ТІЛ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңнаманың талаптарын түсіндіру және көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде сауатты рәсімделуін қамтамасыз ету мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, кент әкімшілігі және аудандық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесіп кезекті рейдтік іс-шара өткізді.
Рейд барысында Жосалы кентінің орталық көшелерінде орналасқан 14 кәсіпкерлік нысан, шағын және орта бизнес субъектілері қамтылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлік нысандарындағы сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың ҚР Тіл туралы заңнамасына сәйкестігін зерделеу, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және кәсіпкерлерге әдістемелік қолдау көрсету.
Мониторинг нәтижесінде бірқатар нысанда көрнекі ақпараттар мен жарнамалық материалдарды рәсімдеу барысында заңнама талаптарына сәйкес келмейтін кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдегі мәтіндердің орфографиялық және стилистикалық қателері, тілдердің орналасу ретінің сақталмауы, сондайақ жарнамалардың қолданыстағы талаптарға сәйкес рәсімделмеуі сияқты мәселелер кездесті.
Аталған кемшіліктер бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің иелеріне ҚР-ның тіл туралы заңнамасының талаптары жан-жақты түсіндіріліп, көрнекі ақпарат пен жарнама өнімдерін мемлекеттік тіл нормаларына сәйкес рәсімдеу жөнінде нақты ұсынымдар берілді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде түзету қажеттігі ескертілді.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі қолданысын кеңейту – баршаға ортақ міндет. Осы бағыттағы түсіндіру және мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырумен қатар, тіл заңнамасының талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы тілдік сауаттылықты нығайтуға өз үлесін қосады.
«ҚТ» ақпарат
















