САҚАЛ – сән бе, мән бе?
«Шөженің атына Абай қанық, бірақ көргені осы. Атын ести сала ол бурыл сақалдан сытыла жөнеліп топтың алдыңғы қатарына ілесіп, Шөжені жақсылап қарап, сөзін тыңдай бастады». Бұл жазушы Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармасы «Абай жолы» эпопеясынан үзінді. Мұндағы бурыл сақал дегені – Құнанбай қажы еді. Жазушы сонымен қатар, айтулы шығармада «сақал» сөзін кейіпкерді образдауда жиі қолданған. Атап айтсақ, атшабар қара Қамысбайды қаба сақалдыға, кесек мұрын, қызыл бет Бөжейді қоңыр сақалдыға, Алшынбайды ақ сақалдыға теңейді.
Бұған қарап қазақ қоғамында, қазақ тарихында сақал қоюдың өзіндік ерекшелігін байқаймыз. Сақал – ер кісінің жас шамасын, тұлға-бітімін, мінез-құлқын, қоғамдағы орнын, тіпті қызмет-білігін де айқындайды. Сақал қашан да бізге жаңалық болған емес. Бағзы заманнан таныс. Қобыз атасы – Қорқыт, ғұлама әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи бабамыз бен қазақ халқының қамын жеген текті тұлғалар – хандар мен билер, батырлар мен сал-серілер, сондай-ақ қазақтың бас ақыны атанған һакім Абай, шындықты шырақ етіп ұстаған Шәкәрім, қазақ баласына білім сәулесін түсірген Ыбырай, Алаш арыстары мен жыр алабы – Жамбыл, халқын өлеңнен кенде етпеген Кенен ақынның қайсысын сақалсыз елестете аласыз. Алмаймыз, әрине. Өйткені, сақал қою – қазақ атамызда ертеден бар дәстүр. Әсілі, сақал туралы сырдың сан-саққа жүгіріп, «көсем-көселердің» көбейгені кешегі кеңес заманы. «Өткенге топырақ шашпа, болашақ тас лақтырады» дейміз-ақ. Десе де, ішіміздегі итті де өлтіргіміз жоқ. Сол бір желкеден төнген жетпіс жылда адал астың орнын арақ басқанын, шынайылықтың орнын жалғандық пен жала алмастырғанын қанша жасырсақ та шындықтың бетін көлегейлей алмаймыз. Соның сарқыншағы болар – кей үлкеніміз (артық айтсам, айып етпеңіз) әліге дейін бата мен тілекті ажырата алмауда. «Алып қояйыққа» үйренген ауыз алдымыздан жиі ұшырайды. Сол бір қияңсыз кезеңнің қиғылығы нағыз ердің белгісі – сақалдан да сырт айналып өтпепті.
– Сақал өсірмедік. Уақыт солай болды. Кезінде комсомол, партия мүшелігіне өттік. Қазір жастар бақытты. Себебі қаласа – сақал қоя алады. Депутат Бекболат Тілеуханов, жүйріктері желден озған Жүрсін Ерман, айтыскер ақын Балғымбек Имашев, Мұхтар Ниязов, Мұхамеджан Тазабеков, сондай-ақ өнер жұлдыздарының сақал қоюы жарасымды, – дейді аға ұрпақ өкілі Беркімбай Бүркітбаев.
Сақал демекші, ертеде Әнипа атты апа болды. Оны жұрт «сақалды апа» деп атайтын. Иегінде ерлердікіндей шоқша сақалы болды. Кейде сақалды апайға балалар күліп жататын. Оған оның еті үйреніп кеткен. Сырт көзге мән бермейтін. Жақында интернетті ақтарып отырсам, мұндай жайт қырғыз қызы Бурулуш Тойғанбаеваның басында да бар болып шықты. Ол отыз жылдан бері сақал өсіріп келеді екен. Алғашқыда жұлып көрсе, одан бетер қаулап өсіпті. Содан соң сақалға көндігіп, «бұл да болса – Алланың бергені шығар» деп тимепті. Әрине, әдетте сақалды ер адам қойған ғой. Дәрігерлердің айтуынша, әйел адамдағы сақал өскіні – денсаулықпен байланысты. Әсіресе, эндокриндік жүйенің бұзылысынан, гармоннан болатын ауытқу екен. Ал, енді сақал жайында дінде не айтылған? Оның қандай қадір-қасиеті бар?
– Сақал – діннің талабы емес. Әйтсе де, Ислам діні – сақалды 100 процент қолдайды әрі лайық көрген. Аңғарсаңыз мұнда міндеттелген деген сөз қолданылып тұрған жоқ. Сүннет – яғни, орындасаңыз – сауап, орындамасаңыз – күнә болмайды. Жалпы ер адамның сақал қоюы – мақұл. Шашты, тырнақты қалай күтсеңіз, оны да солай көрікті етіп қою керек. Сақалдың қадір-қасиеті – ол көп нәрсеге тоқтам береді. Халқымызда: ақсақал, қарасақал деген ұғым бар. Бұл жасына қарай айтылған. Елуден соң сақал ағарады. Кей кісі оған тоқтағысы келмейді. Ол алпыста да, жетпісте де жас болғысы келеді. Соған сай әрекет етеді. Адамның көңілі қартаймайды, дегенмен, жаспен бірге секіріп билеп жүрсең өзіңнен кейінгіге қалай өнеге болмақсың. Үлкен кісіге сақал қойса жараспай ма? Абай елу төртінде өмірден өтті. Оның портреттік образы даналыққа тұнып тұрған жоқ па? Ақсақалдар алқасы дегеннің өзі көп нәрседен хабар бермей ме? Елестетіңізші, ер адам сақал қоймаса, қартайған сайын кемпірбеттене береді, – дейді дінтанушы-магистр Ж.Әбиұлы.
Түйін:
Сақал дегенде, жарықтық Қожан атам есіме түседі. Соғыстан мүгедек болып оралған ол қырық жыл төсекте жатып, бес уақыт намазын оқыды. Сонда деймін-ау, бурыл тартқан шоқша сақалын сипап қойып, бізге мейірлене қарайтын. Соның өзінен немерелер атаның үлкен махаббатына шомылатынбыз. Ұшарға қанат болмаса да, төбеміз көкке жеткендей мәз едік. Балалық кездегі тасқа қашалған тарихтай із қалдырған тәтті естелік қой бұл. Оны қалай ұмытпақпын.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».