МИ НЕГЕ ҮРЕЙЛІ ФИЛЬМДЕРДІ ҰНАТАДЫ?

Түн. Үйдің іші жым-жырт. Теледидар экранында қараңғы дәлізбен бір кейіпкер баяу жүріп келеді. Кенет есік өздігінен сықырлап ашылады... Осындай сәтте көрерменнің жүрегі дүрсілдеп, алақаны терлей бастайды. Ол қорқып отыр, бірақ дәл сол сәтте басқару құралына (пульт) қол созбайды. Керісінше, көзін экраннан алмай, келесі сәтте не болатынын тағатсыздана күтеді. Рас қой.
Неліктен хоррор фильмдері ондаған жыл бойы әлемдегі ең танымал кино жанрының бірі болып келеді? Жыл сайын миллиондаған адам кинотеатрға немесе теледидар алдына жиналып, өздерін қорқытатын фильмдерді көреді. Бұл жай ғана әдет пе, әлде оның астарында ғылым түсіндіретін ерекше құбылыс бар ма? Осы сұраққа психологтар, нейробиологтар және кинотанушылар ұзақ уақыт бойы жауап іздеп келеді.
Ғалымдардың айтуынша, адамның миы шынайы қауіп пен экрандағы қауіпті бірдей қабылдай бермейді. Біз фильм көріп отырған кезде миымыз қорқынышты көріністі байқайды, бірақ оның қиялдан туған оқиға екенін де түсінеді. Дәл осы ерекшелік қорқынышты фильмдерді ерекше тартымды етеді. Ағзада адреналин, дофамин және эндорфин сияқты гормондар бөлінеді. Адреналин жүрек соғысын жиілетіп, денені сергек күйге келтірсе, дофамин мен эндорфин фильм аяқталғаннан кейін жағымды әсер қалдырады. Сондықтан көптеген адам қорқынышты фильмнен кейін өзін ерекше сергек, жеңіл әрі көңілді сезінеді.
Психологтар бұл құбылысты «қауіпсіз қорқыныш» деп атайды. Яғни адам шынайы қауіпке ұшырамай-ақ, сол сезімді бастан кешіреді. Мұны америкалық төбешікке мінумен немесе биік көпірден сақтандыру арқанымен секірумен салыстыруға болады. Сол сәтте жүрек қатты соғады, тыныс жиілейді, бірақ адамның санасы оның қауіпсіз екенін біледі. Сондықтан қорқыныш біртіндеп ерекше әсер мен ләззатқа айналады.
Қорқынышты фильм көргенде денеде не болады?
Қорқынышты көрініс басталған сәтте ми қауіп туралы белгі береді. Бірнеше секундтың ішінде бүкіл ағза жұмысын өзгертеді: жүрек соғысы жиілейді, тыныс алу жылдамдайды, қан қысымы сәл көтеріледі, ал көз қарашығы кеңейеді. Бұл – миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан табиғи қорғаныс жүйесінің жұмысы. Ғалымдар мұны «күрес немесе қашу» (fight or flight) реакциясы деп атайды. Ежелгі адамдар үшін бұл механизм жыртқыш аңнан немесе басқа қауіптен аман қалуға көмектескен. Ал бүгінде дәл сол жүйе экрандағы құбыжықты көргенде де іске қосылады.
Бір қызығы, фильм аяқталғаннан кейін ми қауіптің шынайы болмағанын түсінеді. Осы кезде ағза біртіндеп қалыпты күйіне оралып, адам жеңілдік сезінеді. Сондықтан көптеген көрермен қорқынышты фильм аяқталған соң тағы бір хоррор көруге қарсы болмайды.
Қорқынышты фильм көру – ми үшін өзіндік жаттығу іспетті. Экрандағы әрбір қауіпті жағдайды көргенде адам еріксіз түрде: «Егер мен сол жерде болсам не істер едім?», «Қалай құтылар едім?» деген ойларға беріледі. Яғни ми қауіп-қатерге дайындалудың өзіндік жаттығуын жүргізеді.
Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл қасиет адамзатқа ежелгі дәуірден мұра болып қалған. Мыңдаған жыл бұрын адамдар үнемі жыртқыш аңдардан, табиғи апаттардан немесе жаулардан сақтануға мәжбүр болды. Сондықтан адам миы қауіпті алдын ала сезуге және мүмкін болатын әрекеттерді тез ойластыруға бейімделді. Қазіргі хоррор фильмдер сол ежелгі инстинкті іске қосатын қауіпсіз құрал ғана.
Ғылым не дейді?
Қорқынышты фильмдердің әсерін арнайы зерттеген ғылыми жобалар да бар. Соның ең танымалдарының бірі – «Қорқыныш туралы ғылым» (Science of Scare) зерттеуі. Онда зерттеушілер еріктілердің жүрек соғысын арнайы құрылғылар арқылы бақылап, әртүрлі хоррор фильмдерін көрсеткен. Нәтижесінде кейбір фильмдерді көрген кезде қатысушылардың жүрек соғысы минутына 60-70 соққыдан 120-130 соққыға дейін көтерілгені анықталған. Бұл хоррор фильмдерінің адамның көңіл күйіне ғана емес, бүкіл ағзасына әсер ететінін дәлелдейді.
Тағы бір қызықты дерек – қорқынышты фильм көргенде адам белгілі бір мөлшерде қосымша энергия жұмсайды. Кейбір зерттеулер екі сағаттық хоррор көру барысында шамамен 100-180 килокалорияға дейін энергия жұмсалуы мүмкін екенін көрсеткен. Бұл спорттың орнын алмастырмайды, бірақ қорқыныш кезінде жүрек пен бұлшықеттердің белсенді жұмыс істейтінін аңғартады.
Қызығы, қорқынышты фильм көргенде адамдар бір-біріне жақындай түседі. Сондықтан көпшілік мұндай фильмдерді жалғыз емес, достарымен немесе жақын адамдарымен бірге көруді ұнатады. Қорқынышты сәтте адамның қасындағы адамның қолынан ұстауы немесе оған жақындай түсуі – табиғи психологиялық реакция. Мұндай жағдайда адамдардың арасында сенім мен эмоционалдық байланыс күшейе түседі. Сондықтан алғашқы кездесуге барған кейбір жұптардың хоррор фильмін таңдауы кездейсоқ емес. Ортақ эмоция адамдарды жақындастырады.
Дегенмен, бәрі бірдей қорқынышты фильмдерді жақсы көрмейді. Бір адам экрандағы әр дыбыстан селк етсе, екіншісі еш қобалжымай отырып көруі мүмкін. Психологтардың айтуынша, бұл адамның мінезіне, жүйке жүйесінің ерекшелігіне және өмірлік тәжірибесіне байланысты. Жаңашылдықты, тәуекелді және ерекше әсерлерді ұнататын адамдар хоррор жанрын жиі таңдайды. Ал мазасыздыққа бейім немесе өте сезімтал адамдар мұндай фильмдерден қашқақтайды.
Сонымен қатар қорқынышты фильмдерді жиі көретін адамдардың миы мұндай әсерге біртіндеп бейімделеді. Сондықтан бұрын өте қорқынышты болып көрінген көріністер уақыт өте келе бұрынғыдай әсер етпеуі мүмкін. Сол себепті режиссерлер көрерменді таңғалдыру үшін үнемі жаңа тәсілдер мен күтпеген сценарийлер ойлап табады.
Қорқынышты фильмдердің тағы бір қызықты әсері – олар күнделікті күйзелісті уақытша ұмыттырып, бір қарағанда бұл оғаш көрінуі мүмкін. Себебі қорқыныш адамның мазасыздығын арттыратындай әсер қалдырады. Алайда психологтардың айтуынша, фильм көріп отырған кезде ми барлық назарын экрандағы оқиғаға аударады. Соның арқасында адам өз өміріндегі мәселелерді уақытша ұмытып, эмоциясын басқа арнаға бағыттайды. Фильм аяқталғаннан кейін күнделікті қиындықтар бұрынғыдай ауыр көрінбеуі де мүмкін. Сондықтан кейбір адамдар үшін хоррор жанры психологиялық серпіліс пен эмоционалдық демалыстың бір түріне айналған.
Дегенмен, мамандар бұл фильмдерді шектен тыс көруге кеңес бермейді. Әсіресе ұйықтар алдында өте қатыгез немесе психологиялық ауыр фильмдерді көру ұйқының сапасына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай көріністер мида ұзақ уақыт сақталып, адамның тез ұйықтауына кедергі келтіреді немесе мазасыз түстердің көбеюіне себеп болуы ықтимал. Балалар мен жасөспірімдердің жүйке жүйесі әлі толық қалыптаспағандықтан, олардың жас ерекшелігіне сәйкес келетін фильмдерді таңдаудың маңызы ерекше.
Кинематография тарихында көрерменге ерекше әсер қалдырған хоррор фильмдері аз емес. Солардың бірі – «Жын қуушы». 1973 жылы жарық көрген бұл фильм көрсетілген кезде кейбір кинотеатрларда көрермендердің өздерін жайсыз сезініп, залдан шығып кеткені, тіпті есінен танып қалғаны туралы мәліметтер тараған. Ал Альфред Хичкоктың 1960 жылғы «Психо» фильмі кино тарихындағы ең ықпалды туындылардың бірі саналады. Ондағы атақты душ қабылдау көрінісі көптеген адамның ұзақ уақыт бойы ваннаға жалғыз кіруден қорқуына себеп болды деген пікір бар.
Сол сияқты «Жарқырау», «Заклятие» және басқа да танымал хоррор фильмдері көрерменді тек кенеттен шошытатын көріністерімен емес, психологиялық қысымды шебер жеткізе білуімен ерекшеленеді. Көптеген режиссердің айтуынша, қорқынышты фильмдегі ең үрейлі нәрсе – құбыжықтың өзі емес, белгісіздік. Сондықтан олар қауіптің өзін бірден көрсетпейді. Қараңғы дәліз, аяқ дыбысы, баяу ашылған есік немесе кенет орнаған тыныштық көрерменнің қиялын іске қосады. Кейде адамның өз қиялы экрандағы кез келген арнайы эффектіден әлдеқайда қорқынышты бейнелерді елестетеді.
Қызығы, әлемдегі алғашқы хоррор фильмдердің бірі 1896 жылы француз режиссері Жорж Мельес түсірген «Ібілістің қамалы» атты қысқаметражды туынды болып саналады. Ұзақтығы небәрі үш минутқа жуық болғанымен, ол кейін тұтас бір кино жанрының қалыптасуына жол ашты. Бүгінде хоррор индустриясы әлемдік кино нарығындағы ең табысты бағыттардың біріне айналды. Аз бюджетпен түсірілген көптеген қорқынышты фильмдер жүздеген миллион доллар табыс әкеліп, кино тарихындағы ең сәтті жобалардың қатарына енген.
Психологтардың пікірінше, адамдардың бұл фильмдерді ұнатуының тағы бір себебі – олар белгісіздікпен бетпе-бет келуге үйретеді. Біз өмірде де нақты не болатынын әрдайым біле бермейміз. Хоррор фильмдер осы белгісіздікпен қауіпсіз жағдайда кездесуге мүмкіндік береді. Сол арқылы адам өз эмоциясын бақылауға, үрейді жеңуге және күйзеліске төзімді болуға бейімделеді.
Бәлкім, сондықтан да бұл жанр жүз жылдан астам уақыт өтсе де өз танымалдығын жоғалтқан жоқ. Технология өзгерді, арнайы эффектілер жетілді, бірақ адамның қорқыныш сезімі сол күйінде қалды. Себебі қорқыныш – адам табиғатының ажырамас бөлігі. Ол бізді сақтандырады, қауіптен қорғайды және тез шешім қабылдауға үйретеді.
Экран алдында отырып біз кейде көзімізді жұмамыз, кейде селк етіп орнымыздан қозғалып кетеміз, кейде жанымыздағы адамның қолынан ұстаймыз. Бірақ фильм аяқталған сәтте оның барлығы қиял екенін түсінеміз. Сол кезде қорқыныштың орнын жеңілдік пен қанағат сезімі басады. Мүмкін, хоррор фильмдерінің құпиясы да дәл осында шығар. Адамдар қорқынышты жақсы көргендіктен емес, оны қауіпсіз жағдайда сезініп, жеңе алатындарын білетіндіктен қайта-қайта осындай фильмдерді тамашалайды. Өйткені кейде қорқыныш экрандағы құбыжықта емес, адамның өз қиялында өмір сүреді.
Бауыржан ЖҮНІС















