СҰЛУЛЫҚ – БАҚ ПА, СОР МА?
Біреу бет ажарын күйттеп жүргенде Қытай қыздары 10 ғасыр бойы аяғымен алысып-бақты. Оған сеп – аспан асты елінде «Алтын лотос» аяқтар мыңдаған жыл сәнге айналды. Сұмдығы сол – арулар аяқ кішірейтуде жантүршігерлік құрбандыққа барғаны. Аяқтың кішілігі – ақсүйек, бекзадалық белгісі саналса, орта шаруа отбасы қыздары үшін бұл байшыкештердің назарын аударудың да мүмкіндігі еді. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, алтын лотос идеясы қайдан келді?
«Алтын лотостың» ақыры
Ертеде императордың өнер көрсететін Ю есімді бикеші болса керек-ті. Ол патша ағзамның алдына алтын тұғырдың үстіне шығып-ап өнер көрсетеді екен. Тұғыр – лотос гүлі пішінінде безендіріледі. Көсемі бишінің кіп-кішкентай аяғын әркез мақтап отырады-мыс. Патша мадағына еліткен қытай әйелдері бірте-бірте мұны сәнге айналдырыпты. Ю бикештен басталған кішкентай аяқ идеясы – қытай қыздарының басына нәубет орнатыпты. Сол Х ғасырдан басталған қыздарды қинау дәуірі ХХ ғасырға дейін жалғасын тапты. «Лотос аяқ» өлшемі – 8 сантиметр болуы тиіс. Тіпті, сәнқойлар арасында табан мөлшерін 4 сантиметрге жеткізген де кездескен. Мұндай құрбанға негізінен орта дәулетті отбасы қыздары барып отырған. Өйткені, олар үшін біріншіден, ақсүйек әулетіне күйеуге шығу жолы болса, екіншіден, адами құндылық саналған. Сонда Құдайдың берген сап-сау аяғын қалай кішірейтеді? Оның жауабы мынау: кішірейту – қыз бес, алты жасқа толғанда басталады. Алдымен аяғын жылы суға салып, бірнеше сағат жібітеді. Содан соң төрт башпайын табанға тигенше қайырып, матамен байлайды. Құда түсушілер алдымен қыздың табанының ұзындығын сұраған соң ғана оның бет-ажарына көшкен. Түнде бала аяғына ағаш қамыт киюге мәжбүр еді. Мұндай азаптан талай қыз құлап ауырып, дертке шалдықса да алтын лотостың ақырына тек ХХ ғасырдың соңында ғана нүктесі қойылды. Дүниеге келген қыз адам емес, құдды бір өлі қуыршақтай. Бес жаста аяғы кішірейтілген баланың сүйегі деформацияға ұшыраса, он жасында кеудесі тартылған жасөспірімге оттегі жетіспей, талма ауруына шалдығатын-ды. Сұлулықты қойсаңызшы. Оның жолында құрбан болуға бар қытай сылқымдары маңдай шашын қырып тастаса, жапон әйелдері бес ғасыр тістерін қараға бояп, егеген. Жасанды қал қою, қас жұлудан да қапы қалмаған. Әрине, көңіл-күйге сыртқы әлпеттің әсері бар. Бірақ солай екен деп сан түрлі сұмдыққа бару – қазақ дәстүріне жат. Халқымыз «хас сұлу» деп – табиғат берген сұлулықты бағалаған ғой.С.Райымбаева