ҚАУІПСІЗДІКТІҢ СЕНІМДІ КҮЗЕТШІСІ
Қауіпсіздік – әр отбасының басты құндылығы. Адам өміріне қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың бірі – өрт пен улы газдан улану. Әсіресе жылыту маусымында пештер мен газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды. Осындай жағдайда көмірқышқыл газды анықтайтын датчиктер адам өмірін қорғауға көмектесетін қажетті құрылғылардың бірі болып табылады.
Түтін датчигі бөлмеде түтін пайда болғанын ерте анықтап, қатты дыбыстық белгі береді. Бұл құрылғы әсіресе түнгі уақытта, адам ұйықтап жатқан кезде өте пайдалы. Себебі өрттің алғашқы белгілерін дер кезінде байқамау – қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Датчиктің дабылы тұрғындарға қауіп туралы уақытында хабардар болып, қауіпсіз жерге шығуға және өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Үйге датчик орнату – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қарапайым әрі маңызды қадам.
Улы газды анықтайтын датчик не үшін қажет? Улы газ, яғни көміртек тотығы, түссіз әрі иіссіз болғандықтан, адам оны сезім мүшелері арқылы анықтай алмайды. Ол пештің, мұржаның немесе газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан пайда болуы мүмкін. Улы газды анықтайтын датчик бөлмедегі көміртек тотығының қауіпті мөлшерін анықтаған кезде дыбыстық дабыл береді. Бұл тұрғындарға қауіп туралы дер кезінде ескертіп, бөлмеден шығуға және қажетті көмекке жүгінуге мүмкіндік береді. Мұндай датчиктерді пешпен жылытылатын және газ жабдықтары пайдаланылатын тұрғын үйлерге орнату маңызды. Алайда датчик пеш пен мұржаны уақытылы тексерудің, тазалаудың және қауіпсіздік талаптарын сақтаудың орнын алмастырмайды.
Датчиктерді орнатумен қатар, олардың жарамдылығын үнемі тексеріп отыру қажет. Құрылғының батареясын уақытында ауыстырып, шаң-тозаңнан тазалап, өндірушінің нұсқаулығына сәйкес пайдалану керек. Әрбір отбасы мүшесі датчиктің дабылы іске қосылған кезде не істеу керектігін білуі тиіс. Қауіп туралы белгі берілген жағдайда адамдар дереу қауіпсіз жерге шығып, 101 немесе 112 нөміріне хабарласуы қажет. Егер көмірқышқыл газынан улану белгілері байқалса, зардап шеккен адамды таза ауаға шығарып, жедел медициналық көмек шақырған жөн.
Өрт пен улы газдан қорғану үшін пештерді, мұржаларды және газ жабдықтарын уақытылы тексеріп, оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Электр және газ құралдарын қараусыз қалдырмау, балаларды жылыту құрылғыларынан алыс ұстау да маңызды.
Көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде хабарлап, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін маңызды құралдар саналады. Сондықтан әрбір тұрғын өз үйінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, қажетті құрылғыларды орнатып, олардың жұмысын бақылауда ұстағаны жөн.
Өрт қауіпсіздігін сақтайық, көмірқышқыл газдан сақ болайық! Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін бүгіннен бастаңыз!
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі
















