ТЕРЕЗЕ ҚАУІПСІЗДІГІ: БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ӘР АТА-АНАНЫҢ МІНДЕТІ
Сыр өңірінде балалардың биіктіктен, әсіресе көпқабатты үйлердің терезелерінен құлау фактілерінің алдын алу бойынша кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қолға алынған нақты шаралар Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен баспасөз конференциясына кеңінен сөз болды.
Брифингте Қызылорда облысы бойынша ТЖД Төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының бастығы Асхат Оразбеков балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы басты басымдықтарды баяндады.
«Терезеден құлау бойынша қайғылы оқиғалар көбіне ересектердің қарауынсыз қалуынан, сақтық шараларының сақталмауынан және москит торларына тым сеніп қалудан орын алады. Негізгі профилактикалық бағыт – ата-аналардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Осы мақсатта тұрғын үйлердің терезелеріне 288 арнайы бұғаттағыш құрылғы (оконный блокиратор) орнатылып, түсіндіру жиындары жүйелі жүргізілуде. Ата-аналардан балаларды ашық терезе жанында жалғыз қалдырмауды, жиһаздарды терезе түбіне қоймауды және арнайы бекіткіштер орнатуды өтінеміз. Баланың өмірі мен денсаулығы – ең алдымен отбасының жауапкершілігінде», – деді Асхат Плалұлы.
Сондай-ақ, сала мамандары білім беру ұйымдарындағы ата-аналар жиналыстарында сақтық ережелері үнемі түсіндіріліп, оқушылармен де арнайы кездесулер ұйымдастырылып жатқанын баса айтты. Бұл мәселе облыстық Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында да арнайы қаралып, жауапты мекемелерге, көпқабатты тұрғын үйлердегі қауіпсіздік жұмыстарды әрі қарай күшейту бойынша нақты міндеттер жүктелген.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек төтенше жағдайлар қызметінің ғана емес, барша қоғамның, ең бастысы әрбір ата-ананың ортақ жауапкершілігі. Жүргізіліп жатқан кешенді түсіндіру жұмыстары жазатайым оқиғалардың алдын алуға және қауіп-қатерді азайтуға бағытталған.
Мамандар тұрғындарды москит торларына сенім артпауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға және балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауға шақырады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі















