АҒАЛАР БИІГІ АЛАСАРМАЙДЫ
Бұл жарық жалғанда адам өмірі шектеулі. Сол шектеулі өмірде пенделіктен биік тұрып, адам деген ардақты атқа сай ғұмыр кешкенге не жетсін. Бұл енді көп адамның басына бұйыра бермейтін бақ.
Мен әулет шежіресін зерделеп, аталарым мен ағаларымның өмір жолдарына ой көзімен қарап отырсам, дүниедегі ең қымбат жайсаңдарым мен жақсыларым өз өмірлерін елге, халыққа қызмет етуге арнапты. Күнделікті тіршілік күйбеңіне емес, көптің көңілінен шығуды өз алдарына мақсат етіп қойыпты. Заманмен бірге есейіп, уақытпен бірге тыныстапты. Мен осыған сүйінемін әрі шүкіршілік етемін.
Әрине, уақыт озады, ұрпақтар алмасады. Тіршілік заңына қарсы тұрар адамда амал бар ма. Кейінгі ұрпақ міндеті аға буынның өмір жолдарынан өнеге алу, есімдерін есте сақтау, жақсы істерінің қадіріне жете білу деп ойлаймын.
Осы тұрғыдан алғанда, атамыз Байбарақтан Әбдірей, Қали атты екі ұл тарайды. Қалидан әкем Піртаза, ағаларым Әбду, Әбдібек дүниеге келеді. Әкемнің дүниеден көшкеніне жиырма бір жыл болса, үлкен ағамның өмірден өткеніне он жыл толды. Жақында ғана кіші ағамның үлкен жүрегінің мезгілсіз тоқтағаны қабырғамызды қайыстырып кетті. Жасыратын несі бар, жай түскендей, сең соққандай есеңгіреп қалдық. Дегенмен, халқымыздың «Сабыр түбі – сары алтын» деген ұлы сөзін таяныш қылып, медет тұтып отырмыз.
Бүгін мен осы мақаламда Әбду ағам туралы біршама айта кетсем деймін. Жалпы әулеттің үлкені ретінде Піртаза әкем екі інісінің үлкен азамат болып өсуіне көп ықпал етті. Бірде ауданға, облысқа белгілі үлкен азамат, кезінде бірнеше жауапты қызметті абыроймен атқарған Нұртілеу Салықовтың «Мен Пірекеңдей інілеріне әкелік қамқорлық жасаған адамды көрген емеспін», – деп айтқаны бар. Бізде осы сөзге куәгер болып өстік. Бұл бауырластық сезімі – халқымыздың игі салт-дәстүрлерінен, қанға сіңген қасиеттерінен тамыр тартып жатқаны талассыз шындық қой.
Әбду ағам орта мектепті бітірген соң білім қуып Ташкент қаласына аттанады. Сол үлкен қалада жоғары оқу орнында оқып, қаржы саласы бойынша білім алады. Ол кезде жоғары білімді қаржыгер мамандар көп емес. Сөйтіп, таудай талабына биік арман қанат бітірген жас өз алдына қойған мақсатына жетіп, елге білікті маман болып оралады. Алғашқы еңбек жолы Шиелі ауданында басталып, 1962-1963 жылдары тұтынушылар одағында мамандығы бойынша экономист-бухгалтер болып қызмет етеді. Жоғары оқу орнында алған білім күнделікті өмір тәжірибесімен ұштасады. Жас маман өз міндетіне үлкен жауапкершілік сезімімен қарап, ортақ мүдде жолында өз әріптестерімен бірге қалтқысыз жұмыс жасайды.
Ол кезде бүгінгідей кәсіпкерлік нысандар жоқ. Халыққа сауда қызметін көрсету міндеті осы аудандық тұтынушылар одағына жүктеледі. Қырдағы малшылардың да, Сырдағы егіншілердің де, жалпы халықтың сұраныстарын қанағаттандырып, талапқа сай еңбек ету – оңай шаруа емес. Ұжым мүшелері мұны терең түсініп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қимылдайтын. Жұмысқа жігерлендіретін ұран біреу: «Халыққа қызмет – абырой, атақ, құрмет».
Міне, Әбду ағамның алғашқы еңбек жолы осылай сәтті басталып, 1963-1975 жылдары өзінің туған жері Қармақшы ауданында жалғасты. Аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор қызметін атқарды. Ол кезде бұл бөлімде жұмыс ауқымы көп, бірақ адам саны аз. Кейін осы бөлімнен бірнеше дербес мекеме бөлініп шыққанын бәріміз жақсы білеміз.
Қармақшыда Әбекеңнің тұстастары көп. Осы жерде қызмет жасап жүргенде Аймұрат Марқабаев, Сұлтан Ниязов, Әбдірахман Мүбәраков, Алматы теміржол институтында факультет деканы болған Зарқұм Бекжанов, көз дәрігері Қуаныш Бөрібаев және басқалармен жиі араласты. Әбекеңнің бір айта кетер ерекшілігі, мейлі достары болсын, мейлі туған-туысқанмен қарым-қатынаста болсын, өте бауырмал, өзгенің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын кішіпейіл, қара қылды қақ жарғандай әділ, шындықты бетке айтатын өткір болды. Біз ағамыздың осы жақсы мінездерін өзімізге үлгі тұттық, сол рухта тәрбиелендік. Жалғыз біз емес, өз бауырынан өрбіген ұрпақтары да әке ұстанымдарын өмір көшінде басты бағдар етіп ұстап келе жатыр.
Кейін ағам жетпісінші жылдар ортасында Қызылорда қаласына қоныс аударды. Әуелі 1975- 1978 жылдары облыс орталығындағы «Промстройматериал» мекемесінде бас бухгалтер, 1978- 1980 жылдары «Қызылордаремстройдеталь» тресінің қаржы бөлімінің бастығы, 1980-1983 жылдары «Автомобиль жүк тасымалы» басқар ры «Автомобиль жүк тасымалы» басқармасының коммерциялық бөлімінің бастығы болып, бірнеше жауапты қызмет атқарды. Әріптестері арасында беделді, көпшілік алдында абыройлы болды.
Бұл бір өмір шуағы молынан төгілген жемісті жылдар еді. Әбекең 1983-1985 жылдары «Қызылордақұрылыс» тресіне қарасты КБИ зауытының бас бухгалтері болды. Сөйтіп аймағымыздың бас қаласының өсіп-өркендеп, көріктене түсуіне көп үлес қосты. Бүгінгі Қызылорда қаласының жарқын келбетінің іргетасы сол жылдарда қаланды.
Замана өзгерістері әрбір адамға әсер ететіні белгілі. Ел экономикасына нарықтық қатынастар еніп, қоғам қайта түлеген шақта Әбекең бірнеше бизнес құрылымдарда бас бухгалтер болып, қызметін жалғастырды. Осылай 1994 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін өңірімізде кәсіпкерліктің дамуына, елге қажетті жаңа жобалардың жүзеге асуына игі ықпалын тигізді. Еңбек ете жүріп қаржы саласында қаншама шәкірттер тәрбиеледі, жастарға тәлімгерлік жасады. Олар бүгінде аға есімін әрқашан үлкен құрметпен, шәкірттік ізетпен айтып отырады.
Осы ретте адамның алға қойған мақсаттарына жетіп, алаңсыз елге қызмет етуі – бас қосқан өмірлік серігіне де байланысты екенін айрықша атап айтқым келеді. Жеңгеміз Қатшагүл Жарылқасынқызы, Демеу ақсақалдың немересі, балабақшада медбике бола жүріп, қай кезде де ағамызға демеу, адал жар, асыл ана бола білді. Әкесі Жарылқасын кезінде ОРС-НОД мекемесінің бастығы болған, көргенді ұядан түлеп ұшқан. Інілері Әбілқасым, Мырзақасым, Әділбек, Қорғанбек елге сыйлы азаматтар болып, көпшіліктің көңіл төрінен лайықты өз орындарын алды.
Ағамыз бен жеңгеміз өмірге 4 қыз бен 1 ұл әкеліп, ұрпаққа ұрпақ қосты. Олардың бәрі дүниенің төрт бұрышына мәлім тәуелсіз Қазақстанның бір-бір тіректеріне айналып, туған Отанның бақ жұлдызы одан әрі жарқырай түсуі жолында тынымсыз тер төгіп жүр. Үлкені Гүлшарат Астана қаласында тұрады, «Самұрықэнерго» компаниясында білікті менеджер. Гүлманаты Алматыда кәсіпкер, жекеменшілік теміржол кассалары иесі. Бауыржан ініміз Астанада кәсіпкер, келініміз Мәрзия Абай елінің қызы, олардан туған Бағлан ініміз де кәсіпкер, Астана қаласын газбен қамтамасыз ету ісімен айналысады. Розасы Алматыда тұрады, белгілі жаттықтырушы. Сүт кенжесі Жанна Қызылорда қаласында кәсіпкер. Сыр бойына есімі кеңінен танымал Жәдігер Орақбаевтың келіні.
Өмір көші алға ұзаған сайын өрісіміз өсіп, қонысымыз кеңейіп келеді. Дүние есігін ашқан 14 немеренің алды қазір үйлі-баранды. Олардан туған шөберелер де бар.
Әрине, бәріне шүкіршілік. Осы жазбаның басында қимастарымды еске ала отырып, Әбду Қалиев ағамның бұл дүниеден озғанына 10 жыл толғанын атап өттім. Осыған байланысты еске алу шарасын немересі Бағлан Астанада, не Қызылорда қаласында өткізбей, Қармақшыда өткізуге ниет етіпті.
– Атамның мәңгілік мекені өзінің туған жері Қармақшыда. Сондықтан еске алу шарасы да сол жерге өтуге тиіс, – депті ол. Мұндай оң уәжге кім қарсы болсын.
Ағамыз Әбду ғұмыр бойы қаржы саласында қызмет еткенмен, Қызылорда қаласында көп қабатты үйде тұрды. Таза, адал, әділ күн кешті. Жеңгеміз «Жер үйіміз болғанда ғой» – деп армандайды екен. Жеңгемізді арманына жеткізген де осы немересі. Қазір Астана қаласында «Жібек жолы» ықшам ауданында тұрады. Ұлтымыздың салт-дәстүрі биігінен қарасақ, әулеттің қара шаңырағы сол үй. Бағланның атын өзім қойып едім.
Қара шаңырақта қазір Дінмұхаммед, Бейімбет атты екі жеткіншек өсіп келеді. Олардың өмірде көңіл көкжиектері кең, пайым-парасаттары жоғары азаматтар болып қалыптасуына әрқашан тілектес болып жүремін. Туған елінің көшін өрге бастар Толағайдай перзенттері болса екен деп тілеймін.
Қазір өмірге ой көзімен қарайтын жасқа біз де жетіп қалыппыз. Әке тағылымы, анам Зоя өнегесі... бәрі-бәрі мен үшін айрықша қымбат. Өмірімнің өзегі десе де болғандай. Оңаша қалсам көз алдыма Әбдібек ағам елестейді. Күні кеше... күні кеше ғана бірге жүрген, бірге тыныстаған, бірге ой бөліскен сияқты едік. Бүгін енді жоқ дегенге сенгім келмейді, шынымен сенгім келмейді.
Әбдібек ағам қатарының арасында беделді, атпал азамат болды. Аудандық газ, мұнай қоймасы мекемелерін басқарды, колледж директоры болып қызмет етті. Аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Тек Қармақшыда емес, жер-жердегі біртуар азаматтармен достасып, жиі қатысып тұрды. Бақыт жеңгемді де ағама сай көпшіл, адамға мейірбан, ізетті де инабатты етіп табыстырды. Екеуі 6 бала тәрбиелеп өсіріп, олар өмірге бірнеше жас ұрпақ – жаңа ұрпақ сыйлады.
Өмір заңы кейді адамға қаталдау көрінеді. «Бес күндік жалған» деп аталарымыз бекер айтпаған шығар. Ағаларым өткінші дүниеден көшкенмен артында ұрпағы – балалары қалды. Енді олардың өмірін сол ұрпағы жалғайды, ертеңгі күнге жеткізеді.
Мен үшін ағаларым жеткен биік ешқашан аласармайды. Қайта күн өткен сайын биіктеп, бейнелері нұрлана түседі. Осыған тәубә деймін.
Ерлан ПІРТАЗАҰЛЫ















