» » Ерлігі – ел есінде

Ерлігі – ел есінде


Дүниені дүр сілкіндірген соғыс 1945 жылы 30 сәуірде Кеңес әскерінің Берлинде Рейхстагқа Жеңіс туын тігумен, соңғы зеңбірік үнінің естілуімен аяқталды. 8 мамырда Берлин жанындағы Карлсхорсте Германия бас командасының өкілдері өздерінің жеңілгені туралы актіге қол қойды. Осы жеңіс жолында қазақстандықтар да ерліктің тамаша үлгісін көрсетті.
Ұлы Отан соғысының әрбір күні қармақшылық азаматтар үшін жаппай еңбек пен ерліктің, қаһармандықтың, қайтпас қажырлықтың шежіресі. Аудан архивінде «ҰОС ардагерлерінің архив қорына» қабылдаған жеке тектік – жеңіске жету жолында даңқты және ұмытылмайтын белестерді бағындырған соғыс ардагерлерінің құжаттары сақтаулы.
Олардың қатарында Қасқыр Наметша атамыз бар. Ол 1917 жылы Ленин ауыл советінде дүниеге келген. 1924-1935 жылдар аралығында ауыл мектебінде 7 сыныптық білім алған.1930-1933 жылдары Шымкентте және Өзбекстанда әртүрлі жұмыстар атқарса, 1936 жылы «Өндіріс» колхозына мүше болып, онда есепшілік қызмет жасайды. 1939 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын бастан өткізіп, Беларус, Калинин, Батыс майдандарында және Украина, Белоруссия, Прибалтика, Москва үшін шайқастарда жауға қарсы шайқасқан. 1945 жылы коммунистік партия қатарына қабылданып, 1948 жылы туған еліне оралады.
Майдангердің ерлігі мен еңбегі жоғары бағаланып, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Москваны қорғағаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» орден-медальдарымен марапатталған.
Ол 1950-1951 жылдары Қармақшы май зауытының директоры, К.Маркс ұжымшарының төрағасы, 1956-1957 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшысы, 1957-1963 жылдары Ленин кеңшарында жұмысшылар комитетінің төрағасы, ал 1963 жылдан 1980 жылға дейін Жосалы «Астық қабылдау» кәсіпорнының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Өзіне жүктелген міндеттемелер мен жоспарды орындауда ұжымды жұмылдыра біліп, нәтижесінде ұжым бүкілодақтық және республикалық социалистік жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.
Қ.Наметша басқарған кәсіпорын ұжымы өндірісте жоғары көрсеткішке жеткені үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесімен жұмысшы-қызметкерлер кәсіподағы Советінің Қызыл Туымен, облыстық партия комитеті мен облыстық кәсіподақтар Советінің Қызыл Туымен, Қазақ КСР астық өнімдері министрлігі мен республикалық кәсіподағы Советінің Құрмет грамоталарына бірнеше рет ие болған. Сонымен қатар «Қазақстанның ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» және 1997 жылы «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атақтары берілген. Есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылған. Ардақты азамат 1998 жылы 81 жасында дүниеден озды.
Келесі қордағы құжатымыз – Ідіріс Тұрмағанбетовке тиесілі.Ол 1918 жылы ауданның Төрткөл ауылдық советіне қарасты елді мекенде дүниеге келген. Әкесі Тұрмағамбет Сеитов 1932 жылы, шешесі Күмбез Қожабайқызы 1933 жылы қайтыс болған. Ата-анасы ерте қайтыс болғандықтан, Қармақшы балалар үйінде (детдомда) тәрбиеленген. 1930-1934 жылдары Қармақшы колхоз жастары мектебінде оқып, бастауыш мектепті жақсы деген бағамен бітірген. 1934 жылы балалар үйінің жолдамасымен Шымкент ауылшаруашылығы техникумына оқуға түседі. Техникумды техник-гидромелиоратор мамандығы бойынша 1939 жылы бітіреді. Еңбек жолын Қазалы аудандық су шаруашылығы бөліміне учаскелік гидротехнигінен бастап, жұмыс істеп жүрген кезінде күз айында әскерге шақырту алады. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, Финляндия соғысына қатысады. 1941 жылы соғысқа алынып, Латвия шекарасында жаралы болып, жау қолына түседі. Тұтқында жүргенде көптеген қиыншылықты, аштықты, азапты қорлықты көреді. 1943-1945 жылдары Либаво қаласында қоршауда қалып, 1945 жылы 9 мамырда соғыс бітісімен кеңес әскері темір тордан босатып алады. Тергеуден өткесін 8 ай әскерде қайтадан Финляндия жаққа Выборг қаласына барып, жауынгерлік борышын өтейді. Елге 1945 жылдың желтоқсан айында оралады. Соғысқа қатысқаны үшін медаль алады.
Бейбіт күндегі еңбек жолы 1946 жылы басталып, аудандық су шаруашылығы бөлімінің учаскелік гидротехнигі болып жұмысқа орналасады. 1948 жылы аға гидротехник, 1950 жылдан 1978 жылға дейін аудандық суландыру жүйесінің бастығы қызметін атқарған. Еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», «1941-1945» жылдардағы «Ұлы Отан соғысы жеңісінің 25-30 жылдығы» медальдарымен, Қазақ КСР «Еңбек сіңірген гидротехнигі» атағымен марапатталған. І.Тұрмағанбетов 1978 жылы дүниеден озды.
Соғыс жәнееңбек ардагеріЕрмаханов Махамбетжан Әбілдаұлы 1919 жылы Қармақшы ауданы №6 ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анадан жастайынан жетім қалған ол жұмыс істеп жүріп, өзінен кейінгі бауырлары Садық пен Күлпашты асырайды. Інісі мен қарындасын немере ағасы, жырау Молдахмет Дабылұлына аманат етіп, 1939 жылы қыркүйекте Кеңес әскері қатарына аттанады. Әскерде жүріп Финляндия соғысына қатысады және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын бастан өткізіп, Беларусь, Калинин, Батыс майдандарында және Украина, Белоруссия, Прибалтика, Москва үшін шайқастарда жауға қарсы жан аянбай шайқасқан. 1941 жылы 22 маусымнан Махамбетжан Ермаханов ІІ Украина мергені, мергендер бөлімінің командирі, танкіге қарсы ататын ПТР мылтығының №1 атқышы, барлаушылар тобының жетекшісі болып Харьков қаласы түбіндегі қиян-кесті ұрысқа, Сталинград майданына, Ленинград блокадасына, Днепр өзенінен өтетін сұрапыл шабуылға қатысып, Курск доғасындағы шешуші шайқасқа белсене араласқан. 1943 жылдың 24 қарашасы күні Кривой-Рок қаласын азат ету ұрысында оң қолынан жарақаттанған. Соғысыта төрт рет ауыр жарақаттанып, талай рет ажал жүзіне бетпе-бет қараған. Майдан даласында жүріп партияға өткен. Соғыстың ауыртпалығын бастан өткізіп, 1944 жылы шілде айында үшінші топтағы мүгедек болып туған еліне оралады. Сол кезде ол небәрі жиырма бес жаста еді. Елге келгеннен кейін Ақжар ауылының қызы Байсалова Гүлжаһанмен отбасын құрып, жеті бала тәрбиелеп өсірген. 1945 жылы туып-өскен ауылы Аманкелді колхозында Қашқансу байланыс бөлімшесі ашылып, М.Ермаханов соның бастығы болып тағайындалады. 37 жыл абыройлы еңбек етеді. Ерлігі мен еңбегінің арқасында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 20,30 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Еңбектегі ерлігі үшін» орден, медальдарымен марапатталған. Соғыс ардагері 1982 жылы өмірден өтті.
Сақтау қорындағы келесі құжатымыз – Шәкіман Бектібаев жайында. Атамыз 1920 жылы Қармақшы ауданының Көктөбе ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1932 жылы Ленин атындағы мектепте оқыған. 1940 жылы әскерге шақырылып, Эстония жерінде кіші командирлер дайындайтын курсты бітіріп сержант шенін алған. Жетекші командир болып тағайындалған. Соғыс басталғанша әскерде борышын өтесе, соғыс басталысымен майданға аттанып, неміс басқыншыларынан Невель, Смоленск, Белгород, Великие Луки, Курск бағытындағы ұрыстарға қатысқан. 1943 жылы Украйнаның Сумы қаласын жаудан азат ету кезінде ауыр жарақат алып, екінші топтағы мүгедек болып 1944 жылы елге оралады. «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен наградталған.
Ш.Бектібайұлы туған елге оралған соң ауданда халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласып, 1945-1946 жылдары Қармақшы сельпосында наубайхана меңгерушісі, 1947 жылдан аудандық астық дайындау мекемемесінің қойма меңгерушісі, 1948 жылдан дайындау мекемелері жанындағы партия ұйымының парторгы, 1953 жылдан аудандық тұтыну қоғамы мекемесінің сельпо, рабкооп бастығы болып 1978 жылға дейін жұмыс жасап, сол жылы мүгедектігіне байланысты еңбек демалысына шығады.2011 жылы «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілген.
Ақын, жазушы, бірнеше кітаптың авторы. Ақылшы-ұстаз, ел ағасы, ауданымызға белгілі сыйлы, құрметті қария Ш.Бектібайұлы 2017 жылы  дүниеден озды.
Қармақшылық жауынгер Сармантай Тәжіков 1921 жылы Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылында дүниеге келген. Ол соғыс басталғанда 152- айрықша атқыштар полкінің құрамына кіріп, ұрысқа қатысады. 1943 жылдың қазан айындағы Сталининград қаласындағы ұрыста оң қолы мен аяғынан қатты жараланып, елге оралады. 1945 жылдан бастап есепші, өндіріс бригадирі, ауылдық кеңес төрағасы, 1960-1981 жылдары «Утренняя заря» бөлімшесінің дүкен меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
С.Тәжіков ĮĮ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 20, 30, 40, 50 жылдығы, «КСРО Қарулы Күштерінің 60, 70 жылдығы» медальдарымен марапатталған. 1999 жылы өмірден өтті.
Аудан архиві қоырнда сақталған тағы бір құжатымыз – Қаратай Қуаңбаевтың ерлік, батырлық жолы. Ол 1922 жылы қазіргі Тұрмағамбет ауылына қарасты елді мекенде дүниеге келді. Еңбекке енді араласа бастағанда қанқұйлы соғыс басталып, 1941-1947 жылдары майданның бел ортасында болып Германияның да, Жапонияның да жеңілісіне тікелей үлес қосады. 1945 жылы Забайкалье миномент атқыштары жоғарғы училищесін үздік бітіреді. Соғыс кезіндегі ерен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» ордендерімен наградталған. Туған жерге келісімен қызу еңбекке араласып, Қосарық ауылдық кеңесі атқару комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, Қармақшы аудандық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, Ақжар МТС-інде партком хатшысы, Ленин совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы, партком секретары қызметтерін 1964 жылға дейін абыроймен атқарды. 1964 жылдың басында Үкіметтің арнаулы қаулысымен Қызылқұмның мамырап жатқан елсіз өңірінен облыс бойынша 69 қой совхозы құрылып, соның бірі – Жаңақала совхозына Қ.Қуаңбаев директор болып тағайындалады. Қолында бұйрығы мен қалтасында мөрінен басқа ештеңе болмаса да аудан орталығынан 160 шақырым Қызылдың қиясындағы «Қарақ» төбесінің етегінен алғашқы қазықты қағып, совхоздың орнын белгілейді. Міне, сол күннен бастап елді жаңадан құру, мал шаруашылығын өркендетудің қым-қиғаш қиын проблемаларын шешу жолында тынымсыз еңбек етіп, елге, әрбір адамға деген жаңашыр қамқорлығының арқасында халықтың сеніміне бөленіп, абырой биігінен көріне білді. Жаңақала ауылын үздіксіз он алты жыл басқарды. 1980 жылы денсаулығына байланысты ауылдық кеңестің төрағасы қызметіне ауысады. Осы қызметтен 1984 жылы «Республикаға ерекше еңбек сіңірген зейнеткер» ретінде еңбек демалысына шығады. Ел ағасы 1988 жылы, 66 жасында дүниеден озды.
Ерлігімен елге танылған есімнің бірі – Серік Дәкенов әкеміз 1923 жылы қазіргі Дүр Оңғар ауылында өмірге келген. 1942 жылы аудандық комиссариатқа шақырылып, 1942 жылдан 1945 жылға дейін соғысқа қатысқан. Әскери шені – сержант. Соңғы қызмет еткен әскери бөлімі – 143 бөлімше. Беларусь, Калинин, Батыс майдандарында жауға қарсы ерлікпен шайқасқан. Соғыс барысында бірнеше мәрте жараланған. Елге оралған соң теміржолға жұмысқа орналасқан. Жол шебері, парторг, кадр бөлімінің меңгерушісі болған. ПЧ-58 мекемесінде 40 жыл абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
С.Дәкенов ĮĮ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 20, 30, 40, 50 жылдығы», КСРО «Қарулы Күштерінің 50, 60, 70 жылдығы», Кеңес Одағының маршалы Жуков атындағы медальдарымен марапатталған. Ардагер 2002 жылы дүниеден озған.
Халқымызда «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деген дана сөз бар. Иә, жалындаған жастық шақтарында оқ пен оттың ортасында болып, Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан, ғұмырын елдің дәулетін арттыруға арнаған ардақты жандардың есімі ешқашан ұмытылмайды.
Ұрпақ үшін жан алысып, жан беріскен майдангерлердің ерлігі мен еңбегі – мәңгілік өнеге. Архив – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Сондықтан тарихи мұраны сақтау мен насихаттау әрдайым маңызды бола бермек.
Г.ІЗДІБАЕВА,
аудандық архив
филиалының басшысы
09 мамыр 2026 ж. 77 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10502)

09 мамыр 2026 ж.

№33 (10501)

05 мамыр 2026 ж.

№32 (10500)

01 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 058
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 658

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031