Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңдылықты сақтау және мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету — қоғамның тұрақты дамуының маңызды шарттары. Сыбайлас жемқорлық азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіріп, әділдік қағидаттарын бұзады және мемлекеттік органдарға деген сенімді төмендетеді. Сондықтан оған қарсы іс-қимыл мемлекеттік органдар мен бүкіл қоғамның бірлескен қатысуын талап етеді.
Мемлекеттік қызметтің негізгі мақсаты — халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші лауазымдық міндеттерін орындау барысында заңдылықты, әділдікті және азаматтардың құқықтарын құрметтеуді басшылыққа алуға тиіс. Қызметтік өкілеттіктерді жеке пайдасына пайдалану заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Атап айтқанда, 366-баптың бірінші бөлігі бойынша пара алғаны үшін пара сомасының 20 еселенгеннен 50 еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен бірге мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру көзделеді.
367-баптың бірінші бөлігі бойынша пара бергені үшін пара сомасының 20 еселенгеннен 30 еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру белгіленген.
Ал 368-баптың бірінші бөлігі бойынша парақорлыққа делдал болғаны үшін пара сомасының 10 еселенгеннен 20 еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Делдалдық бірнеше рет, қылмыстық топпен немесе қызмет бабын пайдалану арқылы жасалған жағдайда, пара сомасының 20–30 еселенген мөлшерінде айыппұл немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Нақты жазаны сот істің мән-жайына қарай тағайындайды.
Заңнамадағы алдағы өзгерістерге сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап параны талап ету, ұсыну және уәде ету үшін де қылмыстық жауаптылық көзделеді. Бұл өзгерістер сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын ерте кезеңде кесуге бағытталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жауаптылықпен қатар, алдын алу шараларының маңызы зор. Құқық бұзушылықтарға мүмкіндік беретін себептер мен жағдайларды анықтау, қызмет көрсету рәсімдерін түсінікті ету, өтініштерді уақтылы қарау және мүдделер қақтығысына жол бермеу — осы жұмыстың негізгі бағыттары. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да заңсыз талаптар мен бейресми төлемдердің алдын алуға ықпал етеді.
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Тоқсан сайын семинарлар ұйымдастырылып, қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары, белгіленген шектеулер мен жауапкершілік мәселелері түсіндіріледі. Аталған іс-шаралар қызметкерлердің құқықтық білімін жетілдіруге, жауапкершілігін арттыруға және адал қызмет ету қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамның күнделікті ұстанымынан қалыптасады. Мәселені заңды жолмен шешу, заңсыз сыйақы ұсынбау, бейресми делдалдарға жүгінбеу және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамау — азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда құзыретті органдарға ресми түрде хабарлау маңызды.
Адалдықты отбасында дәріптеу, еңбек ұжымында әділ қарым-қатынас орнату және заң талаптарын сақтау арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін нығайтуға болады. Мемлекеттік органдар мен азаматтардың бірлескен әрекеті ғана бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуына негіз қалайды.
Н.Бейбитов,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы













