Мылқау мұң…
Қанатынан қан тамшылаған көгершінді жабайы мысық жұлмалай бастағанда бойымда әлсіз ғана қарсылық оянды. Қарды нығыздап, шұбарды көздедім. Дөңгелек пішінде жұмырланған қар ашыққан шұбарға соққы болып дарымады. Арқа жақтауы сынған орындықтың тақтайын шегесінен босатып алмақ болып жанталастым. Басын шайқаған бұжыр беттің тұңғиық қара көздерінің кінәлағанын жаратпадым.
– Тіліңіз байланып қалған ба?
Бейтаныс жігіттің үнсіздігі шаршаған жүйкемнің тамырларын құрсаулаған.
– Әлде тіліңіз жоқ па?
Сүйкімді жымиды.
– Жабайылыққа көз жұма қараған адамның мейірімділігі жүрегімде жиіркеніш сезімін туғызады.
Күрсінді.
– Жаралы қанат пен аштықтың қарым-қатынасы ешқандай формулаға негіз бола алмайды…
Бейтаныстың тәкаппарлығы ызамды келтірді.
– Аузыңызға құм құйып алғансыз ба?
Бұралқы мысықтың басын мыжғылап тастау үшін тас іздедім. Жер жасырмағанды қар жасырған. Бар күшімді жинап, биік темір өкшелі етігіммен шұбарды бүйірінен тептім. Оң аяғымды қайта көтере бергенде құлағым шуылдап, бойымды тіктей алмай құладым. Жарық әлемнің сұлулығын бағалай алмағанмен, жалған өмірді қимайтын жанарымда қорқыныш ойнаған. Жұмылған көздерімді алақаныммен жасырдым. Ашығып ашынған, қорланып қорғанған мысықтың тырнақтары мойнымды тілгілегенін үрей мен үмітсіздік араласқан сезіммен сездім.
Шұбардың мойнының үзілгенін көзіммен көрмесем де, өлімсірей шыққан жағымсыз даусы құлағымда қалып қойды. Жабайы мысықтың жемтігіне айналған жаралы құс түгілі, өзімді қорғай алмайтыныма қорландым.
Мақұлықтың түйсігін өзгертпек болған жабайы әрекетімді кешірген ол шашымды үнсіз сипады. Мысыққа қиянат жасап, өзін кешіре алмай тұрғанын саусақтарының дірілінен аңғардым.
Сұлулығын мақтан тұтатын ақын жігіттің сезімін қабылдамаған «Мендігім» бұжыр беттің шашымнан сипауына қарсылық білдірмеді.
– Өзім алғаш рет сүйген жігіт те шашымнан сипаған емес.
Ол жауап қатпады.
Бейтаныстың: – «Қап-қара шашыңның жұпар иісі еліктіріп барады» деген сөзін естігім келген.
Қаракөк түсті мойынорағышын мойныма нәзік қимылмен орап, мұңлы жымиды. Сүйкімді. Жанарындағы жылылық жанымды жылытты.
– Сұлулыққа оранған бетперденің жасандылығын шынайылықпен алмастыру үшін қанша жыл, қанша ғасыр керек? Жасандылық – сұлулықтың жазасы, – дедім.
–?..
– Жиіркенішті.
Оның жандүниесіндегі аласұру мен мағынасыздықты көзінен көргім келмей, жанарымды алып қаштым.
– Мойынорағышыңнан иіссудың жағымды исі шығады, – деп зорлана жымидым.
Ол үлкен тістерін ақситып, күлімсіреді.
Бір қызығы: мойынорағыштан шыққан күлімсі иістен сезімім жиіркенбеді.
– Табиғатына тән емес актерлік образбен өмір сүретін ақынды ұмытқым келеді. Оны «сүйдім» деп өзімді алдап, санамды адастырыппын. Соңында ақыл-ойыма бағынбайтын түйсігім жеңді.
–?..
– Жүрегім бір кезде өзіне ес-түссіз ғашық еткен адамнан жиіркенеді. Оны ұмытсам да, санамда сағызша созылып, тамшыдай тырсылдаған ойлардан жынданып кете жаздаймын. Күн сайын ұйқысыздықпен таңды атырам. Көзімді жұмсам, саябақта доп теуіп жүрген қара бала жылап, қолдарын сұрайды. Күнде қайталанатын түсімнен шошып оянам. Көзімді жұмуға жүрексінем. Оны соңғы рет жазда автобус аялдамасынан көрдім.
–?..
– Неге үндемейсіз? Екі қолы шынтағынан жоқ бозбаланың алдында менің не кінәм бар? Құдай аямаған пендені бақытты етуге екі аяқты пенденің қауқары жетпейді.
–?..
– Жақсы жаза алмасам, қолдарымның алдында жазықтымын.
Аппақ қарды уысында мыжғылаған бейтаныстың үнсіздігі өшпенділігімді оятты.
– Жүйкесі шаршаған адамның сандырағын тыңдап отырған, ақымақ, кереңсің бе? – деп айқайлап жібердім.
Мысқылдап күлкім келген, бірақ езуіме күлкі үйірілмеді. Оның көзінен аққан жас жүрегіме тамды. Жігіт мылқау еді.
– Жыламашы… жылама! Сен пендешілігі көп пенделер секілді құлағыңмен емес, жүрегіңмен естисің. Бәлкім, сенің даусыңды мен ести алмай тұрған шығармын. Даусымды айналамдағы адамдар естімейтін болған соң, өз жүрегімнің үнін ғана тыңдайтын болғам…
Аягүл МАНТАЙ