» » ЖАҚСЫНЫҢ ЖҮЗІ АЛМАСТАЙ ЖАРҚЫРАЙДЫ

ЖАҚСЫНЫҢ ЖҮЗІ АЛМАСТАЙ ЖАРҚЫРАЙДЫ

Күнделікті қарбалас жұмыста бірі келіп, бірі кетіп жататын сырт адамдарына онша мән бере қоймайсың. Жұмысымыз қағаз-қаламмен байланысты болған соң, ойды бұзып алмауға тырысатынымыз бар. Өзіңе арнап келген шаруасы болмаса, мұндайда тыныштықты қалайтынымыз рас. Шығармашылық адамдарына тән кәдуілгі құбылыс қой. Сондай күннің бірі еді. Әр сөзі тайға таңба басқандай анық, жанға жылы тиетін әйел адамның даусы шығып жатты. «Кім болды екен» деген, қызығушылығым ба, білмедім, еріксіз әлгі кісіге назарымды аудардым. Қасымдағы тілші қызға өлеңдерін көрсетіп, жөн сұрап жатты. Редакцияға әдетте адамдар екі мәселемен келеді. Бірі – ақылы қызмет берерде, екіншісі – шығармашылыққа байланысты болғанда. Қарағанымда, алдымда сұңғақ бойлы, әдеміше келген, жасы елуден асқан әйел баласы тұрды.
Жұмысын аяқтаған соң, қолынан тоқу келетінін, тапсырыс берушілер болса сұранысқа қарай тоқып беретінін де жасырмады. Сөйтіп жүргенде арада зымырап уақыт өтіп жатты. Бір күні әлгі апай тілшілер қосынына мақаласын алып тағы да келді. Мен болсам, жақын танымаған соң, сырттай ғана қарап қоямын. Мекемеге келетін көптің бірі болар деген ойда едім. Терім жұмысымен компьютер бөлмесіне барып қалсам, бағанағы апай сонда тұр екен. Алып барған қағазымды қыздарға түсіндіріп тұрғанымда өзі туралы айтып жатыр екен. Иә, оның әңгімесіне мен де сол сәтте құлақ түргендей болдым. Құлақ түрмеу де мүмкін емес еді.Тұрмағамбет ауылына жұмыс сапармен барған ол сондағы №29 орта мектепте болып, ұжыммен кездеседі. Мектептен шыға берісте бірнеше бала орындықта қарлығаштай тізіліп отырса керек-ті. Солардың ішіндегі біріне көзі түседі. Қасында бірге келе жатқан мектеп директоры Зарипа Тасымова ол баланың атын «Даниял» деп таныстырады. Кейін келе Даниялмен жақын қарым-қатынаста болып, араласа бастайды. Әжесі атанады. Даниялдың мектепте туған күнінде өзі қызмет істейтін «Игілік» журналына немересіне арнап шығарған өлеңін жариялап атсалысады. Даниял да әже тапқанына өте қуанады. Тек онымен емес, Тамара Қалабайқызы бүгінде Даниялдың барша отбасымен араласып, туған бауырлардай болып кеткен жайы бар.
Осы оқиғаны естіген мен ол кісіге деген ықыласым ауды. Бұл дегеніміз – ананың балаға деген мейірімділігі мен махаббатының көрінісі. Мұндай жанашырлық, мейірбандылық екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік қой.
Уақыт өте келе Даниялмен таныстым. Әсіресе, екі кішкентай қызым онымен дос болып алды. Мейрамдарда бір-біріміздің үйімізге қыдырып, жақсы уақыт өткізетін болдық. Даниял – өте ашық, жанарынан нұр шашылып тұратын бала. Қатарының алды. Мектепте білім алады. Әр тоқсанғы демалыс күндерін Тамара әжесімен өткізуді әдетке айналдырған.
Бүгінде жас аралығымыз алшақтау болса да Тамара Төлегеновамен сырласпыз. Әпкелі-сіңлідей болып кеттік. Оның отбасымен етене таныспын. Сексеннен асқан анасы берекелі шаңырақтың ұйытқысы. Қашан да ақылын, өсиетін айтып отырады. Бауырлар бір-бірімен тату.
Тамара Қалабайқызының екі қасиетіне тәнтімін. Бірі – оның еңбеккерлігі. Қашан көрсең де ізденіс үстінде жүретіндігі. Шаршауды, шалдығуды білмейді. Үйдің де, түздің де, тірлігін тиянақтып, өзі атқара береді. Алла өзіне құдды бір қуат беріп қойғандай. Сөйтіп жүріп, журналға материал іздейді, сөйтіп жүріп қара шаңыраққа да қамқорын аямайды. Қарт анасы мен бауырына әркез жанашыр. Ауладағы жерді қопарып, оны гүлдендіріп, жасыл баққа бөлеп қоятын да осы кісі. Қола берекелі, ісі оңды. Екінші қасиеті – адамдармен қарым-қатынас орната білетіндігі, адам жатырқамайтындығы. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңілдігі, ойындағыны іркіп қалмай, айтып салатын өршілдігі тағы бар. Мынадай алмағайып уақытта бұл мінез кімге де керек секілді. Осыбір жақсы мінез-құлық оны әркез қоршап тұратындай. Себебі, айналасында жақсы-жайсаңдардың табыла кететіні, аралас-құраластығы осыны меңзегендей.
Адамға тағдырды Алла жазады дейді. Әрине, бұған сөзіміз жоқ. Бірақ, тағдыр барлық адам баласының оң жамбасына түсе бере ме? Әлбетте, жоқ. Осы бір жанның алдынан кездескен кедергілерді бұзып өтіп, таудың басында жеңімпаз болып талай шыққанына ризамын. Өмір – сынақ. Шындық қашан да су бетіне қалқып шығады. Тағдырына налыса да онымен күресе білген, талай жығылып құласа да орнынан қайта тұра білген жанның елудің сегізіне айшықты табыспен, жемісті жетістікпен келіп отырғанына мен де қуаныштымын. Ол – бірінші кезекте асыл ана, аяулы әже. Қаламы жүрдек ақын. Өмір жайында жазған өлеңдері мөлдірліктің, тазалықтың куәсіндей. Онда адал дос та, ағайын-бауыр да, үлкендік көрсететін ұстаз да бар. Ең бай адам сізсіз – Тамара Қалабайқызы. Осы байлығыңыз ешқашан тоқырамай тамырын тереңге жайсын, аласармай қанаты биікке өрлесін, таудай талабыңыз берік тұғырына қонсын. Бақытты адамдардың қатарында алға қадам баса беріңіз, жүзге жетіңіз!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
15 қазан 2018 ж. 2 508 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031