БАЛАНЫ КІМ ОҚЫТАДЫ: МҰҒАЛІМ БЕ, АЛГОРИТМ БЕ?
Сурет ашық дереккөзден алынды
Бірнеше жыл бұрын «жасанды интеллекті мұғалімге көмектеседі» деген сөз болашақтың болжамындай естілетін. Бүгінде бұл технология білім беру саласына еніп қана қоймай, нақты мектептерде тәжірибеден өтіп жатыр. Әсіресе Қытайда оны оқыту жүйесіне енгізу бағытында ауқымды қадам жасалуда. Бір сыныпта отыз оқушы бар делік. Бірі математиканы тез түсінеді, екіншісі мәтін оқуда қиналады, үшіншісі есепті шығарғанымен, жауабын түсіндіре алмайды. Мұғалім олардың әрқайсысына жеке көңіл бөлуге тырысқанымен, уақыт шектеулі. Ал оқушының тапсырмасын, жіберген қателерін және оқу қарқынын жүйелі түрде талдап, соған қарай жеке тапсырма ұсынатын цифрлық көмекші болса ше?
Бұл қазірдің өзінде мүмкін болып отыр.
Қытайдың Білім министрлігі 2026 жылы «Жасанды интеллектімен білім беру» бағытын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдап, ЖИ технологияларын оқытуға, ғылыми жұмысқа және білім беруді басқаруға кеңінен енгізуді көздеді. Жоспарда жекелендірілген оқытуға, оқушының қабілетін дамытуға және адам мен технологияның бірлескен жұмысына басымдық берілген.
Қытай тәжірибесінің қызықты тұсы – цифрлық жүйенің баланың білім деңгейін талдап, әлсіз тұстарын анықтай алуы. Мысалы, белгілі бір тақырып бойынша бірнеше рет қате жіберсе, бағдарлама оны байқап, қосымша тапсырма немесе басқа деңгейдегі жаттығу ұсына алады. Осылайша барлық балаға бірдей тапсырма берудің орнына, әрқайсысының деңгейіне бейімделген оқу жолы қалыптасады.
Бейжің қаласының 2025-2027 жылдарға арналған білім беру жоспарында да ЖИ-ды мектептерде қолданудың нақты бағыттары көрсетілген. Олардың қатарында «ЖИ оқу серігі», ұстазға арналған цифрлық көмекші, білім деңгейін талдау және бейімделмелі оқыту жүйелері бар. Сонымен бірге мектеп оқушыларына жасанды интеллекті туралы түсінік беретін арнайы сабақтар енгізу қарастырылған.
Алайда бұл жерде бір маңызды нәрсені түсіну керек: қытай мектептерінде технология мұғалімді толық алмастырып жатқан жоқ. Керісінше, ол ұстаздың жұмысын жеңілдететін құрал ретінде қарастырылуда. Цифрлық жүйе тапсырмаларды талдап, баланың қай тақырыптан қиналып жүргенін көрсете алады. Ал онымен сөйлесу, түсіндіру, қолдау көрсету, көңіл күйін байқау және тәрбие беру сияқты маңызды міндеттер педагогтің өзіне қалады.
Дегенмен мүмкіндіктер артқан сайын жаңа сұрақтар да көбейеді. Егер бала кез-келген сұрағына дайын жауапты бірнеше секундта ала алса, өз бетімен ізденуге деген қажеттілігі азайып кетпей ме? Үй тапсырмасын ЖИ орындап берсе, қателесу арқылы үйрену мүмкіндігін жоғалтпай ма? Ал алгоритм оның қабілетін үнемі талдап, тапсырманы өзі таңдап отырса, дербес шешім қабылдау дағдысына бұл қалай әсер етеді?
Тағы бір мәселе – оқушы туралы жиналатын цифрлық мәлімет. Оның қай пәннен қиналғаны, қандай тапсырмадан қате жібергені, қанша уақытта жауап бергені сияқты ақпараттар жүйеде сақталса, олардың қауіпсіздігі кімнің жауапкершілігінде болады? Бұл мәселе технологияны білім беру саласына енгізумен қатар шешілуі тиіс.
Бейжіңнің білім беру жоспарында да мұндай қауіптер назардан тыс қалмаған. Құжатта жасанды интеллектіге шамадан тыс тәуелділік, ойлау қабілетінің әлсіреуі, дербес деректердің қауіпсіздігі және технологияны жауапсыз пайдаланудың алдын алу қажеттігі атап көрсетілген. Демек, мәселе оны мектепке кіргізумен ғана бітпейді. Дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру да маңызды.
Бұл жерде Қазақстанға қатысты ойланатын мәселе көп.
Қытайдың тәжірибесін сол күйінде көшіру міндетті емес. Бірақ бұл құралды мектепте оқушының орнына үй тапсырмасын орындаушы емес, оның оқуына көмектесетін жүйе ретінде пайдалануға болады. Мәселен, бір бала тақырыпты бірден түсінсе, екіншісіне бірнеше рет түсіндіру қажет. Сыныптағы әр балаға бірдей уақыт бөлу мүмкін болмаған жағдайда, цифрлық жүйе оның қандай тақырыптан қиналып жүргенін анықтап, мұғалімге қосымша ақпарат бере алады. Мұндай бағдарлама дайын жауапты бірден ұсынбай, алдымен қатесін түсіндіріп, дұрыс шешімге өзі келуіне бағыттай алады. Сонда технология баланың орнына ойламайды, керісінше оның ойлауына жағдай жасайды.
Бұдан бөлек, мектепте ЖИ сауаттылығын қалыптастыру маңызды. Оқушы оны қалай пайдалануды ғана емес, алынған ақпаратты қалай тексеруді, жалған мәліметті қалай ажыратуды, жеке деректерін қалай қорғауды және дайын жауапты көшіріп алу мен технологияны оқу құралы ретінде пайдаланудың айырмашылығын білуі керек.
Бейжің тәжірибесінде мұндай білімді оқушының жасына қарай кезеңкезеңімен беру көзделген. Бастауыш сыныпта жасанды интеллекті туралы бастапқы түсінік қалыптастырылса, негізгі мектепте оны оқу мен күнделікті өмірде дұрыс пайдалану үйретіледі.
Технология қанша дамыса да, білім беру тек ақпарат жеткізуден тұрмайды. Мұғалім баланың сабақты түсінбегенін оның дауысынан, көзқарасынан немесе мінез-құлқынан байқауы мүмкін. Кейде оқушыға қосымша есеп емес, қолдау қажет болады. Бір ауыз жылы сөз оның өзіне деген сенімін өзгертуі мүмкін. Ал сыныптағы достық, жауапкершілік, өзгені тыңдау, пікірталас жүргізу және қиындыққа қарамастан талпыну секілді қасиеттерді алгоритмнің өзі толық қалыптастырмайды. Сондықтан болашақ мектебі мұғалімсіз болмауы керек. Керісінше, ЖИ ұстаздың қағазбастылық пен қайталанатын жұмыстарға кететін уақытын азайтып, баламен тікелей жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік беруі тиіс.
Бәлкім, болашақта тақта алдында мұғалім, ал оның жанында жасанды интеллекті тұратын шығар. Бірақ баланың алдында тұрған ең маңызды міндет өзгермейді – дайын жауапты алу емес, өз бетінше ойлануды үйрену.
Қытайдың бүгінгі тәжірибесі бізге бір нәрсені көрсетеді: жасанды интеллекті мектепке кірген кезде ең үлкен өзгеріс технологияның өзінде емес, білім беру тәсілінде болуы мүмкін. Ал Қазақстан үшін басты мәселе – баланың орнына ойлайтын құралды емес, оның жақсырақ ойлануына көмектесетін технологияны қалыптастыра білу.
Бауыржан ЖҮНІС
















