» » ТАБИҒАТЫ ТАҢҒАЛДЫРАДЫ, ТАРИХЫ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ: ОНДА ТУРИСТЕР НЕГЕ АЗ?

ТАБИҒАТЫ ТАҢҒАЛДЫРАДЫ, ТАРИХЫ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ: ОНДА ТУРИСТЕР НЕГЕ АЗ?

Туризм – әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Ол мемлекеттердің экономикалық өсіміне, халықтың әлауқатының артуына және халықаралық байланыстардың нығаюына ықпал етеді. Әлемде экономикасы туризмге айтарлықтай тәуелді мемлекеттер бар. Мысалы, Мальдив, Сейшел аралдары және Багам аралдары сияқты елдер ұлттық табысының едәуір бөлігін туристік қызметтен табады. Сондықтан Қазақстанның да өзінің табиғи және тарихи мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы туризмді экономиканың жетекші салаларының біріне айналдыруға мүмкіндігі бар.
Еліміз табиғи байлығы, тарихи-мәдени мұралары және географиялық орналасуы жағынан туризмді дамытуға үлкен әлеуетке ие. Кең байтақ дала, көркем таулар, көлдер, шөлейт аймақтар және тарихи ескерткіштер еліміздің туристік болашағын арттыра алады. Соған қарамастан, Қазақстандағы туризм саласы әлі де толыққанды дамып үлгерген жоқ. Сондықтан туризмнің даму перспективаларын анықтап, кездесетін мәселелерді шешу жолдарын қарастыру – өзекті мәселе.
Қазақстандағы туризмнің даму мүмкіндіктері
Қазақстанның туристік әлеуеті өте жоғары. Елімізде табиғи, мәдени және тарихи туризмді дамытуға мүмкіндік беретін көптеген нысандар бар. Алдымен, табиғи туризмнің мүмкіндігі зор. Қазақстан аумағында Іле Алатауы, Алтай таулары, Бурабай, Алакөл, Балқаш көлі, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері сияқты ерекше табиғи аймақтар орналасқан. Бұл орындар шетелдік көріністерден еш кем емес және туристерді қызықтыратын маңызды бағыттарға айнала алады.
Тарихи-мәдени туризм – бұл саланы дамытуға халқымыздың бай тарихы, сан ғасырлық мәдениеті мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани мұрасы өлшеусіз үлес қосады. Қазақстан аумағында ежелгі Ұлы Жібек жолының көптеген қалалары орналасқан. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, Сауран сияқты мәдени мұралар, ғасырлар қойнауынан жеткен сәулет ескерткіштері мен рухани құндылыққа берік негіз қалайды. Этнотуризмді дамыту жағынан қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары мен мәдениеті шетелдік қонақтар үшін ерекше экзотика. Этноауылдар мен мәдени фестивальдер ұйымдастыру арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, халқымыздың бай мәдени мұрасын әлемге танытуға және жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру мен дәріптеуге мүмкіндік туады.
Неліктен туризм саласы дамымай жатыр?
Туризм саласының әлеуеті жоғары болғанымен, оның дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселелер бар. Көптеген туристік аймақтарда жолдардың сапасы төмен, көлік қатынасы жеткіліксіз және қонақүй қызметтері толық дамымаған. Кейбір табиғи нысандарға жету қиын.
Сонымен қатар халықаралық деңгейде жарнаманың аздығы. Қазақстанның туристік мүмкіндіктері әлемдік деңгейде жеткілікті дәрежеде насихатталмай келеді. Көптеген шетел азаматтары Қазақстанның табиғи және тарихи байлықтары туралы толық ақпаратқа ие емес. Соның салдарынан еліміз әлемдік туристік нарықта өзінің әлеуетіне сай танымалдыққа қол жеткізе алмай отыр. Әсіресе, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында, халықаралық туристік платформаларда және әлеуметтік желілерде еліміздің туристік бағыттары жөніндегі ақпараттың аз болуы, туристер ағынының төмендеуіне әсер етеді. Сонымен қатар еліміздің бірегей табиғи ландшафттары, көне тарихи ескерткіштері мен ұлттық мәдениеті туралы сапалы жарнамалық материалдардың жеткіліксіздігі Қазақстанды туристік бағыт ретінде таңдауға кедергі келтіреді. Халықаралық деңгейде жарнаманы күшейту, әлемдік туристік көрмелерге қатысу, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастық орнату және әлеуметтік желіде белсенді ақпараттық науқандар жүргізу маңызды. Еліміздің бірегей туристік брендін қалыптастыру арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың біріне айналдыруға болады.
Қызмет көрсету сапасының төмендігі
Туризм саласының дамуына кері әсер ететін маңызды мәселелердің бірі – туризм саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби даярлығы барлық өңірде бірдей деңгейде емес. Кейбір туристік нысандарда қызметкерлердің шетел тілдерін меңгеру деңгейі төмен болғандықтан, шетелдік туристермен тиімді қарым-қатынас орнату қиынға соғады. Сонымен қатар, қызмет көрсету мәдениетінің жеткілікті деңгейде қалыптаспауы туристердің еліміз туралы жағымсыз пікір қалыптастыруына себеп болуы мүмкін. Қазіргі таңда халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету туристік саланың бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып саналады. Сондықтан туризм қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, арнайы оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру және халықаралық тәжірибені енгізу – маңызды міндеттердің бірі.
Инвестицияның жеткіліксіздігі
Туризм инфрақұрылымын дамыту және жаңа туристік нысандар салу үшін қомақты қаржы қажет. Алайда еліміздің кейбір өңірлерінде инвестиция тарту деңгейі әлі де төмен. Соның салдарынан перспективке толы туристік жобалар толық жүзеге асырылмай немесе ұзақ уақыт бойы тоқтап қалуда. Инвесторларды тартуға жолдардың нашарлығы, инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де әсер етеді. Туризм саласына инвестиция тарту арқылы жаңа қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтары мен туристік кешендер салуда, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.
Келесі әсер ететін дүние – маусымдық тәуелділік. Қазақстандағы туристік бағыттардың басым бөлігі жылдың белгілі бір мезгілінде ғана сұранысқа ие. Мысалы, жаз мезгілінде көл жағалаулары мен табиғи демалыс орындарына келушілер саны артса, қыс мезгілінде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендейді. Мұндай маусымдық тәуелділік туристік нысандардың тұрақты табыс табуына кедергі келтіріп, жұмыс орындарының қысқаруына себеп болуы мүмкін және туристік бизнестің жыл бойы бірқалыпты жұмыс істеуіне қиындық туғызады. Сондықтан туризмнің әртүрлі бағыттарын дамыту арқылы маусымдық тәуелділікті азайту маңызды.
Туризм саласындағы мәселелерді шешу жолдары
Қазақстандағы туризмді дамыту үшін кешенді және жүйелі шараларды жүзеге асыру қажет. Бұл бағытта мемлекет, кәсіпкерлер және қоғам өкілдері бірлесіп әрекет еткен жағдайда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Туризмнің табысты дамуы ең алдымен сапалы инфрақұрылымға байланысты. Сондықтан туристік нысандарға жеткізетін автомобиль жолдарын жөндеу, әуе және теміржол қатынасын кеңейту, заманауи қонақүйлер мен демалыс орындарын салу қажет. Сонымен қатар, туристерге арналған ақпараттық белгілерді көбейтіп, санитарлық-гигиеналық жағдайларды жақсарту маңызды. Инфрақұрылымның сапалы болуы туристердің саяхаттан алған әсерін арттырып, олардың қайта келу ықтималдығын жоғарылатады.
Қазіргі цифрландыру дәуірінде туризм саласын жаңа технологияларсыз дамыту мүмкін емес. Онлайн брондау жүйелерін жетілдіру, туристік мобильді қосымшаларды іске қосу және виртуалды экскурсияларды дамыту туристер үшін қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, туристік нысандар туралы толық ақпарат беретін көптілді интернет платформаларын құру қажет. Бұл шаралар Қазақстанды халықаралық туристік нарықта танымал етуге ықпал етеді.
Туризм саласының сапалы дамуы кәсіби мамандарға тікелей байланысты. Осыған байланысты жоғары оқу орындары мен колледждерде туризм мамандарын даярлау сапасын арттыру қажет. Шетел тілдерін жетік меңгерген гидтерді, менеджерлерді және сервис мамандарын даярлау халықаралық туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырады. Сонымен қатар, мамандардың шетелдік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасау да қажет.
Мемлекет туризм саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Туристік кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беріп, инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мемлекет қолдау көрсету қажет. Сондай-ақ, визалық режимді жеңілдету және халықаралық әуе қатынастарын кеңейту арқылы шетелдік туристердің келуін ынталандыруға болады.
Қорытынды Қазақстан туризмді дамыту үшін барлық қажетті ресурстарға ие. Табиғи байлықтар, тарихи ескерткіштер және ұлттық мәдениет, еліміздің туристік әлеуетін арттырады. Дегенмен, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, жарнаманың әлсіздігі, қызмет көрсету сапасының төмендігі сияқты мәселелер саланың қарқынды дамуына кедергі келтіруде. Туризм саласын тиімді дамыту арқылы Қазақстан экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және еліміздің халықаралық беделінің артуына қол жеткізуге болады. Сондықтан туризмді дамыту – Қазақстанның болашақтағы стратегиялық маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Қазақстанның туризмді дамытуға қажетті табиғи байлығы да, тарихи мұрасы да жеткілікті. Алайда басты мәселе – әлеуеттің болуында емес, оны тиімді пайдалана білуде. Егер бүгін туризмге инвестиция салмасақ, инфрақұрылымды дамытып, қызмет көрсету сапасын арттырмасақ, ертең басқа елдер арасында бәсекелестігіміз төмендеп бізден әлдеқайда үстем болады. Сондықтан жалғыз ғана сұрақ: Қазақстан туризмнің мүмкіндігін пайдалана ма, әлде оны тағы да пайдаланылмаған мүмкіндік ретінде қалдыра ма?
Бауыржан ЖҮНІС


10 маусым 2026 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10511)

09 маусым 2026 ж.

№42 (10510)

06 маусым 2026 ж.

№41 (10509)

02 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 281
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 816

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930