МӘСЕЛЕ МІНБЕРДЕ КӨТЕРІЛЕДІ
Апта ортасында ауданымызға іс сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бейбіт Мамраев, Кәрібай Мұсырман, Нұрлан Дулатбеков және Бақтияр Мәкен аудан активімен кездесті.
Кездесуде аудан әкімі С.Мақашов мәртебелі меймандарды Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ел экономикасы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін нығайту мақсатында өміршең болған бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды саралады. Оның ішінде, аудан орталығы тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету, электр желілерін жаңғырту және жолды жөндеу жұмыстарымен таныстырды.
Жиын барысында халық қалаулылары Бейбіт Мамраев пен Бақтияр Мәкен Парламент Мәжілісі отырыстарында қаралған мәселелер бойынша заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәлім етті. Өңірлерде халық игілігіне арналған жобалардың жүзеге асырылуын баян етті. Сонымен қатар, Елбасының қолдауымен іске асырылған әлеуметтік бағдарламаларды саралап, жиынға қатысушылар тарапынан көтерілген мәселелерге зейін қойды. Атап айтқанда, «Сыр дидары» газетінің тілшісі Қ.Төреев халық қалаулыларын кент орталығын кесіп өтіп жатқан теміржол өткелі арқылы автокөлік өтетін көпір салуға ықпал етуін сұрады. Жосалы кентінің әкімі Ш.Сыдықов қазір кент көшелерінде қоғамдық тәртіп бұзғандарға, яғни ретсіз қоқыс тастап, қоғамдық орындарды бүлдірушілерге айыппұл салу ішкі істер бөлімінің құзырында екенін, салынған айыппұлдан түскен қаржы республикалық бюджетке түсетінін айта келе, осы айыппұл қаржысын жергілікті әкімдікке түсетін етіп қайта қаралса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ә.Құлдүйсенов бүгінде өзге өңірлерде ауылшаруашылығын өркендетуде, яғни жеміс-жидек, бақша дақылдарын өндірушілерге үкіметтен субсидия бөлінетінін айта келе, Сыр өңірінде де осы саланы дамытуда еселі еңбек етіп жатқандар бар екенін тілге тиек етіп, аталмыш сала бойынша өңірде еңбек етіп жатқандарға да субсиядия бөлінсе деген ұсынысын айтты. Меймандар жиын барысында көтерілген мәселелерге байланысты өз ойын ортаға салды.
Сол күні халық қалаулылары Байқоңыр қаласында өткен «Нұр Отан» партиясы қалалық конференциясына қатысты, сонымен бірге тұрғындармен жүздесті. Ал, ІІІ Интернационал ауылында болған сапарында ауылдық кітапхана жанынан ашылған COWORKING орталығының жұмысымен танысып, оқырмандармен түрлі тақырыпта пікірлесті.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».