СОТ АКТІЛЕРІН ОРЫНДАУ – ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН САҚТАУДЫҢ КЕПІЛІ

Құқықтық мемлекет құрудың басты қағидасы – заң үстемдігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру. Осы орайда сот билігінің рөлі ерекше. Себебі сот – әділдікті орнататын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын маңызды мемлекеттік орган. Ал сот актілерінің орындалуы – сот төрелігінің тиімділігін көрсететін негізгі өлшемнің бірі.
Сот актісі – заңды күшіне енгеннен кейін орындалуы міндетті құжат. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес, сот шешімдері мен өзге де сот актілері барлық жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар үшін міндетті болып табылады. Сондықтан сот актілерін орындау тек құқықтық міндет қана емес, әрбір азаматтың заңға деген құрметін білдіретін жауапкершілік. Сот шешімі шығарылғанымен, ол тиісті деңгейде орындалмаса, сот арқылы қорғалған құқықтар мен заңды мүдделер толық қалпына келмейді. Мәселен, алимент өндіру, жалақы бойынша берешекті өтеу, келтірілген залалды өндіріп алу, мүлікті қайтару немесе заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы сот шешімдерінің орындалуы азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Демек, сот актілерінің уақытылы әрі толық орындалуы қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты нығайтады. Қазақстан Республикасында сот актілерін мәжбүрлеп орындату заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл бағытта мемлекеттік және жеке сот орындаушылары маңызды қызмет атқарады. Олардың негізгі міндеті – сот құжаттарының заң талаптарына сәйкес орындалуын қамтамасыз ету, өндіріп алушының құқықтарын қорғау және борышкерге заңда көзделген шараларды қолдану.
Сонымен қатар сот актілерін орындау барысында заңдылық, әділеттілік және азаматтардың құқықтарын сақтау қағидаты қатаң басшылыққа алынуы тиіс. Борышкердің де заңмен қорғалатын құқықтары бар екенін ескерген жөн. Сондықтан атқарушылық іс жүргізу барысында барлық әрекет заң шеңберінде жүргізіліп, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің теңгерімі сақталуы қажет. Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін әрбір азамат сот шешімдерінің міндетті сипатын түсінуі керек. Сот актісін орындаудан жалтару заңда көзделген жауаптылыққа әкелуі мүмкін. Ал өз міндеттемелерін ерікті түрде орындау – құқықтық сауаттылықтың, азаматтық жауапкершіліктің және заңға құрметтің айқын көрінісі. Сот актілерін орындау – сот төрелігінің түпкілікті нәтижеге жетуінің басты шарты. Заң талаптарын сақтау, сот шешімдерін уақытылы орындау және азаматтардың құқықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің берік негізі. Әрбір сот актісінің орындалуы қоғамда заң үстемдігін нығайтып, әділдікке деген сенімді арттырады. Сондықтан сот актілерін орындау – жай ғана міндет емес, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етудің, қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтаудың кепілі.
А.ҚАЗЫБЕКОВ,
аудандық соттың судьясы










