ДӘННЕН – ДӘУЛЕТ, ЕҢБЕКТЕН – БЕРЕКЕ ТАПҚАН
Егін жинау науқаны үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бұл шаруаға аудан диқандары да қызу кіріскен. Ала-жазғы маңдай тердің қадірін білетін еңбеккерлер әрбір дәнді ысырапсыз жинап алуға күш салады. Қарқынды еңбек ырғағына ауданымыздың шаруашылықтары да қосылып, егістік басын дүбірге айналдырды. Оның қатарында саланың дамуына үлес қосып жүрген «ІІІ Интернационал жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы да бар.
«Жердің сәні – егін, елдің сәні – еңбек» дегендей, шаруашылық өзіне бекітілген аумақта егіннің де, еңбектің де шырайын кіргізуде. Серіктестікте биыл ауыл шаруашылығы өндірісінде 940 гектарға күріш, оның шінде 330 гектары «Лидер», 60 гектары «Янтарь» және қалғаны «Каурис» сұрыпы болса, 67 гектарға жаздық бидай, 312 гектарға жаңа жоңышқа және 414 гектар жерге ескі жоңышқа егілген. Егіншінің еңбегі елдің несібесі деп білетін шаруашылық диқандары дақылдарды жоспарға сай жинап алып, белсенділік танытты. Техникалар да алқапта тынымсыз жұмыс істеп, Сыр салысынан тау тұрғызды.
Осы ретте серіктестік директоры Сәбит Тұрмановты сөзге тартқан болатынбыз.
– Шаруашылықта 3 бригада еңбек етеді. Егін жинау науқанына жақсы дайындықпен келдік. Техникамыз да талапқа сай болды. Өздеріңіз білетіндей, жалпы Сыр салысы – өңіріміздің басты дақылы. Оны күтіп-баптау және жауын-шашынға қалдырмай жинап алу – жауапкершілікті іс. Осы бағытта шаруашылық еңбеккерлері егін науқанында бар күшжігерін салып, жұмыс істеді. Қазіргі таңда жиын-терімді жұмыстарын аяқтадық. Келер жылға дайындықты бастап та кеткен жайымыз бар. Жер жыртып, тегістейміз.
Малдың қыстық қоры жасақталуда. Серіктестіктің жұмысшылары мен үлескерлеріне тиесілі несібесі беріледі. Арзандатылған бағада да ұсыныстар болады. Жоңышқа алқабы шаруашылықтағы мал азығын нығайтуға, жердің құнарлылығын сақтауға және ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты жүргізуге мүмкіндік береді.
Халқымызда «Диқан болсаң, жеріңе береке кірер» деген даналық бар. Биылғы өнімді қамбаға құйып, көңіл бірлеп жатырмыз, – дейді серіктестік директоры Сәбит Қалдыбекұлы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















