ҒАСЫР ІНДЕТІНЕН САҚТАНАЙЫҚ
АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) ағзаның иммундық жүйесін зақымдап, оның түрлі инфекцияға қарсы тұру қабілетін әлсірететін жұқпалы ауру. Уақытында емделмесе, ол иммунитетті жойып, ЖИТС-ке (жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына) ұласады. Вирус адам организмін инфекциядан және басқа аурулардан қорғайтын иммунды жүйені зақымдайды, соның салдарынан иммундық жүйеге жауап беретін СД4 лимфоциттер төмендейді де, нәтижесінде иммун жүйесі әлсірейді.
Аурудың ерекшеліктері мен алдын алу шараларына келсек:
Берілу жолдары:
– Жыныстық қатынас: қорғалмаған (мүшеқапсыз) кез келген жыныстық қатынас арқылы;
– Қан арқылы: инфекция жұққан медициналық емес құралдарды (ине, шприц, татуировка жабдықтары) ортақ пайдаланғанда немесе тексеруден өтпеген қан құйғанда;
– Анадан балаға: жүктілік, босану немесе емізу кезінде беріледі.
Белгілері қандай?
АИТВ жұқтырғаннан кейін жылдар бойы ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Кейіннен келесі белгілер байқалуы ықтимал:
– 38 °C-тан жоғары ұзақ уақытқа созылған қызба;
– Үнемі шаршау және лимфа түйіндерінің ұлғаюы; – 10 келіден астам салмақ жоғалту;
– Ұзаққа созылған диарея және түсініксіз жөтел.
Диагностика және ем шаралары:
– Ауруды анықтау үшін арнайы қан анализі (ИФА және ПТР тесттері) тапсырылады. АИТВ тесттерін кез келген емханада немесе СПИД орталықтарында тегін әрі құпия түрде тапсыруға болады.
– Аталған ауруды толық емдеп жазу мүмкін емес, бірақ антиретровирустық терапия (АРТ) вирус мөлшерін бақылауда ұстап, адамның қалыпты өмір сүруіне және ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Қандай жағдайда жұқпайды?
АИТВ сілекей, тер, көз жасы арқылы жұқпайды. Құшақтасқанда, сүйіскенде, ыдыс-аяқ, киім немесе жуынатын бөлме, бассейн сияқты заттарды ортақ пайдаланғанда, сондай-ақ жәндіктер шаққанда вирус жұқпайды.
Бұл инфекция бойынша Қызылорда облысында, оның ішінде Жосалы кентінде тұратын тұрғындар мамандандырылған көмек, кеңес алу және тест тапсыру үшін Қызылорда облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығына хабарласа алады. Толық ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми ресурсынан немесе Электрондық үкімет порталынан табуға болады.
АИТВ-мен өмір сүрушілерге қоғамдық көзқарас (стигма және дискриминация) бойынша айтар болсақ, стигма (гректің «таңба», «белгі» деген сөзінен шыққан) – қоғамның белгілі бір адамға немесе топқа теріс, айыптаушы көзқараспен қарап, «таңба басу» деген мағынаны білдіреді.
Әлеуметтік стигма – қоғамның кейбір адамдарды кемсітуі. Мысалы, қоғамдағы АИТВ немесе психикалық ауруы бар адамдарға қатысты теріс көзқарасты білдіру болса, дискриминация (латын тілінде – «алалау, бөлектеу») – адамның нәсіліне, ұлтына, жынысына, дініне, денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік тегіне байланысты құқықтарын шектеу, қоғамда немесе еңбек нарығында шеттету және теңсіздік тудыру.
Осы жылдың 5 айында анықталған АИТВ жұқпасы жағдайларына талдау жасайтын болсақ, ҚР 2026 жылдың 5 айында 1400 АИТВ жұқтырған факт тіркелген, соның ішінде шетел азаматтары – 57 жағдай, ҚР азаматтары арасында 1343 жағдай, 100 мың тұрғынға көрсеткіші – 6,6 (2025 жылдың 5 айында барлығы 1622, соның ішінде шетел азаматтары – 85 жағдай, ҚР азаматтары арасында – 1537 жағдай, 100 мың тұрғынға көрсеткіші – 7,5). Кумулятивтік саны ҚР бойынша 59699, облыс бойынша 407 адамды құрауда.
Қызылорда облысында 2026 жылдың 5 айында АИТВ жұқтырған 12 адам тіркелген, барлығы да ҚР азаматтары (100 мың адамға көрсеткіш 1,4), 2025 жылдың 5 айында 27адам (100 мың тұрғынға көрсеткіші 3,2). Былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 15 жағдайға төмендеген. ҚР азаматтары 407, оның ішінде басқа облыстан келгені 28 адам (6,8 пайыз) және Қызылорда облысының тұрғындары – 379 (93,1 пайыз); 153 адам – (40,4 пайыз) аудандардан: ( Арал – 22, Қазалы – 25, Қармақшы – 19, Сырдария – 13, Шиелі – 34, Жаңақорған – 29, Жалағаш –11), Байқоңыр қаласы – 22 адам – 5,8 пайыз; Қызылорда қаласы – 204 адам – 53,9 пайыз, соның ішінде бомж – 3 адам – 0,7 пайыз. Қазіргі таңда Қармақшы ауданы бойынша 7 адам диспансерлік бақылауда тұрады, барлығы антиретровирусты ем қабылдауда. Ем тиімділігі 100 пайызды құрайды.
Бір қарағанда, тұмау вирусы жер шарындағы адамдардың барлығында кездеседі. Атап айтқанда, герпес вирусы адамдардың 90 пайызында, цитомегаловирус 70 пайызында бар. Бірақ оларға неліктен «ауру» деп қарамайды, қоғам неге теріс айналмайды? Ал АИТВ-мен ауырған адамдарға неліктен қоғамның көзқарасы өзгеше, неге олар қуғын-сүргінге ұшырайды? Бұл – АИТВ-ға деген қорқыныштың әсерінен қоғамда стигманың пайда болуына байланысты. Алғашқы жылдары бұл ауру соңғы (IV) терминалды сатысында анықталғандықтан адамдар арасында қорқыныш пен үрей орын алды.
– бірінші рет гейлер мен нашақорлардың, жеңіл жүрісті әйелдердің арасында анықталуы үрейді үдетті;
– жұғу жолдарының белгісіздігі;
– емінің жоқтығы;
– аурудың тез таралып эпидемияға айналуы.
– қоғам науқастарды әлеуметтік аластауға көшті.
Ауруға шалдыққан науқастарға қысым көрсетіле бастады:
– жұмыстан қуылуы; – мектеп пен балабақшадан аластатылуы;
– жұмысқа алудан бас тартуы; – құқықтары шектеліп, аяққа тапталуы.
Стигма қоғамды екіге бөлді: «олар» және «біздер» деп. «Олар», яғни АИТВ жұқтырғандар кінәлі болып саналды. «Бұл ауру тек қана халықтың осал топтары арасында ғана кездеседі» деген теріс пікір қалыптасқан.
Стигманың қалыптасуы сауатсыздық, білімсіздік деуге болады. Кемсіту мен алалау эпидемияның өсуіне тигізетін әсері – АИТВ алдындағы қорқыныш – өз статусы жайлы білгісі келмейтіндігі. Менде АИТВ жоқ деп сендіру өзін үйреншікті мінез-құлқын сақтау, жаман әдеттерін өзгертпеу – эпидемияның таралуына жол береді. Осы ретте салауатты өмір салтын ұстану, қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру маңызды шарт екенін есімізден шығармаған абзал.
Айткүл БАЛМАХАНОВА,
Ұлықбек АБДУЛХАМИД,
облыстық АИТВ орталығының Қармақшы ауданы бойынша психоәлеуметтік
кеңес беру кабинетінің дәрігерлері
















