Асылы дінімізден асып ешқайда кетпесіміз анық. Біреудің қателегі – біреуге сабақ. Біреудің өнегесі – біреуге үлгі. Бірақ біз, осылай жасап жүрміз бе?
Прогресс, даму, заманауи технология, бір сөзбен айтқанда – дамыған уақытта өмір сүрудеміз. Уақыт дамыған сайын – не түрлі жаңалық пен бұрын-соңды өңіміз түгілі түсімізге кірмеген жаңа бір дүниелердің пайда болары түсінікті. Қазір жасанды немесе табиғи деген ұғым санамыздан жиі сығалайды. Табиғиы – рухани кеңістікке көтеріп, көкжиегіңді кеңейтсе, жасандысы – жанға жайсыз. Заманды алға салып сұлулық үшін пышаққа түсетін әйел заты көбейді.
Ұқсас жаңалық
Ертеректе мұндай көзсіздікке әртіс, әншілер баратын еді. Мақұл, оларды түсінуге болады. Бет, ажарымен нан тауып жүр дейміз ғой. Ал, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп тайлы-таяғымызға дейін бет, ажарымызбен айналысып кеткеніміз қалай? Дүниенің бәрі ақшамен өлшенетін мына заманда сірә, сұлулық та бәсекеге түскен-ау?! Бір-бірінен асып түскенді қалайтын нәзікжандылардың бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Қазақстанда ажарды аша түсетін әрі көп тараған пластикалық отаның түрі – блефаропластика. Бұл ота түрі қарқын алғаны соншалық, еліміздің барлық өңірінде жасалады. Бұрын Астана, Алматыда ғана жасалатын болса, бүгінде ота өзге өңірлерде де қолжетімді. Мамандардың айтуынша, сұлулық әлемінде пластикалық ота жасау – сәнге айналуда. Жалпы, блефаропластика – еліміз бойынша басқа отаға қарағанда бірінші орында тұрғанға ұқсайды. Айтулы отамен сығыр көзді үлкейтуге болады. Отаға 16 мен 80 жасқа дейінгілер келеді екен. Әсіресе, олардың қатарында 16-17-дегі қыздардың көп келетіні алаңдатушылық туғызады. Олар көзді үлкейтіп, ерінді үлбіретіп беруді қалайды. Омырауды да қалауыңша үлкейте бер. Тіпті, емізгеннен кейін кеудені көтеру мақсатында да ота жасалады. Бір жасалған имплант адам бойында өмір бойы қалады. Әрине, мұның бәрін жасатуға болады, егер де қалтаңыз көтерсе, әрине. Баға ел аймағының әр түкпірінде әр түрлі. Аталған ота Алматыда 100 мың теңгеден басталса, Ақтөбеде 45 мың теңге көлемінде. Ерінді үлкейту – 40-70 мың теңге аралығында. Жақтың майын сылу – 50 мың теңгемен өлшенеді. Пластикалық ота жасаушының бірі мынадай уәж айтады. Оның ойынша, бұл тәсіл әлі елімізде дами қоймаған. Жасанды бет-әлпеттің «әкесі» Кореяда. Бізден гөрі кәрістерде көш ілгері. Сәйкесінше, ол жақта отаға қажетті заманауи құрал-жабдық молдың қасы. Отаға мүмкіндік жетерлік. Әжелеріміздің: «сұмдық-ау» дегені құлағымызда қалыпты. Сол сұмдық жасанды ота жасатудан да кездеседі. Адам апатты жағдайға душар болып, отаға амалсыздан барып жататын қадамдар болады. Мұндай қадамды түсіну қиын емес. Құлақты үлкейтіп немесе кішірейткенді естіп пе едіңіз?
– Жақында қабылдауға бір әйел келді. Құлағында еш кемістігі жоқ. Бірақ ота жасату арқылы құлағын кішірейткісі келеді. Егер әйелдің қалауымен ота жасайтын болсам, оның құлағы басына жабысып қалады. Бұл ойыншық емес қой,– дейді пластикалық ота жасаушы. Хирургты тыңдасақ, отаға өте бір қажеттілік болмаса, Алланың берген сау мүшесін қозғамаған жөн.
С.Райымбаева