Ұлы даладан әлемдік стандартқа дейін
Биыл еліміз алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өтеді. Бұл атаулы күннің 3 қыркүйекке белгіленуі кездейсоқ емес. Дәл осы күні, 2024 жылдың 3 қыркүйегінде Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын алдын ала негізде ресми түрде танып, оған №372 халықаралық стандартын бекітті. Ең бастысы, Қазақстан осы тұқымның тарихи отаны әрі шыққан елі ретінде халықаралық деңгейде мойындалды.
Осы тарихи сәттің артында ұзақ жылдарға созылған табанды еңбек, күрделі келіссөздер, ауқымды құжаттандыру жұмысы, ғылыми зерттеулер мен кинологиялық дипломатия жатыр. Қазақ тазысының халықаралық деңгейде танылуы – мемлекеттің, кинологиялық қауымдастықтың, ғалымдардың, селекционерлер мен ит иелерінің ортақ еңбегінің нәтижесі.
Қазақ тазысы – халқымызбен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ұлттық құндылық. Сондықтан оны сақтау жұмысы кейінгі бірнеше жылда ғана басталды деу жаңсақтық. Тазы кеше ғана пайда болған жоқ. Ол ғасырлар бойы Ұлы даладағы бабаларымыздың сенімді серігі, «Жеті қазынаның» бірі болды. Дегенмен тұқымның ғасырлар бойы қалыптасуы мен оның халықаралық кинологиялық жүйедегі ресми мәртебесі – екі бөлек мәселе.
Кейінгі жылдары бұл жұмыс мемлекет тарапынан, атап айтқанда, Эколоия және табиғи ресурстар министрлігінен жүйелі қолдау тапты. Халықаралық деңгейде танылу – соның нақты нәтижелерінің бірі.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тұқымды сақтау, оны халықаралық деңгейде таныту жөнінде нақты міндет қойды. Осыдан кейін мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдар мен кинологиялық қауымдастықтың жұмысы бір арнаға тоғысты. 2023 жылы қажетті заңнамалық негіз қалыптастырылды. Тұқым стандарты, шығу тегі туралы куәлік секілді ұғымдар айқындалып, мемлекеттік қолдау, ғылыми зерттеу, асылтұқымдық жұмыстардың тетіктері қарастырылды. FCI деңгейінде таныту жөніндегі жұмыс алдымен Қазақстан FCI жүйесінде өзінің ұлттық тұқымдарын ресми түрде ұсыну құқығына иеленуден басталды. Бұл жерде белгіленген рәсім бар. Стандарт әзірлеп, тарихи материалдарды жинап, Халықаралық кинологиялық федерацияға бірден өтініш бере салуға болмайды. Өтінімді FCI-де тиісті мәртебесі бар елдің ұлттық кинологиялық ұйымы беруге тиіс.
2023 жылғы 22 тамызда Женевада өткен FCI Бас ассамблеясында Қазақстан кинологтар одағы Халықаралық кинологиялық федерацияның толыққанды мүшесі болып қабылданды. Дауыс беруге қатысқан 77 мемлекеттің 72-сі еліміздің өтінімін қолдады. 2024 жылғы наурызда қазақ тазысына қатысты құжаттар топтамасы FCI-ге жолданды. Материалдарды FCI Стандарттар комиссиясы мен Ғылыми комиссиясы қарады. Мәселе тек құжаттардың толық болуында емес, халықаралық сарапшылар тазының қазіргі популяциясын өз көзімен көруі керек еді.
Тарихи құжаттар тұқымның шығу тегі мен тарихын растайды. Бірақ халықаралық деңгейде тануға мұның өзі жеткіліксіз. Тұқымға тән белгілері тұрақты, сол қасиеттерін келесі ұрпаққа бере алатын қалыптасқан популяцияның бар екенін көрсету қажет. Осыған орай 2024 жылғы мамырда Астанада арнайы монопородалық көрме өткізілді. Оған жасы, түсі, шығу тегі мен типі әртүрлі жүз қазақ тазысы іріктеп алынды. FCI Ғылыми комиссиясы мен Стандарттар комиссиясының мүшелері иттерді стандарт талаптарымен салыстыра отырып тексерді. Басының пішініне, дене бітіміне, аяқтарына, жүн жамылғысына, қозғалысына, жалпы тұқымдық типіне баға берді. Көрмеге Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев арнайы қатысты. Көрмеден кейін FCI мен Қазақстан кинологтер одағы өкілдерінің жұмыс отырысы өтті.

2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда қазақ тазысын халықаралық деңгейде алдын ала тану туралы шешім қабылданды. Біз үшін бұл құжаттың жай ғана техникалық сипаттама болып қалмауы айрықша маңызды еді. Қазір халықаралық стандартта тазының қазақ халқының дәстүрлі өмір салтымен ажырамас байланысы, оның «Жеті қазынаның» бірі екені нақты көрсетілген. Осылайша, халықаралық тізілімге тағы бір аңшы ит тұқымы ғана енген жоқ. Қазақ тарихы мен мәдениетінің бір бөлшегі әлемдік деңгейде ресми бекітілді. Енді әлемнің кез келген еліндегі төреші, селекционер немесе кинолог №372 халықаралық стандартын ашқанда, тазының сипаттамасымен бірге Қазақстан атауын және осы тұқымның қазақ мәдениетімен сабақтастығын көреді.
Тазы тұқымын ондаған жыл бойы әр өңірдегі аңшылар, селекционерлер, ит иелері, жанашырлар мен кинологтер сақтап келді. Алайда жекелеген азаматтардың еңбегі бір бөлек те, ұлттық деңгейде жолға қойылған тұтас жүйе бір бөлек.
Бүгінде тазы мәдени дипломатияның да бірегей нышанына айналды. Франция Президенті Эмманюэль Макронға сыйға тартылған Жюль мен Жанна есімді тазылардың Елисей сарайында жүруі – қазақы құндылықтың әлемге танылуының әсерлі көрінісі.
Биыл көктемде Ақордада Халықаралық кинологиялық федерация президенті Тамаш Яккельдің қабылдануы Қазақстанның бұл іске айрықша мән беретінін тағы бір мәрте көрсетті. Кездесу барысында Тамаш Яккель Мемлекет басшысына ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен дамытуға жеке назар аударып отырғаны үшін алғыс білдірді.
Алайда халықаралық танылу – жұмыстың аяқталғанын емес, жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Алдағы он жылдық сынақ мерзімінде еліміз тұқымның тұрақтылығын, денсаулығы мен мінез-құлқының белгіленген талаптарға сай екенін жүйелі түрде дәлелдеуге тиіс.
Осы уақыт ішінде тұқымның бірнеше ұрпақ бойы тұрақты дамуын көрсету, иттердің денсаулығы мен мінез-құлқын бақылау, шығу тегінің сенімді есебін жүргізу, тұқымдық типті сақтау және қазақ тазысын халықаралық кинологиялық іс-шараларда тұрақты таныстырып отыру қажет.
Қазір Қазақстан кинологтер одағының Бірыңғай асылтұқымдық кітабында төрт мыңға жуық тазы тіркелген. Дегенмен ауылдарда әлі де құжаттандырылмаған иттер аз емес. Сондықтан өңірлерде оларды есепке алу және сұрыптау жұмысы үздіксіз жалғасады.
Әр ұрпақтың шығу тегі тіркелмесе, бірнеше жылдан кейін иттердің қандай тұқымдық желілерден тарағанын, қай желілер белгілі бір артықшылық немесе кемшілік беретінін анықтау қиындайды. Сондай-ақ жекелеген асылтұқымды иттердің шамадан тыс пайдаланылуы мен генетикалық әртүрліліктің азаю қаупін дер кезінде бағалау мүмкін болмайды.
2025 жылы Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде қазақ тазысының ресми халықаралық таныстырылымы өтті. 2026 жылғы маусымда Болоньядағы World Dog Show көрмесіне елімізден бірден он екі тазы қатысты. Бұл – осы уақытқа дейінгі рекордтық көрсеткіш.
Сондай-ақ FCI Дүниежүзілік судьялар конгресі аясында халықаралық төрешілер қауымына қазақ тазысы арнайы таныстырылды. Еліміздің ұлттық стенді де жұмыс істеп, мыңдаған келуші тек тазымен ғана емес, Қазақстанның мәдениетімен және ұлттық мұрасымен танысты.
2 мамырда Астанада «Астана Виннер – 2026» халықаралық кинологиялық көрмесі аясында «Kazakh Tazy» монотұқымдық көрмесі өтті.
Біздің ең басты міндетіміз – тазыны сыртқы сұлулығымен ғана тамсандыратын «көрме итіне» немесе музей жәдігеріне айналдырып алмау. Ол – дала тіршілігі, аңшылық дәстүр, ұлан-ғайыр кеңістік, қатал климат пен табиғи сұрыпталу қалыптастырған нағыз аңшы ит.
Ұлттық тұқымды сақтау бірқатар бағытты қамтиды. Оның ішінде ғылым, ветеринария, селекция, заңнама, халықаралық ынтымақтастық, өңірлердегі жұмыс бар. Кинологтер одағы асылтұқымдық есеп жүргізіп, иттердің шығу тегі туралы деректерді қалыптастырып, тұқымдық қасиеттерін сақтау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Байырғы тұқымдар бүгінде әлемдік кинологияда ерекше қызығушылық туғызып отыр. Өйткені олардың бойында кейін бірнеше ұрпақ бойы қолдан сұрыптау арқылы қайта қалыптастыру қиын табиғи қасиеттер сақталған. Біздің міндетіміз – осы тепе-теңдікті жоғалтпау. Тазының табиғи болмысын, аңшылық қабілеті мен өзіне тән қасиеттерін сақтап, оны келешек ұрпаққа аман жеткізу – Ұлы дала мұрагерлері ретіндегі жауапкершілігіміз. Бұл жұмыстың нәтижесін жылдар өткен соң бағалауға болады. Ал басты мақсат өзгермейді – қазақ тазысын сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу.
egemen.kz















