ТАЛАНТТЫ БАЛАЛАР ТӘЛІМГЕРІ
Пай, пай! Біздің аналарымыз-ай! Перзентінің таудай талабын алыстан танитын. Танып, біліп қана қоймай, оған бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін әзиз аналар-ай. Он бір баланың тоғызыншысы Жанатын өнерге баулымаса да, өнерді таңдауына дәнекер болған анасы Жұбатқан апа еді. Өзі де жиын-тойда ән салатын. Саналы ғұмырында жары Нұржігіт Нақыповпен бірге ұлпадай ұл-қызын мәпелеп өсірді.

Жанат Нақыпованың саладағы еңбегі ескеріліп, түрлі деңгейдегі диплом, алғыс хатпен марапатталған. Ол аудандық әуез мектебіндегі халық оркестрі мен орыс ансамблінің белді мүшесі.
– №183 мектепте білім алдым. Сол кезде ән айтып, би билейтінмін. Өнерге келуіме анам әсер етті. Менің ән салып, би билегенімді қатты қалайтын. Әр аспаптың өзіндік ерекшелігі болды. Мәселен, баян барлық аспаппен үйлесімді. Сүйемелдегенде дауыс ырғағымен де үндесе кетеді. Кез келген әнді сала бересің. Ұстаз болған соң, мақсатымыз белгілі ғой. Оқушың аспапты жан-жақты меңгеріп, әрі қарай осы салада еңбек етсе. Жалпы, бала баян сыныбында 5 жыл оқиды. Есту, есте сақтау қабілеті ескеріледі. Кейде бала бірден ашыла қоймайды. Уақыт өте келе дарыны ашылатын да жағдайлар болады. Бұл – мұғалімнің сабақ беруі мен түсіндіруіне де қарайды. Әр баламен 45 минут жеке сабақ жүргізіледі. Ұжымға келсем, ауызбірлігіміз мол. Ұйымшыл ұжымбыз, – дейді ұстаз.
Түйін:
Мұғалімнің айлық жалақысының көптігіне наразы болған басқа саланың қызметкері: «неге мұғалім көп айлық алады, біздікі неге одан аз», – депті. Сонда бір дана: «Өздеріңді оқытқан адамнан қалайша көп айлық алмақсыңдар», – деген екен.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».