100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА ЖАСАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ
«Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз».
Қай елдің болмасын оның әлеуметтік даму динамикасы – халқының рухани интеллектісі және жаңашыл инновациялық технологиясымен өлшенеді. Бұл тұрғыда әлем назарын өзіне аударып отырған тәуелсіз Қазақстанның қайрат, қарымы жаман емес. Жылдан-жылға жаңарған, жасарған жас Қазақстан жасампаздықтың даңғыл жолына түсті.Елбасы Н.Назарбаев.
Соның бір айғағы – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында айтылған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бастамасы. Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев жобаны жүзеге асыруда тиісті орындарға тапсырма беріп, өз жұмыстарын бастап кеткен-ді.
Аударма жасау – оңай шаруа емес. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өте мұқият әрі ұқыпты болуды тапсырды: «Тәуелсіздіктен кейінгі үлкен құбылыс, осы «Рухани жаңғырудан» кейін орын алады деген үміттемін. «Туған жер» бағдарламасы бойынша латын әліпбиіне көшуге байланысты Қазақстанның жер-жерінде сөз болып, қызу талқыланып, нақты істер қолға алынып жатқаны көз қуантады. Осы бағдарламаның негізінде «Ұлттық аударма бюросы» құрылғанына шын жүректен қуаныштымын. Ең алдымен кітап сапасына, кімді, қандай кітабын аударып жатқанымызға мән бергеніміз абзал. Келешек ұрпақ мұндай маңызды аудармаларға мұқтаж. Кітаптарды аудару барысында көптеген сұрыптау жасалып, олар халыққа түсінікті тілмен жеткізілсе», – деген ниетін білдірген еді Елбасы. Бүгінде «Ұлттық аударма бюросымен» 18 оқулық аударылды. Оның ерекшелігі – айтулы оқулықтар әлемде көш бастап тұрған озық университеттерінде оқылатыны. Бұл кітаптар – алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының оқу жоспарына еніп, дүние жүзінің 42 елінде 34 тілде басылған. Кітаптарды таныстыру мен насихаттау жұмысы Ғылым және инновация департаменті мен Ғылыми кітапханамен жүзеге асуда. Ал, үстіміздегі жылы оқырманға тағы 30 кітап жол тартпақ.
– Елбасының өміршең бастамасы еліміздегі жоғары оқу орындарының мазмұндық деңгейін көтеріп, аударма мектебінің негізін қалауға септігін тигізуде. Оқулықтар психология, философия, экономика, дінтану, мәдениеттану, тағы басқа салаларды қамтып отыр. Сондай-ақ, оған жүзден аса ғалым, аудармашы, редактор, баспагер тартылуы – жұмыстың ауқымын танытады. Жарық көрген кітаптар оқырманның қызығушылығын тудырады. Өйткені, мұнда тек студенттерге ғана емес, жалпы оқырман қауымға бағытталған кітаптар да бар, – дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиал төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».