ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: МҰҒАЛІМДІ АЛМАСТЫРА АЛА МА?
Сурет ашық дереккөзден алынды
Бүгінгі күні елімізде ғана емес, әлем бойынша жасанды интеллект барлық жүйеде қолданысқа енді, соның ішінде білім беру жүйесіне бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізіліп, қарқынды дамып келе жатыр. Басты мәселе жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алады ма, әлде мұғалімнің мүмкіндігі мен функционалдық қызметін кеңейтетін жаңа құралға айналады ма?
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қоғамның көптеген салаларына жаңа өзгеріс әкелуде. Білім беру жүйесі де бұл үдерістен тыс қалған жоқ, қайта жасанды интеллект білім беру жүйесіне өзгеше төңкеріс алып келді десек те болады. Себебі бұрын бірнеше сағат немесе бірнеше күн алатын жұмысты қазір бірер минутта дайындауға жасанды интеллектінің ықпалы зор. Бұрын оқушы үшін ақпараттың негізгі көзі оқулық пен мұғалім болса, бүгінгі күні жасанды интеллект арқылы оқушы кез келген ақпаратты алып қана қоймай, оған сұрақ қойып, жауап алуға, есеп шығаруға, тексертуге, мәтін жаздыруға, күнделікті сабаққа құрал ретінде қолдануға мүмкіндігі бар. Ал, мұғалім сабақ жоспарын құруға, тапсырмалар дайындауға, мәтін талдауға, оқушылардың деңгейіне сәйкес оқу материалдарын әзірлеуге, түрлі ақпарат алуға, сабаққа қатысты көрнекіліктер дайындауға пайдалана алады. Осындай жасанды интеллектінің мүмкіндіктерінен кейін маңызды сұрақ туындайды: жасанды интеллект мұғалімді түпкілікті алмастыра алады ма?
Жасанды интеллекті не істей алады?
Ең алдымен жасанды интеллектіні білім беру саласындағы мүмкіндіктері мен қолданылу аясының кеңдігін мойындауымыз керек. Біріншіден, ол ақпаратты өте жылдам уақытта өңдеп, жүйелеп, оқу үдерісін жетілдірудің маңызды құралына айналып келеді. Жасанды интеллект оқушының білім деңгейін, оқу қарқыны мен қателерін талдап, соған сәйкес оқушыға ақпарат, тапсырмалар мен оқу материалдарын ұсынып қана қоймай, оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға да мүмкіндік береді. Мысалы, идеяларды талдау, күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіреді, қалаған тақырыпта, қалаған тілде мәтін құрастырады, тапсырмалар, тест сұрақтарын дайындайды, есептің шешу жолдарын көрсетеді. Сондай-ақ белгілі бір тақырыпты меңгеруге қиналған оқушыға қосымша түсіндіру мен жеңілдетілген тапсырмалар беру арқылы оқушы тақырыпты сабақтан тыс уақытта меңгеруге мүмкіндігі бар. Екіншіден, технологияны қолдану арқылы мұғалімдер оқу материалдарын дайындау, түрлі тапсырмаларды іздеу және оқушылардың жұмыстарын талдау, қағазбастылық сынды дағдылардан арылып, уақыт үнемдесе, мұғалім оқушымен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт бөле алады.
Алайда жасанды интеллектіні білім беру саласында қолданудың белгілі бір қауіптері де бар. Ол оқушының дайын жауапқа тәуелділігін арттырады, оқушы дайын жауапқа шамадан тыс үйренсе, өз бетінше және сыни ойлау қабілеттерінің төмендеуі ықтимал. Үй тапсырмасы, эссе, шығарма немесе жоба жұмыстарын бірнеше минутта жасанды интеллектіге жаздырып алған оқушы тапсырманың мәнін түсінбеуі мүмкін.
Білім алудың мәні дайын жауапты көшіріп жазу емес, іздену, қателесу, салыстыру, шешу, талдау, қорытынды жасау процестерінде жатыр. Осы ретте мұғалім жасанды интеллектіні қолдану аясын шектемей, керісінше оқушыға түсіндіріп, оқушы технология арқылы белгілі бір тақырыпта ақпарат алып, оны бірнеше нақты дереккөздермен салыстырып, қателерін анықтап, өз қорытындысын жасай алатын болса, бұл оқушының ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Осы орайда Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің мұғалімі Айнұр Ахметова жасанды интеллектіні баланың білім алуына тиімді пайдаланудың маңыздылығын былайша түсіндіреді.
– Қазіргі балалар цифрлық әлемде өсіп келеді. Жасанды интеллект олардың күнделікті өміріне етене еніп, түрлі мәселелерді шешуге көмектесетін құралға айналды. Оны дұрыс қолдана білсе, бала түсінбеген сабағын қайта қарастырып, тіл үйреніп, жаңа ақпараттармен таныса алады, – дейді ол.
Дегенмен, мұғалімнің айтуынша, жасанды интеллектіні шектен тыс әрі бақылаусыз пайдалану баланың дамуына кері әсер етуі мүмкін. Біріншіден, дайын жауапқа үйренген бала өздігінен ойлануға, ізденуге және мәселенің шешімін табуға талпынбай қалуы ықтимал. Бұл оның логикалық ойлау қабілетінің дамуына кері әсер етеді.
Екіншіден, цифрлық құрылғыларға шамадан тыс тәуелділік баланың ата-анасымен, достарымен және қатарластарымен шынайы қарымқатынас жасауына кедергі келтіруі мүмкін. Ал баланың тұлғалық қалыптасуында тірі қарым-қатынас пен әлеуметтік орта ерекше маңызды.
Үшіншіден, жасанды интеллект ұсынған ақпараттың барлығы бірдей дұрыс бола бермейді. Кей жағдайда жүйе қате немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет беруі мүмкін. Сондықтан бала кез келген ақпаратты тексеріп, сыни тұрғыдан бағалауды үйренуі қажет.
Тағы бір маңызды мәселе – тәуелділік. Барлық сұраққа дайын жауап алуға дағдыланған бала қиындықпен бетпе-бет келгенде өз бетінше шешім қабылдауға және еңбек етуге құлықсыз болуы мүмкін.
– Қорытындылай келе, жасанды интеллектіні жаман нәрсе деп қабылдауға болмайды. Ол – тек құрал. Ең бастысы, баланың оны сабақтан дайын жауап көшіріп алу үшін емес, білімін толықтыру, іздену және жаңа нәрсе үйрену үшін пайдалана білуі. Ал балаға осыны дұрыс түсіндіріп, бағытбағдар беру – ата-ана мен мұғалімнің ортақ міндеті, – дейді Айнұр Ертайқызы.
Демек, жасанды интеллектінің пайдасы оны қалай қолдануға байланысты. Балаға технологияны шектеу ғана емес, оны тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануды үйрету – бүгінгі білім беру үдерісінің маңызды міндеттерінің бірі.
Мұғалімнің рөлі өзгереді
Жаңа технология дамыған сайын мұғалімнің мектеп өміріндегі маңызы мен функционалдық қызметі азаймайды, керісінше, оның міндеті мен мұғалімге қояр талап та күрделене түсуде. Ақпарат көбейген сайын оның ішінен дұрысын таңдау, жалған мәліметті ажырату, озық технологияларды білім алуда тиімді қолдану, білімді жүйелеу және өмірде қолдану қиындай түседі. Демек, цифрлық дәуірде, әсіресе жасанды интеллект дәуірінде мұғалімнің басты міндеті ақпаратты жай ғана жеткізу емес, оқушыны сол ақпаратпен дұрыс жұмыс істеуге және тиімді қолдана білуге үйрету болып отыр.
Бүгінгі жас буынның ақпаратқа қолжетімділігі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бір тақырып бойынша ондаған мақала, бейнесабақ, подкаст, электронды кітап немесе әлеуметтік желілерден түрлі ақпарат табуға болады. Алайда ақпараттың көптігі сапалы білім қалыптастырмайды, ақпараттың шамадан тыс көп болуы оқушының назарын шашыратып, үстірт қабылдауға әкелуі ғажап емес. Әлеуметтік желілердегі қысқа бейнебаяндарға үйренген оқушы ұзақ мәтінді оқуға, күрделі мәселені талдауға немесе бір тақырыппен ұзақ уақыт жұмыс істеуге қиналуы бек мүмкін. Осы жерде мұғалімнің жаңа рөлі айқын көрінеді. Педагог оқушыға «Бұл ақпарат қайдан алынды?», «Бұл нақты дереккөз бе?», «Оған сенуге бола ма?», «Басқа дереккөздер не дейді?», «Осы мәліметті қалай қолдануға болады?» деген сұрақтарды қоюға үйретуі қажет. Яғни мұғалім ақпарат берушіден ақпаратты саралауға үйрететін бағыттаушыға айналады.
Оқушы мәтін жазу, есеп шығару, аударма жасау немесе белгілі бір тақырып бойынша түсініктеме алу үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалана алады. Бұл мүмкіндікті тек қауіп ретінде қарастыру дұрыс емес. Жасанды интеллект дұрыс қолданылғанда мұғалімнің де, оқушының да уақыты үнемделіп, білім алу аясы кеңейе түседі. Алайда мұндағы маңызды мәселе – оқушы тапсырманы өзі орындамай, дайын жауапты жасанды интеллектіден алса, бұл жағдайда сыртқы нәтиже жақсы көрінгенімен, білім қалыптаспайды. Сондықтан мұғалімнің міндеті технологияны толық тыйым салу емес, оны жауапкершілікпен пайдаланудың мәдениетін қалыптастыру болуы тиіс. Атап айтсақ, оқушыға дайын эссе жаздыру орнына жасанды интеллект арқылы тақырып бойынша бірнеше идея жинауға, кейін сол идеяларды тексеріп, өз ойын қалыптастыруға тапсырма беруге болады. Мұндай тәсіл технологияны оқушының орнына ойлайтын құрал емес, ойлау қабілетін күшейтетін көмекші ретінде пайдалануға жол ашады.
Қазіргі кезде елімізде, әсіресе қала мектептерінде мұғалімнен тек пәндік білім ғана емес, цифрлық педагогика саласындағы сауаттылық та талап етілетіні анық. Мұғалімнің ең басты артықшылығы – адаммен қарымқатынас, қандай технология дамыса да, мұғалімнің орнын толық алмастыра алмайтын маңызды қасиеттер бар. Оның бірі – адамды түсіну. Мұғалім оқушының сабаққа қызығушылығы төмендегенін, өзіне сенімсіз екенін немесе қандай да бір қиындыққа тап болғанын байқай алады. Ол баланың мінезін, қабілетін, эмоциялық жағдайын бақылап, соған қарай оқыту тәсілін өзгерте алады. Сондықтан цифрландыру жағдайында мұғалімнің адамдық қыры бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Педагог тек білім беруші емес, оқушыға бағыт көрсететін тәлімгер, кеңесші және тұлғалық дамуына ықпал ететін маман болуы керек. Әсіресе жасөспірімдер арасында әлеуметтік желі мен виртуалды ортаның ықпалы күшейген кезде мектептегі жанды қарым-қатынастың маңызы артады.
Осы ретте Ә.Егізбаев атындағы №121 орта мектептің педагог-психологі Арайлым Жалғасованың пікіріне құлақ түрсек. «Меніңше, қазіргі педагогтің басты міндетінің бірі – оқушыны технологияға тәуелді етпей, оны саналы түрде пайдалануға бағыттау. Мұғалім мен жасанды интеллект бірбіріне бәсекелес емес, дұрыс үйлескен жағдайда оқушының білім сапасын арттыратын тиімді құралдар. Сондықтан педагогтің бағыт-бағдары мен психологиялық қолдауы бұл үдерісте аса маңызды. Ұстаз оқушының жасанды интеллект көмегімен орындаған жұмысын бақылап қана қоймай, ақпаратты қаншалықты түсінгеніне, өз пікірін қалыптастыра алғанына мән бергені жөн. Себебі технология қаншалықты дамығанымен, оқушының тұлғалық қасиеттерін, адамгершілік құндылықтарын, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда мұғалімнің орны бөлек», – дейді білікті маман.
Мұғалімнің кәсіби дамуы – басты шарт. Цифрлық өзгеріс ең алдымен мұғалімнің өзінен басталуы тиіс. Педагог жаңа технологияны меңгермей тұрып, оқушыға тиімді үйрете алмайды. Бұл жерде мұғалімге тағы бір талап қойылады – өмір бойы білім алу. Бұрын диплом алу кәсіби жолдың маңызды кезеңі болса, қазіргі жағдайда ол тек бастамасы. Жаңа платформалар, бағдарламалар, жасанды интеллект құралдары үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан мұғалім де үнемі ізденіп, тәжірибе алмасып, жаңа әдістерді сынап отыруы қажет.
Ақпарат енді мұғалімнің ғана қолында емес, оқушы әлемнің кез келген нүктесіндегі білім ресурсына қол жеткізе алады. Бірақ осы өзгерістердің барлығы мұғалімнің маңызын жойған жоқ, қайта педагогтің міндетін жаңа деңгейге көтерді. Бүгінгі мұғалім – ақпараттың жалғыз көзі емес, ол ақпарат тасқынында оқушыға бағыт көрсететін тұлға. Мұғалім жасанды интеллект дәуірінен қорықса бұл дамудан бас тарту деген сөз, ал, тәуелді болу адамдық жауапкершіліктен айырылу. Ең дұрыс жол осы екеуінің арасында тепе-теңдікті табу және сақтау болмақ.
Жасанды интеллект білім беру саласының сипатын өзгертті, алайда мектептің өзегі әрқашан адам болып қала береді. Ал, жасанды интеллект сол адамға көмектесетін құрал болған жағдайда ғана білім беру саласындағы нағыз жаңарудың қозғаушы күшіне айналады.
Құралай АЛТАЙҚЫЗЫ















