ҚАРЖЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ ЕЛ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасындағы ең маңызды оқиғаның бірі – төл теңгенің айналымға енуі. Бұл жас егеменді мемлекеттің әлеуметтікэкономикалық реформаларды іске асырудағы алдыңғы кезекте қажетті тарихи қадамы еді. Себебі ақша мен экономиканың өзара байланысы өте тығыз, олар экономикалық жүйенің негізгі құрамы.
Кеңестер одағы тарап, тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттер бірінен соң бірі ұлттық валютасын немесе уақытша ақша белгілерін енгізе бастады. Сол сияқты тәуелсіз Қазақстан елінде де 1993 жылдың 3 қарашасында Президент жарлығымен «Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия» құрылып, тұжырымдамасын дайындады. Валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пукттеріне жеткізу, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиті, валюта бағамы сияқты маңызды мәселелер айқындалды.
Теңгені айналымға ендіру туралы шешім қабылданған кез, еліміздің экономикалық даму тұрғысынан да, халықтың әлеуметтік халахуалының да аса бір қиын кезеңі болатын. Содан бері теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қаржы және банк жүйесінде бірнеше маңызды реформа жасалды, еліміздің экономикасы қарқынды даму кезеңіне өтті, теңге Қазақстан үшін сенімді валютаға айналды. Қаржы, кеден қызметі реформаланды. Осылайша, теңгенің өмірге келген күні 15 қараша – қаржыгерлер күні болып белгіленді.
Ал, салық органдары 1990 жылы облыстық қаржы басқармасының, қалалық, аудандық қаржы бөлімдерінің ізінен ашылғанын ескерсек, салық жүйесі қаржы органдарының бірден-бір ажырамас саласы болып келеді.
1991 жылы 9 шілдеде ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының салық қызметін құру туралы» жарлығы қабылданды. Республикалық дербес салық жүйесінің қалыптасуы осы кезден бастау алады.
1991 жылы 25 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесінің №1073 Қаулысымен «Қазақстан Республикасының салық жүйесі туралы» заң күшіне енді.
Осы заң тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет мемлекет пен салық төлеуші арасындағы туындайтын салық міндеттемелері, төлемгерлердің құқықтары, салық түрлері мен олардың ставкалары, сондай-ақ, жеңілдік беру тәртіптері қаралған нормативтік акт ретінде қолданысқа еніп, басшылыққа алынды.
Жалпы салық саясатының басты мақсаты – салық жүйесiн құру және оның тиiмді қызмет етуiне мүмкiндiк беретiн салық тетігін iске асыру. Салық жүйесі өз алдына сала болып қалыптасуы үшін біршама қиындықты бастан кешіріп, қазіргі кезде тұрақты жүйеге түсті. Мемлекеттік басқару жүйелеріне көп өзгеріс жасалып, бірнеше заң жобасы қабылданды. Оларға қаншама толықтырулар енгізілді. Дамыған мемлекеттер мен көрші елдердің саясатын сараптай отырып, өзіміздің ұлттық менталитетіне сай қажетті тұсы есепке алынды. Міне, осындай жан-жақты даму мен жетілу нәтижесінде елдің салық жүйесі бір арнаға түскені түсінікті.
2014 жылы ҚР Президентінің жарлығымен мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа реформалар жүргізілді. Соның негізінде жаңа ведомство – Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Салық және кеден саласын біріктірудегі негізгі мақсат – еліміздің шекарасынан кірген әрбір тауардың барлық қозғалысын, яғни сол тауарға салынатын салықтың түгелдігін бақылау. Мұндай қадам бюджет кірісін, яғни ел қазынасының молаюына ықпал етіп, заманауи талапқа сай мемлекеттік кіріс жүйесінің қалыптасуына түрткі болды. Тәуелсіз еліміз еңсесін көтеріп, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылды. Бұрын тек қана аграрлық бағытта дамып келген біздің облыстың өндірісі өркендеп, соңғы жылдары құрылыс та қарқын алды.
Бүгінгі күннің талабы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру арқылы салықты сапалы әрі мәдениетті басқару. Осы ретте осы жылы 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың тұрақты өсуі салық саясатына тікелей байланысты, жалпы салықтық сауаттылықты арттыру, жаңа салық кодексінде салықтық әкімшілендіру мәселесін жаңа бағытта қарастыру, жұмыс барысында салық төлеушілермен бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керектігі атап өтілді.
Мемлекеттік кірістер органдары әлемдегі озық үлгідегі стандарттарға бой түзейді. Алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланып, салықтық, кедендік әкімшілендірудің тиімділігі мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасаудың арасындағы ең ұтымды балансты ұстауды мақсат тұтады. Салық, қаржы саласының ардагері ретінде қаржы жүйесінде, оның ішінде кірістер органдарында қызмет етіп жүрген әріптестерімді мерейлі қуанышпен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық, еңбекте абырой тілеймін. Қай уақытта да ел қазаны мол болып, халық игілігі жолында атқарған істеріңіз берекелі болсын!
Қалдыбек СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы,
Мемлекеттік кірістер қызметінің үздігі












