ҚОҚЫС – ҚОҒАМНЫҢ КӨРІНБЕЙТІН ДЕРТІ
Бүгінде адамзат дамудың жаңа сатысына көтерілгенімен, сонымен қатар жаңа мәселелерге де тап болып отыр. Солардың ең күрделісі – қоқыс мәселесі. Күн сайын өндіріс орындары мен қарапайым тұрғындардан шығатын қалдықтардың көлемі артып келеді. Бұл тек қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да үлкен қауіп төндіруде. Қоқыс – көзге көрінбейтін, бірақ қоғамды іштен жайлап жатқан күрделі дертке айналды. Бұлай жалғаса берсе ақырын елестетудің өзі қорқынышты. Қоқыс неге көбейді? Оның қауіптілік деңгейі қандай? Енді нендей амал бар? Саралап көрсек.
Қалдық көлемі – қорқынышты көрініс
Біз күнделікті тұрмыста пластик бөтелкелердегі сусынды жиі пайдаланамыз. Одан бөлек, дүкен сөрелерінде толып тұрған тағамдардың көбі пластик ыдыстарға салынған. Ақшасын төлеп, пластик ыдыстардағы заттарды целофандарға орап алатынымыз тағы бар. Бұл бәрінің басындағы жағдай. Мән бермесек те күнделікті тұрмыста қайталанып жатыр. Бұл жағдайдың табиғатқа қандай залал келтіріп жатқанын да ұғынбаймыз. Бір рет қолданып, қоқысқа лақтырып жатқан пластик ыдыстар жер бетінде жылдар бойы сақталады екен. Қоршаған ортаны ластағаны былай тұрсын, жергілікті жердің флорасы мен фаунасына да зиян келтіреді. Мұхит, теңіз, көлдер қоқысқа толды, орман-таулар да қоқысқа көмілді, тіпті жол жиегіндегі қоқыс қалдықтарынан да аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік.
Мәселен, 2050 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 9,6 миллиард адамға жетеді деген болжам бар. Халық саны артқан сайын, олардан қалатын қоқыс қалдықтары да ұлғаяды. Қоқыстар мен қалдықтар бүгінде әлемде күрделі мәселеге айналды. Nature журналында жарияланған мақалада қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі әлемді алаңдатып отырғаны жазылған. 21 ғасырдың соңына қарай (2100 жылға қарай) әлем бойынша тәулігіне 11 миллион тонна қоқыс қалдығы шығарылуы мүмкін. Бұл қазіргі деңгейден үш есе көп.
Қоқыс полигондарында жиналған қалдықтар шіріп, оның иісі айналаға тарап, ауаны ластап жатыр. Олардың кейде ашық жерге төгіліп жатқаны да жиі байқалады. Сонымен қатар, қоқыс үйінділерінде әдейі, кейде байқаусызда өрт шығады. Ашық жерде жанып жатқан өрттің иісі ауаға таралып, жақын маңда тұратын тұрғындардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару және канализация көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ өнеркәсіптен шығатын қалдықтардың суды ластауы айтарлықтай мәселеге айналды.
Ертеректе қоқыс тек органикалық қалдықтардан тұратын. Уақыт өте келе химиялық заттардың қалдықтары қоқысқа айнала бастады. Одан бөлек, тұрмыстық, ауылшаруашылық және өндірістік қалдықтардың көлемі де артты. Елімізде жыл сайын тонналаған қалдық пен қоқыс шығарылады және оның тек бір пайызы ғана қайта өңделеді екен. Қоқыстың көп пайда болуының бірнеше себебі бар. Мұның бір себебі – урбанизация мен әл-ауқаттың артуы. Ел немесе қаланың қаржылық жағдайы неғұрлым күшті болса, соғұрлым көп қалдық шығарады.
Қоқыстың қаупі қандай?
Бүгінде жер, су, ауа, барлығы ластанған. Қоқыс ашық жерлерде шашылып жатыр. Сонымен қатар ірі зауыттардан көп түтін шығады. Түтіннің құрамындағы шаң бөлшектерінің әсерінен де ауа ластанады. Жағымсыз иістің таралуымен қатар, микробтар шіріген қоқыс та көбейіп, әртүрлі ауруларға алып келеді. Масалар, шыбындар және тышқандар қоқыс үйінділерін аралап, ауру таратады. Тұрмыстық және өндірістік қалдықтар өзендерге, көлдерге, тіпті мұхиттарға түседі. Бұл жер бетіндегі суды ластайды. Осылайша, үйдегі, көшедегі немесе су көздеріндегі қоқыстардың көбеюі ауаның ластану мәселесін одан сайын қиындата түсті.
Ал енді біз үй жағдайында қоқысты өртеп, қоқысты азайттық деп ойлаймыз. Алайда олардан тараған микробөлшектер тыныс алу арқылы біздің денемізге еніп, әсіресе өкпені зақымдауы мүмкін. Бүкіл әлемде қалдықтардың кез келген түрін, соның ішінде пластик бөтелкелер мен электрониканы сұрыптамастан өртеп жатады. Ғалымдардың айтуынша, бұл ауаның ластануының басты себебі де осы. Қоқыс жаққанда шығатын түтін ауаны улап қана қоймай, аурудың таралуын арттырады. Соңғы зерттеулер қалдықтарды жағу кезінде көмірқышқыл газы мен көміртегі тотығы сияқты улы газдардың ауаға көп мөлшерде бөлінетінін көрсетті. Сонымен қатар, жағу кезінде бөлінген зиянды бөлшектер көптеген ауруға себеп.
Шешім бар ма?
Болмашы әрекеттің өзі әлемдік деңгейдегі трагедияға айналып бара жатыр. Бұл жағдайға бейжай қарамайтын адамдар да баршылық. Олар әлемді қоқыстардан келетін қауіптен қорғаудың жолдарын тауып, шешімдерін ұсынып келеді. Қалдықтарды сұрыптау жұмыстарына сұраныс күн сайын артып келе жатқандықтан, бүкіл әлем бойынша кәсіпкерлер, инженерлер және өнертапқыштар экологиялық мәселелерді шешудің жаңа жолдарын ойластырып, қоқысты энергия көзіне айналдыра бастады.
Қалаларда қоқыс қалдықтарын жинауды дұрыс ұйымдастыруды арнайы мамандар жүзеге асырады. Бірақ әрбір азамат жұмыстың қалыпты жүруін және қалдықтардың белгіленген жерден қоқыс полигонына тасымалдануын қадағалауы керек. Бұл жағдайды бақылау әрбір адамға ортақ іс. Егер барлығы орнымен атқарылып жатса, онда ол біздің табиғатқа қосқан кішкентай үлесіміз болып есептеледі. Қоқыс қалдықтарын басқару заманауи технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылса, қоршаған ортаны ластаудан қорғауға болады.
Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, бұл ретте Швециядан көп нәрсені үйренуге болады. Швеция өз аймақтарында пайда болған қалдықтардың 47 пайызын қайта өңдеп, оны пайдаға жаратады. Сондай-ақ қалдықтардың 50 пайызын энергия өндіру үшін отын ретінде пайдаланады. Өндіріссіз қалдықтардың тек 3 пайызы ғана полигонға жатады. Сондай-ақ полигондардан улы заттардың тарап кетуіне жол бермеу шараларын жүргізеді. Швецияда қалдықтарды жинауға және қайта өңдеуге асқан жауапкершілікпен қарайды. Ол жерде қателік жібермеуге тырысады және сылтауды қабылдамайды.
Ал елдегі жай қалай?
Қазақстанда қоқыс полигондарындағы қалдықтарды басқару мәселесі өте өзекті болып отыр. Үкімет бұл мәселені шешу үшін түрлі шараны қолға алуда. «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес еліміз 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр.
Қалдықтардың көлемін азайту үшін елімізде полигондарды пайдалануды азайтуды және қалдықтарды кәдеге жаратудың баламалы әдістерін көбірек қолдануға ұмтылып жатыр. Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі – қалдықтарды басқару жүйесіндегі ең күрделі және маңызды міндеттердің бірі.
Дамыған елдердің көпшілігінде қалдықтарды кәдеге жарату өте тиімді бизнеске айналған, кейбір елдер қалдықтарды өз үйінде өңдеп қана қоймай, басқа елдерден де қалдықтарды сатып алады. Дегенмен, Қазақстанда мұндай әдіс енді ғана дамып келе жатыр десек болады.
Әр адамның үлесі маңызды
Бүгінде бізде қалдық шығармай жұмыс істейтін бірде-бір қызмет түрі жоқ. Ең таза деген ірі қалалар, тіпті ауылдар да қоқыстың астында қалды. Бұған дейін ауылдардың барлық қажеттіліктері жергілікті жерде шешілетін. Қазір урбанизация ауылдық жерлерге де еніп кетті. Қазіргі кезде балшықтан жасалған қыш құмыралар жойылып, олардың орнын пластикалық ыдыстар басып жатыр. Қаладағыдай ұялы телефондар, мотоциклдер және басқа да заманауи бұйымдар ауылдарда да бар. Демек, қала мен ауылдағы қоқыс көлемінің айырмашылығы жоқ. Қоқысты сұрыптау мәдениетін күнделікті тұрмыстағы дағдымызға енгізетін кез келді. Әр адам өз үйінің айналасын таза ұстауы міндет.
Біз қоғам ретінде ысырапшылдыққа немқұрайлы қарамай, қоқысты оңды-солды тастау әдетінен арылуымыз керек. Сонымен қатар халық арасында мынадай бір жаңсақ түсінік бар. Қоқысты тек арнайы қызметкерлер тазалауы керек деген. Бұл ой мүлдем дұрыс емес. Үйінің айналасындағы қоқысқа әрбір адам өзі жауап беруі тиіс. Бұл өзгеріс бүкіл қоғамның санасына енуі керек. Сонда ғана біз қоқыссыз қоғам болуға белсенді қадам жасай аламыз.
Түйін Сіз мән бермеген бір қоқыс ертең үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Ал керісінше, бүгін жасалған кішкентай игі іс болашаққа үлкен пайда әкеледі. Тазалық – мәдениеттің белгісі. Ал мәдениетті қоғам ешқашан қоқысқа көмілмейді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















