Қызылорда қаласы бас жоспарына өзгерістер жасалуына байланысты қала іргесіндегі «Сабалақ», «Эдельвейс», «Орбита» саяжайлары қала аумағына енгізіледі. Бұл біраз жылдан бері тұрғындар тарапынан айтылып келе жатқан мәселенің бірі еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ендігі кезекте аталмыш аумақтарда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға жол ашылмақ. Оған жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруға мүмкіндік туады. Бұрынғы жылдарда мұндай істерді атқаруға болмайтын. Өйткені, олардың мәртебесі саяжай есебінде саналып, қазына қазанынан қаржы бөлуге негіз жоқ еді. Бұған дейін онда өмір сүріп жатқан тұрғындар тарапынан жол, ауыз су, жарық мәселесі жиі көтерілетін. Қызылорда қаласы тұрғындары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бес жыл бұрын облыс орталығының тұрғындары 240 мың адамды құрайтын. Енді жеті жылда ол 310 мың адамға жетеді деп жоспарланып отыр. Бас жоспарға енгізілген түзетулер негізінде келешекте қала аумағы 14 тұрғын ауданға бөлінеді. Тұрғын үй құрылысын дамытудың негізгі бағыттары «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. «Қызылорда қаласының аумағы бұған дейін 11 мың гектарды құрады. Ал жаңа жоба бойынша ол 19,6 мың гектарға ұлғайтылады, Ал 2025 жылға дейін халықтың өмір сүру ортасын қалыптастырумен қоса шаруашылық-экономикалық, перспективалық даму бағыттарын есепке ала отырып, барлық инженерлік инфрақұрылымдардың сызбаларына өзгерістер енгізіліп отыр», - деді Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында. Жеке тұрғын үй құрылысы «Бәйтерек» тұрғын үй ауданында орын тебетін болады. Ал көп қабатты үйлер құрылысы Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтереді. Алдағы уақытта жер кезегінде тұрған 22 мың азаматтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында 3,8 мың гектар алқапты ашу жоспарланып отыр.