АУДАН ТАРИХЫ – АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕ
Қармақшы ауданы – Сыр өңірінің ежелден қалыптасқан тарихи-мәдени орталықтарының бірі. Архивтік деректер мен жазба ескерткіштер бұл аймақтың тарихы тереңде жатқанын және оның қазақ халқының этникалық, рухани және саяси дамуына маңызды үлес қосқанын дәлелдейді.
1817 жылы Сырдария жағалауындағы қалың қамыс пен бұталы көлдердің ортасында өзеннің сол жағалауына Ақмешіт қамалы салынған. Бұл жер Бұхара мен Хиуадан Атбасар арқылы Батыс Сібірге, Ташкенттен Торғай арқылы Тройскіге, Орынбор губерниясына тартатын керуен жолдарының торабы болады. Келесі жылы бұл қамал өзеннің оң жағалауына көшірілді. 1820 жылға қарай күшейтілген бекініске айналып, ташкенттік Бегрлер бекке бағынған Қоқан бегі аймаққа әмірін жүргізді.
1852 жылдары Орынбордың генерал-губернаторы Перовскийдің әмірімен полковник И.Бламберг отряды мыстан жасалған 3 зеңбірегі бар, 300-дей қорғаушысы бар бұл бекіністі бұзып, Жоғары мәртебелісінің жарлығымен 1853 жылы 31 тамызда «Перовск қорғаны» атандырды.
Бұл кезеңдерде Қоқан хандығының Қармақшы өңіріне салынған «Қосқорған» бекінісіне де «Форт Қармақшы – 2» деген атау берілген еді.
Ресей Үкіметінің 1867 жылы ережесі жобасына сәйкес форт коменданты басқаратын Перовск бекінісі Сырдария облысының Перовск уездік қаласы болып өзгерді.
Ұлы Октябрь революциясынан кейін Түркістан Республикасына қараған Сырдария облысының құрамына 1921 жылдың 1 қазанынан бастап 7 уезд кірді. Әулие ата, Мырзашөл, Ташкент, Шымкент, Түркістан, Перовск уезі Ақмешіт уезі, Перовск қаласы Ақмешіт қаласы деген атау алды.
Ал 1924 жылы Орта Азия Республикасы шекарасын межелеуге байланысты Қазақ ССР-інің құрамына берілген Сырдария облысы Сырдария губерниясы деген атау алып, орталығы Шымкент қаласы болды. Оның құрамына біз тұрған өлке Ақмешіт, Қазалы уездері болып кірді.
1925 жылы ақпан айында Қазақ Орталық атқару комитетінің қаулысымен республика астанасы Орынбордан Ақмешітке көшіріліп, сәуір айында жаңа астанада Республика Советінің V съезі шақырылды. Ақмешіт қаласы Қызылорда атауын алды. Жаңа үкіметтің құрылуына байланысты жаңа атаулар енді.
Жаңа өзгерістер болды. 1927 жылдың қаңтарынан бастап бұрын құрамына 15 болыстық кіретін Қазалы уезі, 6 болыстық кіретін Қызылорда уезі қайта жасақталып, Қызылорда округі құрылды. Оның құрамына Қазалы, Қызылорда уезі болыстықтары және Сырдария уезінің 8 ауданы қосылды.
Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің Президиумы республика әкімшілік-аумақтық құрылысының жаңа жүйесін бекітуіне байланысты бұрынғы губерния, уездердің орнына аудандар мен округтер деген атаулар пайда болып, Қызылорда қаласы жаңадан құрылған округтің орталығы болды.
1928 жылы Қазалы уезінің Арал, Қамыстыбас болыстығының ізінен Арал ауданы, Ақтөбе Қазалы болыстығынан Қазалы ауданы, Қармақшы болыстығынан Қармақшы аудандары, Қызылорда уезінің Аламесек болыстығынан Аламесек ауданы, Шиелі болысынан Шиелі аудандары құрылды. Архив деректері осылай дейді.
Халыққа белгілі бұл жайларды еске алып, тарихты білуге, өлкетану ісіне жастардың қызығушылығын тудыра отырып, азаматтардың архив қорын толықтыруға, оны пайдалана білуге ынтасын арттыру болып отыр.
Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» 1998 жылы 22 желтоқсандағы №361-1 Заңының тақырыбына Қазақстан Республикасының 28 қазан 2015 жылғы №368-V Заңымен өзгеріс енгізілді, ол Заң «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» деп аталды.
Архив ісімен айналысу азаматтарды ұқыптылыққа үйретеді. Басқаны былай қойғанда жеке басының құжаттарын түгендеп, қажетті құжаттарды сақтап отырмаудан зардап шегіп жүргендері көп. Айталық өзінің еңбек кітапшасына уақытында атқарған істерін нақты айы, күнімен жазба жүргізу журналдарына түсіру нөмірімен белгілетіп отырмаған адам зейнет жасына келгенде бұрынғы жұмыс істеген жеріне жүгіріп, құжаттар жинақтауына тура келеді. Ол табылса жақсы. Бұрынғы колхоз, совхоздар қазір жоқ. Олардың орнындағы жеке шаруашылық құрылымдары болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, өндірістік кооперативтер, шаруа қожалықтары жұмыс жүргізу құжаттарын өздері құрылып, заңды тіркелген күннен бастайды. Ол заңды да. Олардың ішінде бұрынғы шаруашылық құжаттарын немесе қаржылық құжаттарды сақтап архивке өткізіп жүргендері де некенсаяқ.
Атаулары күнде өзгеріп, жарғылық құжаттары мен мөр таңбаларын өзгертіп жатқан мекеме, кәсіпорын қаншама. Олар бүгінгі мөрі мен бұрынғы уақыттарда осы мекеме тұрған жерде жұмыс істеп айлық алғаныңызды, ұзақ уақыт бойғы еңбек стажын жинағаныңызды растап бере алмайды. Архивтерден іздесеңіз – табылғаны табылады, табылмағаны жоқ. Талай жылғы жұмысы еңбек кітапшасына түскенімен архив анықтамаларымен расталмай әуресарсаңға түсіп жүргендері қаншама.
Ендеше «архивтік құжат деп аталатын» меншік иесі үшін аса құнды, қоғам үшін маңызды құжаттардың сақталуына мән беріп, оны архив ережесіне сай рәсімдеп ресми құжатқа айналдыруды үйренгеніміз орынды. Мұны тіпті болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз ретінде ұғынсақ та артық болмайды.
Сондықтан да архив құжаттарын жинақтау, сақтау, пайдалану оларды келер ұрпаққа аманаттауды баршамыздың абыройлы борышымыз деп ұғынғанымыз орынды. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген халық даналығы аға ұрпақтың еңбегін ұлықтап, тарихымызды түгендеуді аманаттаған.
Гүлжамал ІЗДІБАЕВА,
аудандық архив филиалының басшысы

















