? Жусан қатерлі ісікті 16 сағатта жоқ қылады екен. Мұны АҚШ-тың Калифорния штатындағы университет ғалымдары ғылыми тілде Artemisia Annua деп аталатын өсімдіктің бар-жоғы аз уақытта өкпе рагы жасушаларының 98 процентін бірден жойып жіберуге қабілетті екенін анықтаған. Иә, кәнігі қазақ сахарасының кез келген жерінде жұпар иісі бұрқырап өсетін жусан шөбі. Америка ғалымдары жусанды бұл мақсатқа пайдалана білудің де өз ерекшелігі бар екенін айтып отыр. Мәселен, оның бір жылдық өскінін емге қолданған жағдайда ол өкпедегі қатерлі ісіктің тек 28 процентін ғана жояды. Ал егер оған темір қоспасын қосып пайдаланса, өсімдік ракты толық құртып жібереді екен. Зерттеу нәтижесі артемизинин препаратының рак жасушаларының қарқынмен өсуін толық бақылауда ұстай алатынын көрсетіп берген. Ал қазекем шипасын сол кезден-ақ білсе керек, ертеден қастер тұтып, алыс сапарға шыққанда ұдайы жанына бір бумасын алып жүрген.
Тоғайлы орманда тал, жиде, шеңгел, қаратал көп кездессе, Сырдария өзенінің бойы қамыс-қоғаға толы. Бала кезімізде өрістен мал күткенде осы қоғаны алып, тұтатып масадан қорғанатынбыз. Қоға – дара жарнақтылардың қоға тәрізділер тұқымдасына жататын өсімдік. Айма­ғымызда кездесетін қоғаның 7 түрі бар. Биіктігі 3-4 м, сабағы ұзын және жуан төселмелі, батпақты-сулы жерлерде өседі. Маусым-тамыз айларында жемістенеді. Жемісі жаңғақша, ұшуға бейімделген қанатшасы болады. Қоғаны арқан, жіп, ыдыс жасау мен құрылыс материалы ретінде пайдаланады. Сондай-ақ, мал дәрігерлер практикасында қоға тамырынан кисель дайындап, оны іші өткен малға ішкізеді. Ал мал жайылымдық жерлерде баялыш, бұта қазақ даласына көрік берсе, беде мен жоңышқа да мал азығы үшін өте керекті көп жылдық өсімдіктер. Олар топырақтың құнарын арттырып, егіс алқабын жақсарту үшін егіледі. Жоңышқа – Азия, Еуропа, тіпті Африкада өсіріледі. Оның жер шарында 100-ден аса түрі кездеседі екен. Жоңышқаны ұлтымыз «азот қоймасы» деп те атайды.
Дәрілік өсімдіктің бірі – жалбыз. Хош иісті жалбыз солтүстік ендікте көп тараған. Елімізде оның дала жалбызы, су жалбызы, бұйра жалбыз, азия жалбызы, бұрыш жалбыз секілді 9 түрі өседі. Оның сабын иісін шығару, эфир майын алу және дәрілік үшін маңызы зор. Римдіктер күні бүгінге дейін қонақ шақырғанда үйдің еденін, қабырғасын жалбызбен жу­ып, тазалайды екен. Хош иіс келген кісінің көңілін көтеріп, жақсы атмосфера сыйлайды. Жалбыздан алынған эфир майынан ментол өндіріледі. Ол парфюмерия, косметика, кондитер, та­мақ өнеркәсібінде, тіс пастасына ке­ңінен қолданылады. Жүрек-қан тамыры аурында да оның өзіндік орны бар. «Жалбызымның жоғынан, жалғызымнан айрылдым» деген тәмсіл осыдан қалса керек.
Қызылмия деген шөпті естуіңіз бар ма? Оны дария жағасынан, тоғайдан, бақшадан кездестіруге болады. Медицинада асқазан ауырғанда, ішек жарасында, өңешке суық тигенде, бауыр ауырғанда пайдаланылады. Сонымен қатар, суық тигенде, тыныс мүшелері, құлақ ауруында мия тамырын, долана немесе жалбыз берген. Емдік шөптер науқасты терлетіп, ауруынан айықтырған. Ықылым заманнан табиғаттың қыр-сырын толық меңгерген қазекем әр өсімдікке өзінше баға берген. Әсілінде, адыраспан қасиетті шөп саналған. Жалпы қазақ ырымшыл халық. Егер қандай да бір жағдайға тап болса, жолы байланса, сондай-ақ үйінен береке кете бастаса «адыраспанмен аластау керек» дейді. Рас қой? Қай қазақтың үйіне барсаң да адыраспан ілініп тұрғанын көреміз. Ол тіл-көзден, бәле-жәледен аулақ болуды мансұқ етсе, түтіні – бөлме ішін микроб, инфекциядан тазартады. Бұл өсімдік маусым, шілде айында гүлдейді. Адыраспанның сабағы мен тамырында 3 процент алколоиттер болады. Өсімдік өңірдің сор топырақты жерінде қаулап шығады. Бір қызығы, адыраспанды үзер кезде дұға оқып алады екен. Табиғаттың тылсымына қарап қалай тамсанбайсың? Тіпті тұқымын таратуға асығатын өсімдіктер бар. Тұқымы таралған соң – өзі жоқ болатын да өсімдіктер бар екен. Оған бәйшешекті, қазжуаны, қауашақты, құртқашаш пен өгейшөпті жатқызамыз. Олардың арасында қызғалдақтың орны айрықша. Ол жайында халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Тәңіртаудың қызғалдағының дүниежүзіне даңқы шыққан. Қазір Голландия өсіріп, әлемге таратып, қымбатқа сатып жүрген гүлдің түп атасы, осы біздің Тәңіртаудың «Грейг» аталып кеткен, біздің елдің қызғалдағы» деген. Қызғалдақтың Отаны – Қазақстан екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойды. Яки әлемге әйгілі Голландия қызғалдағының түп тамыры Қазақстан деп мақтанышпен айтуға толық негіз бар. Мәселен, «Қызғалдақтар падишасы» деген атпен белгілі грейг қызғалдағы еліміздегі ең ірі қызғалдақ болып есептеледі. Голландия қазіргі кезде дүниежүзіне қызғалдақ сұрпының 2 миллиардтан астам пиязшығын шетелге сатып, 22 миллиардқа жуық доллар пайда табуда.
Кезінде ауданда «жоса» деген шөп көп өссе керек, «Жосалы» атауы осыдан шықты деседі. Себебі, Диірментөбе жақты алыстан бақыласаң жері қып-қызыл боп көрінеді екен. Жоса атауын естігенде ақпарат жинамаққа «Гугл» апаға кіріп қарадық. Нәтиже жоқ. Ғаламтордың еш жерінде бір ауыз әңгіме айтылмапты. Келесі қадам тұрғындарда еді. Көше бойын аралай кезіккен жандарға сауалнама жүргіздік. Мұның да нәтижесі көңіл қоншытпады. Нақты жауап ала алмадық. Салымыз суға кетіп отырғанда жұмыстағы әріптесіміз Ерсін Сәдуұлы қызық мәлімет айтты. Айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын көршісі үйінің дуалын әктеп берген екен. Қанық күлгін түске. Химиялық бояу емес, кәнігі жоса шөбінің бояуымен әктеген. Көршісі бір уыс шөпті суға тұндырған. Сол кезде оның бояуы суға еніп, әдемі түс беріпті. Жосаны қайдан алғаны жайында толық ақпарат біле алмадық. Себебі ол кісі дүниеден өтсе керек. Ал сіз жоса шөбін білесіз бе? Білуіңіз міндетті. Өйткені бұл топырақ сол шөптің атымен әйгілі.
Түйін.
Қазір дарқан даламыздағы шөптің қадіріне енді-енді жетіп келе жатқандаймыз. Кәнігі үнді шайының орнына шөп шәй ішетін болдық. Бірақ қазекем бұған толық көше қоймады. Әлі де шөп қадірін білмейміз. Иә, жазылған жай табиғат әзірлеген әсем өсімдіктерге арналды. Жазылмағаны қаншама?! Ал сіз шөп қадірінің қасиетін саралап көрдіңіз бе?

Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
08 сәуір 2019 ж. 2 411 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031