«ҰБТ – білім мен болашақтың бастауы» атты ата-аналар жиналысы өтті
Ахметжан Жанпейісов атындағы мектеп-лицейінде «ҰБТ – білім мен болашақтың бастауы» атты ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыстың басты мақсаты – бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын талқылау, алдағы міндеттерді айқындау және оқушылардың білім сапасын арттыру жолдарын қарастыру.
Осы мақсатқа жету үшін үш тараптың бірлескен жұмысы қажет:
Біріншіден, оқушының жауапкершілігі.
* Сабаққа тұрақты қатысу;
* Күнделікті тест тапсырмаларын орындау;
* Қателермен жүйелі жұмыс жүргізу;
* Уақытты тиімді пайдалану;
* Таңдау пәндерін терең меңгеру.
Екіншіден, ата-ананың қолдауы.
Ата-ана баласына психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, оның білім алуына қолайлы жағдай жасауы керек. Баланы басқа оқушылармен салыстырудан аулақ болып, керісінше, әрбір жетістігін бағалау маңызды. Балаға сенім білдіру – оның өзіне деген сенімділігін арттырады.
Үшіншіден, мұғалімнің жүйелі жұмысы.
Пән мұғалімдері оқушылардың білім деңгейін анықтап, біліміндегі олқылықтарды толықтыру бағытында жұмыстар жүргізуі қажет. Байқау тесттерінің нәтижелеріне талдау жасалып, төмен көрсеткіш көрсеткен тақырыптар бойынша қосымша жұмыстар ұйымдастырылуы тиіс.
Біздің ортақ мақсатымыз – әрбір түлектің өз мүмкіндігін толық пайдаланып, қалаған мамандығына түсіп, биік белестерді бағындыруына жағдай жасау.















