» » БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕ ДЕ жаңғыру керек

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕ ДЕ жаңғыру керек

Бала – болашағымыз. Баланы киіндіріп, тойындыру ата-ананың тікелей міндеті десек те, оның келешекте жақсы азамат болып қалыптасуына – кітаптың маңызы зор. Қазір балаларымыз қандай кітап оқуда? Қандай кітаптарға қызығады? Жалпы балалар арасында балалар әдебиетінің насихаты қалай жүріп жатыр?
Санамыз санға, ойымыз онға бөліне аудандық балалар кітапханасына бас сұқтық. Рухани қазына ошағының тұрақты оқырманымын. Таңертеңгі сағат 9-да кітапхана меңгерушісімен қоса, екі кітапханашы да орнынан табылды. Тәртіпке де, тазалыққа да ішіміз жыли кетті. Бізбен иықтаса ішке енген мектеп жасындағы екі-үш бала кітап сөресін аралауға кірісті. Сәлемдесуден соң кітапхана меңгерушісінің бөлмесіне асықпай жайғасып, балалар әдебиеті жайында сөз қозғадық.
Бүгінде аудандық балалар кітапханасына отыз жылға жуық уақытын кітапхана саласына арнаған білікті маман Айнұр Аманова басшылық жасайды. Кітапхананың кітап қоры – 37 мың дана болса, оның балаларға арналғаны – 20 мыңнан асады. Тұрақты оқырманы – 2842-ні құраса, 6-15 жас аралығындағы бала саны – 2690.
– Баланың рухани жан дүниесін байытатын да, ой интеллектісін дамытатын да – кітап. Ал, енді бізде балалар әдебиеті баланың талабынан шығады ма? Осы ойланатын мәселе. Сіздің сұрағыңыз да осы болып тұр ғой? Бұған былай деп жауап берер едім. Жалпы, балалар әдебиеті баланың рухани сусындауына жеткіліксіз. Неге дейсіз бе? Айтайын. Себебі, қазақ балалар әдебиеті әлемдік деңгейге әлі шыға алған жоқ. Сол баяғы Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әліден әрі аса қойғанымыз шамалы. Айтулы шығармалармен шектелудеміз. Шындығы сол, бұл – осыдан 40-50 жыл бұрынғы шығармалар. Насихат, жарнама жетпейтіндей бізге. Мысалы, «Гарри Поттерді» алыңыз. Санай беріңіз, жылына бұл шығарма неше рет басылып шығады. Әрбір басылымы – миллион дананы құрайды. Фантастикалық күрделі шығарманы оқу оңай емес. Шығарманы оқымас бұрын оған арнайы берілген түсінік кітабы бар, бірінші соны оқып тауысу керек. Ал, бізде сондай күрделі шығарманы оқитын талантты оқушылар көп. Жарнама дегенде – кәдімгі мультипликацияны алайық. Бізге бала келгенде ол өзіне қандай кітап алу керегін алдын ала біліп келеді. «Балапаннан» көрген мультфильмін сұрайды, – деді меңгеруші. Сәл үнсіздіктен соң сөзін қайта жалғаған Айнұр Әзілханқызы қасыма еріп барған бес жасар қызыма назарын аударды.
– Атың кім?
– Айым.
– Айта қойшы, мына кітапты біле­сің бе, деп «Күнкей қызды» қолына ұстатты.
– Иә, білемін, бұл ертегі...
Қызым алдына қойған басқа да күнде теледидардан көріп жүрген ертегі, мульфильмдердің мазмұнына тоқтала жөнеліп еді, енді қолына «Нанбатыр», «Қарақұсбай», «Хан Шалқан» атты қазақ ертегілер топтамасын ұсынды.
– Мына ертегіні білемісің?
– Жоқ, – деп балам басын шайқады.
Айнұрдың сөзінің жаны бар екеніне көзіміз жеткендей. Сала маманы үстелдің үстіне тағы бірнеше кітапты қойды да маған қарады.
– Мынау Сұлтан Қалиұлының «Армысың ауылым», Бағдат Мәжитовтің «Балдәурен» кітабы. Жалпы, жақсы шығарма. Бірақ – оқуға тартымсыз. Кітаптың көркемдігі, көрнекілігі әлсіз. Шрифтері майда. Мұқабасы әдемі емес. Осы ретте айтар ұсынысым бар. Мен оқыған, кітапты көп оқитын отбасынан шықтым. Кітапты отбасы болып оқыса. Ата да, әже де, ата-ана да кітап оқыса – бала да кітапқа қызығады. Ортақ тақырыпты талдайды. Сосын баспадан шығып жатқан әсіресе, қазақ баспалары кітаптың көрнекілігіне мән берсе. Тарихқа, салт-дәстүрге көп кетіп жатамыз. Бұл да керек шығар. Әйтсе де, баланы тарту үшін алдымен бала қызығатын фантастикалық шығарма мен детектив, ертегіге көбірек көңіл бөлінсе. Ең таза әлем – балалар әлемі. Жасым елуге келіп, немере сүйсем де осы күнге дейін ертегі оқып, мульт­фильм тамашалаймын. Қызық әлем. Онда үнемі жақсылық жеңіп, жамандық тізе бүгеді. Атыс-тартыс, алдау-арбаудан аулақ боласың. Қазір балаларымыз түсінбейтін нәрсе көп. Кейде қарапайым әдептілікті білмей жатады. Ондайда, кітапханаға келген балаға да, оның ата-анасына да «Әдептілік-әдемілік» деген керемет кітабымыз бар, соны оқуға кеңес береміз. Кішкентай оқырманға тек кітап туралы емес, сондай-ақ, әдептілік жайында да айтамыз, – дейді А.Аманова.
Рухани қазынамен сусындауда бірқатар мектеп оқушылары Әділет Қайрулла, Мәдина Серік, Сая Бақытбек, Ділназ Ақжігітова, Нұрила Жаңаберген, Ақгүл Жолмырза, Алуа Бедеровалар өз қатар-құрбысына өнеге. Маманның айтуынша, жазда әкелер қауымы кітап оқуға балаларын жиі әкелетін көрінеді.
Балалар әдебиетінде Б.Соқпақбаев­тың «Менің атым Қожа», Абайдың қара сөздері, Махамбет пен Мұқағали өлеңдері үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ, «Әлемнің қасиетті жерлері», «1100 қызықты дерек», «Қазақ ертегілері», «Әжемнің ертегілері», «Балалар энциклопедиясы», «Даңқты адамдар топтамасы» да жақсы оқылады.
– 2-сәуір – Халықаралық балалар және 23 сәуір – Жаһандық кітаптар және авторлық құқық күніне орай түрлі іс-шара ұйымдастырамыз. Оған аудан орталығындағы №105, №30 орта мектеп оқушылары мен ұстаздары белсене қатысады, – дейді кітапханашы.
Бибігүлсін Төлегенқызы,
әдістеме-библиография бөлімінің меңгерушісі:
– Кітапханамыз көпшілікке арналған. Ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар да келеді. Кітапханаға түскен кітап балаға тезірек жетеді. Біз жаңа кітап түссе де көрме ұйымдастырамыз. Бір бала келсе де, қандай кітап түскенін көрсетеміз. Жаңа кітаптарды сөреге қоямыз. Кітап көрмесін ұйымдастырудағы мақсат – балалардың кітап оқуға деген құмарлығын арттыру, әлемдік және ұлттық мәдениетке тарту арқылы баланы дамыту және оның өзін жетілдіруге көмектесу. Қазақстанда қазіргі кезде 150-ге жуық баспа бар. Соның ішінде балаларға түсінікті етіп жазатындары аз. Ал «Фолианттық» сериямен шығарған кітаптар оқырманға ұнайды. «Менің сүйікті ертегілерім», «Бірге оқып үйренейік» атты сериялармен шыққан кітаптар сұранысқа ие. Кітапханалардағы «Дауысқа құлақ салайық» атты сериямен шыққан «Көліктер сөйлейді», «Жануарларға жақын бол» атты дыбысты кітапқа бүлдіршін оқырмандардың ықыласы ерекше. Кітапхана – білім бесігі. Кітаптардың әдемісі де – балалар кітабы.
Лайық Жұмалы,
тұрақты оқырман:
– Кітап оқу – әдетім. Саналы ғұмырымда кітап оқуды тұрақты кәсіп еткем. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, зейнетке шықтым. Ардагер болсам да, аптасына кітапханаға екі, үш рет бас сұқпасам, бірдеңе жетпей тұрғандай болады. Елбасы жақсы бас­тама көтерді. Қазақстанда «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша шетел кітаптары қазақ тіліне аударылуда. Дегенмен, елімізде балалар шығармашылығына заманға сай жаңарып, жаңғырудың сәті келді. Ол үшін қазақ балалар әдебиетіне үлкен ізденіс қажет.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
04 қазан 2018 ж. 1 830 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930