ТАЗА ЕЛ – МӘДЕНИЕТТІ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ
Тазалық – тәртіптің бастауы, ал табиғатқа жанашырлық – елге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Қоршаған ортаны қорғау, туған жерді көркейту, елді мекендерді таза ұстау тек мемлекеттік органдардың немесе арнайы қызметтердің міндеті емес. Бұл – қоғамның әрбір мүшесіне ортақ жауапкершілік. Осы түсінікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы қабылданды.
Бүгінде «Таза Қазақстан» қарапайым сенбілік немесе белгілі бір аумақты қоқыстан тазарту шарасымен ғана шектелмейді. Жоба аясында тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруды, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, табиғатты аялауды және азаматтық жауапкершілікті арттыруды көздейтін кең ауқымды қоғамдық бастама қолға алынып отыр. Мемлекеттік деңгейдегі ресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жеті айында «Таза Қазақстан» аясында 500 табиғатты қорғау ісшарасы ұйымдастырылып, 6,1 миллион адам қатысты. Осы кезеңде 813 мың тонна қалдық жиналып, 117 мың гектар аумақ тазартылып, 1,2 миллион түп ағаш отырғызылды. Аталған сандық көрсеткіштер атқарылған жұмыстың ауқымын айғақтай түседі. Алайда «Таза Қазақстанның» ең маңызды нәтижесі жиналған қоқыстың немесе отырғызылған көшеттің санымен ғана өлшенбейді. Оның басты мәні – адамның табиғатқа, туған жерге және өзі өмір сүріп отырған ортаға деген көзқарасының өзгеруінде. Себебі тазалық – мәдениеттің көрінісі.
Қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүрген. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығы ата-бабамыздың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін айқын аңғартады. Дала төсінде көшіп-қонып жүрген халқымыз суды қадірлеген, жайылымды тоздырмаған, ағаш пен өсімдіктің қасиетін білген. Сондықтан бүгінгі экологиялық мәдениетті қалыптастыруды ұлттық құндылықтарымызбен де сабақтас міндет деп түсінгеніміз абзал.
Тазалық мәдениеті адамның өз үйінен, өз ауласынан, өз көшесінен басталады. Егер әр адам өзі тұрған жерді таза ұстап, қоқысты кез келген жерге тастамай, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланса, қоғамдағы экологиялық жауапкершілік те күшейе түседі. Таза көше – таза ауладан, таза аула – таза үйден, ал таза үй – жауапты азаматтан басталады.
«Таза Қазақстан» жобасының ерекшелігі – оған қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының қатысуы. Экологиялық акцияларға оқушылар мен студенттер, мұғалімдер, жастар, еріктілер, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер және қала тұрғындары атсалысып келеді. Мектеп оқушылары үшін мұндай шаралардың тәрбиелік мәні ерекше. Сенбілікке қатысу, ағаш отырғызу, мектеп ауласын көгалдандыру, табиғатты қорғау туралы жобалар жасау баланың экологиялық сауатын арттырып, туған жеріне деген жауапкершілігін қалыптастырады.
Тазалық бір күндік науқан емес. Экологиялық мәдениет бір күндік акциямен қалыптаспайды. Сенбілік аяқталғаннан кейін қайтадан қоқыс тасталса, отырғызылған ағашқа күтім жасалмаса, атқарылған жұмыстың нәтижесі ұзаққа бармайды. Сондықтан «Таза Қазақстанның» басты идеясының бірі – тазалықты тұрақты әдетке айналдыру. Қоқысты сұрыптау, пластикті шамадан тыс пайдаланбау, суды үнемдеу, электр энергиясына жауапкершілікпен қарау, ағаштарды сындырмау, қоғамдық орындарды таза ұстау сияқты қарапайым әрекеттің өзі қоршаған ортаға оң әсер етеді. Экологиялық жауапкершілік үлкен ұрандардан емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден көрінеді.
Қалалар мен ауылдардың көркін арттыратын негізгі фактордың бірі – жасыл желек. Ағаш отырғызу – табиғатты қорғаудың ең көрнекті әрі нәтижесі. Бір қарағанда, бір ғана көшет отырғызу үлкен өзгеріс әкелмейтіндей көрінуі мүмкін. Дегенмен мыңдаған, миллиондаған адамның осындай шағын әрекеттері біріге келіп, елдің экологиялық жағдайына әсер ететін үлкен іске айналады. Бүгін отырғызылған тал – ертеңгі ұрпақтың саялы саябағы.
Қоршаған ортаның тазалығы адамның өмір сапасына да тікелей әсер етеді. Таза аула, абаттандырылған көше, жасыл саябақ, қоқыссыз жағалау тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырады. Сол себепті экология мәселесін тек табиғатты қорғау тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз. Ол қоғамдық мәдениет, денсаулық, қала инфрақұрылымы, тәрбие және өмір сапасымен байланысты кешенді мәселелер қатарынан орын алады.
Тазалық адам баласының туған жерге деген құрметін көрсетеді. Адам туған жерін сөзімен емес, ісімен сүюі тиіс. Туған өлкенің табиғатын қорғау, көшесін таза ұстау, ағаш отырғызу, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты белгісі болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» – экологиялық жоба әрі азаматтық жауапкершілік мектебі. Ол үшін еліміздің әрбір тұрғыны қоқысты белгіленген жерге ғана тастау, табиғи аумақтарды таза ұстау, ағаш-өсімдіктерді қорғау, суды және электр энергиясын үнемдеу, қоқысты мүмкіндігінше сұрыптау, сенбіліктер мен көгалдандыру жұмысына қатысу, балаларға табиғатты аялауды үйрету әрекеті арқылы осы ортақ іске өз үлесін қоса алады. Табиғатты тазарту үшін алдымен адамның санасы өзгеруі керек. Қоқысты жерге тастамау қарапайым тәртіп сияқты көрінгенімен, оның артында үлкен мәдениет жатыр. Өзінен кейінгі адамды ойлау, ортақ кеңістікке құрметпен қарау, табиғаттың игілігін жеке пайдадан жоғары қою – азаматтық мәдениеттің шыңы ретінде бағаланады. Сондықтан «Таза Қазақстан» ұғымын тек «таза көше», «таза аула», «таза саябақ» түсінігімен шектемеу қажет. Оның ауқымы кең. Таза Қазақстан деген сөз таза табиғат, таза орта, таза мәдениет және жауапты азамат деген ұғымдарды біріктіреді.
Бүгінгі ұрпақ табиғатты қалай сақтаса, ертеңгі ұрпақ сол ортаны қабылдайды. Сондықтан табиғатқа жасалған әрбір қамқорлық – болашаққа жасалған қамқорлық. Тазалықты бір күндік міндет деп қарағанда ғана емес, өмір салтына айналдырғанда ғана «Таза Қазақстан» идеясы өз нәтижесін береді. Таза ел болу әр адамның өзінен басталады. Ендеше, туған жерімізді таза ұстап, табиғатты аялап, жасыл желекті көбейтіп, кейінгі ұрпаққа көркейген Қазақстан қалдырайық.
Лаура БАҚТЫБАЕВА

















