ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС – БАЛАНЫҢ ДАМУ МЕКТЕБІ
Жаз мезгілі – балалар үшін асыға күтетін ең қуанышты кезеңнің бірі. Үш айлық демалыс оқушыларға оқу жылындағы қарбалас пен шаршаудан арылып, күшқуатын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Алайда жазғы демалысты тек бос уақыт ретінде қабылдау дұрыс емес.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы балалардың көп уақытын смартфон, компьютер және түрлі әлеуметтік желілерде өткізуіне себеп болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, экран алдында ұзақ отыру көздің көру қабілетінің төмендеуіне, омыртқа ауруларының пайда болуына және қозғалыс белсенділігінің азаюына әсер етеді. Сондықтан жаз мезгілінде балаларды табиғат аясындағы белсенді демалысқа тарту маңызды.
Ең алдымен, жаз – денсаулықты нығайтудың алтын мүмкіндігі. Ашық ауада серуендеу, спортпен айналысу, табиғат аясында демалу баланың ағзасын шынықтырып, иммунитетін күшейтеді. Дәрігерлер балаларға күніне кемінде екі-үш сағат таза ауада болуды ұсынады. Велосипед тебу, жүзу, футбол, волейбол секілді спорт түрлері балалардың физикалық дамуына оң ықпал етеді. Сонымен қатар күн тәртібін сақтау, дұрыс тамақтану және жеткілікті ұйықтау да жазғы демалыстың маңызды бөлігі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мектеп жасындағы балаларға күніне кемінде 60 минут белсенді қозғалыспен айналысуды ұсынады. Бұл балалардың физикалық дамуымен қатар эмоционалдық жағдайына да оң әсер етеді.
Қазақ халқы «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Денсаулығы мықты бала ғана білім алуда, шығармашылықта және спортта жоғары жетістіктерге жете алады.
Жазғы демалыс – кітап оқуға қолайлы кезең. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімнің бас құралы – кітап» деген болатын. Кітап оқу арқылы бала ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байытады, шығармашылық қабілетін дамытады. Қазақ әдебиетінің классиктері мен балалар әдебиетінің үздік шығармаларын оқу жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды тануына ықпал етеді. Сонымен бірге ғылыми-көпшілік әдебиеттер мен танымдық кітаптар баланың қызығушылығын арттырып, жаңа білім көкжиектерін ашады. Кітап оқу есте сақтау қабілетін дамытады, сөздік қорды молайтады, ойлау жүйесін жетілдіреді. Кітап кейіпкерлері арқылы балалар өмірлік құндылықтарды меңгереді.
Жаз мезгілінде балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға да мүмкіндік мол. Бала оқу жылында уақыт жетіспеген көптеген қызығушылықтарына демалыс кезінде көңіл бөле алады.
Мысалы: шет тілдерін үйрену, компьютерлік сауаттылықты арттыру, сурет салу, қолөнермен айналысу, музыка аспаптарын меңгеру, робототехника және бағдарламалау негіздерін үйрену, спорт секцияларына қатысу.
Мұндай жұмыстар баланың шығармашылық әлеуетін ашып, оның болашақ мамандығын таңдауға да әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде балаларды еңбекке баулудың маңызы зор. Қазақ халқы қашанда еңбек тәрбиесіне ерекше мән берген. Үй шаруасына көмектесу, бақша күту, гүл егу, бөлмені жинастыру сияқты жұмыстар бала бойында жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастырады. Халқымыздың «Еңбек түбі – береке» деген нақыл сөзінің тәрбиелік мәні бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Отбасымен бірге өткізілген уақыт та баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Табиғат аясындағы демалыстар, тарихи орындарға саяхаттар, музейлер мен мәдени орталықтарға бару балалардың дүниетанымын кеңейтеді. Әсіресе туған өлкенің тарихы мен мәдениетін танып-білу жас ұрпақтың елжандылық сезімін қалыптастырады. Отбасылық қарым-қатынастың нығаюы да баланың психологиялық саулығына оң әсерін тигізеді.
Жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Балалар суға түсу ережелерін, жол қозғалысы талаптарын, өрт қауіпсіздігін, интернет қауіпсіздігін, күннен қорғану шараларын білуі тиіс.
Ата-аналар балаларға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың қауіпсіздігін бақылауда ұстауы қажет.
Мамандар балалардың жазғы демалысын алдын ала жоспарлауға кеңес береді. Күн тәртібінде демалыс пен ойынға ғана емес, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға, шығармашылық жұмыстарға да уақыт бөлінуі керек. Жоспарлы түрде өткізілген демалыс баланың уақытты тиімді пайдалануына және өзін-өзі дамытуына көмектеседі.
Қорыта айтқанда, жазғы демалыс – баланың өміріндегі ерекше кезең. Бұл уақытты тиімді пайдалану арқылы денсаулықты нығайтып, жаңа білім алып, пайдалы дағдыларды қалыптастыруға болады. Жазғы демалыс қызықты естеліктерге ғана емес, баланың тұлғалық дамуына да негіз болуы тиіс. Өйткені бүгінгі саналы, білімді әрі белсенді бала – ертеңгі елдің жарқын болашағы.
Лаура БАҚТЫБАЕВА













