» » Болашақ кемел болсын десек...

Болашақ кемел болсын десек...

Біз кімді тәрбиелеудеміз? Келешек елдің тізгінін ұстар кімдер? Осы сауал соңғы уақытта көптің көкейінде жүр. Себеп те жоқ емес. Әлеу­мет­­тік желілерде әлсін-әлсін бесіктен белі жаңа шыққан жасөспірім­дердің тентектік видеолары қаптап кетті. Құдды жаңбырдан соңғы саңырау­құлақтай. Бірі – өз қатарласына үстемдік жүргізіп жатса, бірі – замандасының «үстінде» атой салуда. Атың шықпаса жер өрте дегендей. Әлгі видеоларға қарап, құдды қылмыстық әлем жайындағы фильм тамашалағандай боласың. Әсіре сілтеу емес, жасөспірімдердің бұл қылығы жай тентектік те емес, нағыз озбырлық. Қоғамда тағы сауал, мұндай озбырлық қайдан шығуда? Оған қалай бөгет болмақпыз.


Осы сауалдардың түйінін шешу үшін аудандағы барша мектептің бас педагогтары, ұстаздар, қоғам белсенділері, құқық қорғау саласының басшылары, жергілікті атқамінерлер кент орталығындағы №250 мектеп-лицейінде жолықты. Таразы басына келелі мәселе түсіп тұр. Шешімді жолы қайсы?
Бала тәрбиесі, ұрпақ саулығы мен саламаттығы тек педагогтың мойына жүктелген міндет емес. Оған қоғамның кез келген мүшесі жауапты. Қай сала да ұрпақ өмірін баянды етуге атсалысады. Дегенмен, тәрбие саласы көп жағдайда ұстаздарға артылғандай көрінеді бізге. Ол рас, қоғамдық санада оқушыға қай кезде де мұғалім жауапты деген көзқарас қалыптасқан. Анығын айтқанда, шәкірт үйде де, түзде де, мектепте де мұғалімнің назарында болуы тиіс. Құдды мектеп білім беруші емес, балалардың не істеп, не қойғанын қадағалауға негізделген ұйымдай. Ал, мұғалім сол ұйымның қызметкері іспетті. Мағжан айтқандай: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» емес, таса мұғалімдікіндей. Әрине, тасадан бақылау оңай. Шынтуайтыны керек, қоғамға мұғалімге тексеруші, бақылаушы, жазалаушы кейіпте қараудан бас тартып, болашақты қалыптастырар тұлға ретінде қарау қажет-ақ. Осы орайда, Елбасының мұғалім мәртебесін көтеру туралы заң қабылдау туралы нұсқауы да түрткі болса.
Жиын барысында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Омаров оқушылар арасындағы басбұзарлықты тоқтату бағытындағы жұмыстарын саралап, жыл көлемінде атқарар жоспарымен бөлісті. Жұмыс бар, бірақ нәтиже жоқ. Неге? Себебі де түсінікті. Өйткені ата-ана оқушы тәрбиесі мен тәліміне келгенде бар жауапкершілікті мұғалімге ысыра салады. Қазір «баласы жаманды емес, оқушысы жаманды түйе үстінен ит қабар» қоғам қалыптастырдық. Жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 7 қылмыстық жағдай тіркелген. Тіркелмегені қанша? Дені – ұрлық-қарлық. Өзгенің мүлкіне қызығушылық таныту, онысымен қоймай рұқсатсыз қалтаға басу көпшілікке жай тентектік көрінер, бірақ бұл – қылмыс. Жай қылмыс емес, үлкен қылмысқа бастар жол да болуы мүмкін. Ал, мұндайдың орын алуына мұғалімнің қандай кінәсі бар? Психологтардың пайымынша, бала тәрбиенің бастауын отбасында алады. Яғни, әліппесін ата-анадан үйренеді. Бала тіл шығып, қылық қалыптастырып, ненің-не екенін сұрай бастағаннан жөнді жолға салу ата-ананың құзырында. Ала жіпті аттамау тәлімі де осы сәттен басталады. Обал мен сауаптың да жайы сол кезде бой көрсете бастайды. Қазақ отбасы институтындағы тәйт һәм жаман болады, обал болады, ұят болады «вакцинасы» шаңырақ ішінде егіледі. Ал, ұстаз білім әліппесі мен тәлім-тәрбие әліппесін ұштастырушы ғана. Өйткені, бұта мектепте емес, отбасында бүршік жарады ғой.
Қазір білім саласында «қиын бала» деген әңгіме бар. «Қиын бала» қайдан шығады? Оны қайтып ортаға қосамыз? Осы тұрғыда баяндаған білім бөлімінің басшысы атаулы тізімге енгендерді үйірме, өзге де шараларға тарту бағытындағы жұмысын саралады. Бақсақ бақа дегендей, «қиын балалардың» дені «бүтін емес» отбасылардан шығатын көрінеді. Өйткені, қазақта «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген бар. Бала санасын тостақанға баласақ, оның жартысын әкесі, екінші бөлігін анасы толтыруы тиіс. Ал, әкені, не шешені ғана көріп өсіп жатқан ұрпақ кей жағдайда «тетігін табуға» емес, кері жол салуға бейім тұрады. Білім бөлімі басшысының сөзі түптеп келгенде отбасы емес, отбасы құруға бағыт алған жастардың болашаққа жоспарды жөнді құрып, сол жоспарды нақты орындауға қарекет етуге негізделуі тиіс дегенге жетелейді. Айналып келгенде ұрпақ алдындағы жауапкершілік тек білім берушілерге емес, қоғам мүшелеріне де артылады.
Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев сала басшысына қадағалауда тұрған балалармен жұмыс жүргізуді, тек жұмыс жүргізуде емес, олардың санын азайтуды тапсырды. Мұнан соң сөз алған, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция бөлімі басшысының мін­детін уақытша атқарушы Ерлан Назарқұловтың жасөспірімдер ара­сын­дағы құқық бұзушылықты бол­­дырмау бағытындағы жұмысы жайында баяндамасы тыңдалды. Аудан­ның бас сақшысы тек баяндап қоймады, атаулы қылмысты болдырмау үшін әр сала бөлек қимылдамай, бірлесіп жұмыс істеу керегін тиек етті. Бірнеше мін­дет­темені де көтерді.
Үшінші болып мінберге кө­те­ріл­ген аудандық «Жастар ресурс­тық орталығы» коммуналдық мем­лекеттік мекемесінің басшысы Әділ Ибрахим жастар арасындағы «кері кетушілікті» болдырмау, жас­тар саясатын жүйелі жүзеге асыру жайын баян етті. Оның сөзінше, жасөспірімдерді бұзып жүрген әлеу­меттік желі. Ата-ана баласын бақыламайды. Қажетін һәм сұра­ға­нын әперсе жетіп жатыр. Ал жас­өспірімдер азаннан кешке дейін желіге жегіліп алған. Қайбір жылы «Синий кит» деген бәлекет шықты. Қанша жас соның желігінде кетті. Танымайтын, ойы арам бәзбіреудің айтқанын орындап, кей жастар оспадарсыз қылық қылды. Тәнін тіліп сурет салды, денесін жарақаттады. Тіпті, өзіне қол жұмсағандар болды. Әсіресе, «Вконтакте» желісі жасөспірімдердің тұрақты айлағына айналған.
– Кейде еш жерде тіркелмеген, не істеп, не қойғанын бұғып жүрер жастарды осы желіден табамыз. Бұл – қоғамдық «қоқыс» алаңына айналған желі. Пайдалы нәрседен гөрі, пайдасыздығы ұшан теңіз. Сон­дықтан әр ата-ана баласының телефонын тексеріп, немен айналысып жүргенін, кіммен сөйлесіп отыр­ға­нын білуі тиіс. Балаға сұра­ғанын әперіп қана тәрбиелеуге бол­майды. Қажетінше шектеу де қою керек. Жастарды жыйып шара өткіземіз. Сонда еститініміз кент орталығында ресми емес ұйымдар бар. Олар «басшыларының» айт­қанын бұлжытпай орындайды. Сол топтардың басшысын анық­тап, тікелей солармен жұмыс жүр­гізу керек. Жасөспірімдерді құқық бұзушылықтан бойын ада ету үшін қылмыскерлердің жайын көрсетуіміз керек. Түрменің, қамаудың, қылмыстың не екенін көрсету үшін алдағы уақытта экскурциялар ұйымдастырамыз. Бізде әлеуметтік желімен көп жұмыс істейміз, себебі жастар да, жасөспірім де азаннан кешке дейін сол жерде отырады. Құқықтық, психологиялық кеңестер беріп, бағыт-бағдар болудамыз, – деді Әділ Ибрахим.
Жиынды қорытқан аудан әкі­мінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев, баланың болашағы – елдің келешегі екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бір жасөспірім бұзақылық қылса, тұтас қоғам кінәлі. Өйткені, кез келген қоғам ұрпақ тәрбиелеуді бірінші орынға шығаруы тиіс.
– Мемлекеттің дамуы алға қарай ілгерілеуі үшін жастардың маңызы зор. Оларды дұрыс тәр­бие­леу, терең білім беру, тұлға ету бәрімізге жүктелген міндет. Біз жасөспірімді бұзылды деп дабыл қақпауымыз керек. Олардың теріс қылығын шығармауға қарекет етуі­міз аса қажет. Мұғалімге бар ауыртпашылықты артып, жауап­кер­шілікті үйіп төкпеу де керек. Мұғалім бала алдында қандай жауапты болса, ата-ананың да міндеті сондай. Біз ұстаздардың абыройын әбден түсіріп алдық. Мұғалім оқушыға жекісе де жауапқа тартуға даяр тұрамыз. Елбасы ұстаз мәртебесін көтеру туралы көтерді. Жуырда заң да қабылданады. Ешкім өз бо­ла­шағына салғырт қарамайды ғой. Жас­тар – біздің келешегіміз. Сон­дық­тан мемлекеттің болашағына бей-жай қарамайық, – деді Еркебұлан Қайырбекұлы.
Келелі мәселе сөз болды. Айтушы бар, бастысы тыңдаушы болса. Қазақ сөзге тоқтаған ел. Сөз құнын түсірмеген халық. Айтылған сөзден нәтиже шығару ғана қалды. Бала – бәріміздің болашағамыз.
Дастанбек САДЫҚ,
«Қармақшы таңы».
14 ақпан 2019 ж. 1 151 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 907

Сұхбат

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 941

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031