» » ДЕРТ АТАУЫ – ЖЕЛІГЕ ЖЕГІЛУ

ДЕРТ АТАУЫ – ЖЕЛІГЕ ЖЕГІЛУ

Соңғы уақытта кейбір адамдар  өзіне  ыңғайлы бөлек  әлемде жүргендей. Қоғамдық көлікте, жұмыс орнында, тіпті  дәрігер­дің кезегінде отырса да телефонға үңілген күйде отырады. Бұрын­ғыдай отбасындағы шүйіркелесуді «ватцап», көшедегі балалар ойынын «ютуб», жеңгетайдың рөлін «вконтакте», құрбылар сырын «фейсбук» ауыстырды. Тіпті, «инстраграмды» желеулеткен желіккен жастар жетерлік. Себебі, қазіргі жаһандану заманындағы ғаламтор, көгілдір экран мен алуан түрлі желілер ересектерді ғана емес, балаларды да «жаулап» алды.  Отқа май құйып, болмағанды болды, жоқ нәрсені бар деп асыра сілтеп, арандататындар да аз емес. Әрі бұл ақпараттық кеңістіктерде кеңінен етек алып барады десек, ақиқаттан алшақ кетпесіміз анық.

Бала күнімізде ата-анамыз «теледидарға жақын отырма, кітапты жатып оқыма» деген ескертуді көп айтатын. Алайда, ол сөздердің астарына бала болған соң терең үңілмесек керек-ті. Ал, қазіргі уақытта жанары солғын тартып, одан қиындық көріп жүргендер баршылық. Көз дәрігеріне көрінетіндердің дені жас­тар. Онда да көру қабілетін қалтафонға «желігу» арқылы нашарлатып алғандар.  Биылдың өзінде ауданда 4718 бала көз дәрігеріне барыпты. Бұған не себеп? Әрине, «ютуб». Әй, қайдам  «аш құлақтан – тыныш құлақ» отыру үшін баланың сұрағанын алдына тосатын ата-анадан бұл. Ересектер мен балалардың серігіне айналған «ютуб» желісіндегі қазақ анимациясына қарағанда шетелдік мультфильмдерді қараушылар саны миллионнан асады. Көргің келмесе де автоматты түрде құбыжық анимацияға қосып жібереді. Ұялы телефонның функциясына қанықпаған бүлдіршін сол қосылған мультфильмді көреді. Ойы енді ғана қалыптасып келе жатқан баланың санасын қан-жоса болып бірін-бірі өлтіргендер улап жатқанын бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті. Батыстық анимациялар қазақ баласының психологиясына ғана емес, тіл мен ұлтқа деген құрметіне кері әсер етеді.

Жалпы «Youtube» қорындағы бейнежазбаларды толықтай көріп шығу үшін 1000 жылдан аса уақыт кетеді екен. Ал, бұл уақыт аралығында  «Youtube» миллиардқа жуық жазба жүктеліп үлгеретін көрінеді. Оған тіркелген қолданушының 70 пайызы  АҚШ-тан болса, 50 пайызы 20-ға дейінгі жастар. Қазақстандықтардың қанша пайызы ютубта, қаншасы әлеуметтік желілерде отырып, оған қанша уақытын арнайтыны беймәлім. Алайда, тұрғындардың бүгінгі беталысына қарасақ, желінің ішіне ену дәуірі басталып кеткендей…
«Лайк» деген дүние бар. Бұл екі рет тінтіп басатын, шағын ғана жүрекше. Ал сол лүпілді алу үшін мерт болғандар да аз емес. Бұрынғы биязы, ұялшақ қазақ қыздары шешінді, намысшыл жігіті боянды, қара домалақ ойын балалары бұрыш-бұрышта клей иіскеді. Не үшін? Тіпті, біреудің өзіне-өзі қол жұмсауын бейнежазбаға түсіріп, оны желіге жүктеп әлек. Ал, онда «құлағанын түсір, болсаңшы секіріп кетеді ғой» деген секілді дауыстар естіледі. Сонда санамыздың сонша таязданғаны ма? Айтпақшы, бізге «центр внимание» де керек болды. Жақының тіпті туғаның қаза болса жұрт біліп, қайғыңызбен ортақ болғанын қалайтын деңгейге жеттік. Сонда ішкі сезім мен қасірет қайда қалды?
Әрине, ғаламтор – қоғам қажеттілігі. Бірақ, желіге жегілу жарға жықпасын. Таяқтың екі ұшы бар. Жақсы жағын алып, жаман жағын тастаңыз. Лайықты ғұмыр кешу үшін лайк жинау маңызды емес. Жай ғана күліп жүріңіз. Ал, қолдан келсе күніне бір жақсылық жасай жүріңіз.

Айнұр ӘЛИ
23 қараша 2018 ж. 1 503 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031